Accessibility links

Марат Жыланбаевтың жүрек соғысы төмендегені айтылды


Белгілі марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаев сот залында тұр. Азаттық архивіндегі фото.
Белгілі марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаев сот залында тұр. Азаттық архивіндегі фото.

Ақмола облысы Степногорск қаласындағы абақтыда 7 жылдық жазасын өтеп жатқан марафоншы, "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ лидері Марат Жыланбаевтың жүрек соғысының күрт төмендегені айтылды. Бұл турлы 11 желтоқсанда Азаттыққа оның қызы Азия Жыланбаева хабарлады.

Оның сөзінше, Марат Жыланбаев қыздарының біріне қоңырау шалып жағдайының нашарлап тұрғанын, пульсі 42 болғанын жеткізген.

– Әкемнің аштық жариялағанына бүгін отызыншы күн. Ол тек су ішеді. Яғни, ол қайнамаған суық су ішуге мәжбүр. Әкем кінәсіз болғандықтан да күресін тоқтатпайды. Мен әділдік талап етемін. Оның түрмедегі тамақ туралы, басқа да талаптарының бәрі – заңды талаптар, – деді Азия Жыланбаева Азаттыққа.

Марат Жыланбаев отырған №4 түрменің басшысы Қанат Тұлақов телефонын көтермеді. Ал түрме кезекшісі аға лейтенант Мұқашев "Жыланбаев дәрігер шақырмағанын" айтады.

– Егер оған дәрігер керек болса шақырар еді. Ол тірі. Одан барып "дәрігер керек пе?" деп сұрағанда "жоқ" деп жауап берген, – дейді Мұқашев.

Түрмеде отырған Марат Жыланбаев өзіне қатысты шыққан үкімге наразылық ретінде 13 қарашада аштық жариялаған. Бұл – Жыланбаевтың сотталғаннан бергі бесінші аштық акциясы. Бұған қоса, ол 15 қарашадан бері тәртіптік оқшаулау камерасында отыр.

Түрме бастығы Қанат Тұлақов Азаттықтың жазбаша сауалына бұған дейін "Жыланбаев түрме әкімшілігіне сот үкіміне келіспейтінін айтып, тамақ ішуден бас тартатыны туралы өтінішпен жүгінді" деп жауап жолдаған. Сол жауабында Тұлақов "Жыланбаевқа медициналық көмек қажет емес, денсаулығы қанағаттанарлық" деген еді.

Оппозияциялық белсенді Степногорск түрмесіндегі санитарлық жағдайдың нашарлығын, тамақтың дұрыс берілмейтінін, адвокаты мен достарына қоңырау шалуға тыйым салынғанын жиі айтып, шағымданып келеді. Ол түрме қызметкерлерінің басқа сотталушыларды өзіне қарсы қойғанына алаңдайтынын, өмірі үшін қауіптенетін де мәлімдеген.

Түрме бастығы Қанат Тұлақов сотталушылар тарапынан болған қауіпті растап, "алдын ала білсек реакция жасаймыз, бірақ [басқа сотталушы] оған (Жыланбаевқа – ред.) кез келген сәтте келіп қалуы мүмкін" деген еді.

Марат Жыланбаев 2023 жылы мамырда Қаңтар оқиғасын ашық тергеуді талап етіп, наразылыққа шыққаны үшін "заңсыз митингіге шығу" бабымен әкімшілік қамауға алынған. Әкімшілік жаза мерзімі біткен соң марафоншыға "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағып, оны тергеу изоляторына қамаған. Жыланбаевқа Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысының мүшелерімен байланысы болғаны үшін айыптар тағылған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

2023 жылы қарашада Марат Жыланбаев жабық сот процесінде шыққан үкім бойынша жеті жылға түрмеге қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG