Башқұртстанның сыралғы жетекшісі, осы елді 1993 жылдан бері билеп келген 76 жастағы Мұртаза Рахимов тағынан түсті. Енді бұл аймаққа "РусГидро" компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Рустэм Хамитов уақытша жетекшілік етеді.
Мұртаза Рахимовке Мінтемір Шәймиев секілді ешқандай қызмет те ұсынылған жоқ. Федералдық, аймақтық биліктен құралақан қалған көсем осылайша ың-шыңсыз зейнетке шықты. Солай бола тұрса да, Ресей Президенті Рахимовты І дәрежелі «Отан алдындағы еңбегі үшін» орденімен марапаттады.
Қарт саясаткер отставкаға кетерден бір күн бұрын Башқұр Құрылтайы республиканың отставкаға шығар басшысына қатысты жеке бас, мүліктік және қаржылық кепілдік берер заңды үш оқылымда қабылдап үлгірді. Осылайша, қолсұғылмаушылық мәртебесін иеленген Мұртаза Рахимов енді 750 мың рубль көлемінде зейнетақысын алып, тыныш өмір сүретін болды.
Башқұр елі мен осы мемлекеттің жаңа басшысын нендей өзгерістер күтіп тұр?
Бұл туралы және өзге де өзекті мәселелерді Азаттық радиосының кезекті отырысында Дүниежүзілік башқұрлар құрылтайының төрағасы Азамат Ғалин, белгілі қоғам қайраткері Айрат Ділмухаметов, философия ғылымдарының докторы Фаниль Файзуллин және экономика ғылымдарының докторы Елдар Зұлқарнай бастаған сарапшылар талқыға салды.
Дөңгелек үстелдің модераторы – «Азат Еуропа»/ «Азаттық» радиосы Қазақ редакциясының қызметкері Сұлтан-Хан Аққұлұлы.
"ДЕМОКРАТИЯ БАШҚҰРТСТАНДА БОЛҒАН ЕМЕС. АЛ ФЕДЕРАЛИЗМ 2000 ЖЫЛЫ ҒАЙЫП БОЛДЫ"
Жүргізуші:
- Бірқатар ресейлік ресми басылымдар башқұрт елінің жаңа басшысы кім боларын бүгіннің өзінде үлкен сеніммен айтып жатыр. Енді бұл мемлекетті "РусГидро" компаниясының топ-менеджерлерінің бірі Рустэм Хамитов басқарады деген сөз бар.
Башқұрт үкімет басшысына үміткерлікке ұсынылған Раиль Сарбаевтың кандидатурасын Кремль өткізбей қойғанға ұқсайды. Мәскеудегілер Сарбаевты ұлтшылдардың бүліктеріне қатысы бар ұйымдастырушы ретінде көреді.
Ал Рустэм Хамитов кремльдік басылымдардың дерегінше, Башқұрстанның ішкі топтарымен аралас-құраластықтан таза адам. "Московский комсомолец" Рустэм Хамитовтың жартылай башқұрт, жартылай татар екені маңызды фактор деп есептейді. Өйткені, ұлттық мәселе шиеленісіп тұрған елде мұндай мәселені ескермеуге болмайды дейді басылым.
Орыс басылымдары жағдайдың бұлайша күрт өзгеруіне маусым айында өткен башқұрт халқының құрылтайы себеп болғанын ашық айтады. Экстремистік ұрандармен ашылған бұл алқалы жиыннан кейін ұлтшылдық бақылаудан шығып кетуі мүмкін деген қатер пайда болыпты-мыс.
Құрметті қонақтар, башқұрт экс-президенті Мұртаза Рахимовтың мерзімінен бұрын орынтағын босатуына не себеп болды? Файзуллин мырза, алдымен сөз кезегін сізге берсек.
Фаниль Файзуллин:
- Соңғы кезде федералдық органдар тарапынан ұлттық-аумақтық бөліністерге қатысты үздіксіз шабуыл жиілей бастады. Өйткені, билік бұтағы біртіндеп нығайып келеді, бірақ, біз демократиялық ұстанымдардан алшақтап барамыз. Егер біз Ресейді федеративті мемлекет деп санайтын болсақ, онда бұл – ұлттық республикалардың ерікті түрде, конституциялық негізде ұйысқан ерікті одағы.
Егер біз осы демократиялық принциптерді сақтамайтын болса, онда барлығы да орталықтың бұйрығына бас иетін болады. Онда федерализм туралы айтудың өзі артық шығар? Біз федерализм принциптерін нығайтуға күш салуымыз керек. Өйткені біз, биліктің әрбір тармағының өзара әрекетін келісіп алдық қой. Сондықтан, бұл уағдаластық сақталуы тиіс. Егер жағдай бұлай болмаса, онда біз нақты шешім қабылдап, осыған сай әрекет етуіміз керек.
Мен ұлттық республикалардың Атазаңын Ресей Конституциясына сәйкестендіру үдерісіне тоқтау қою керек деп санаймын. Жалпы алып қарағанда Ресей Конституциясы, менің ойымша, ұлттық республикалардың Атазаңы қабылданып болғаннан кейін ғана мқұлдануы керек. Және бұл конституция ұлттық республикалардың басты заңында көрсетілген ерекшеліктердің барлығын да ескеріп, түйткілді тұстарды басшылыққа алуы тиіс. Сонда ғана бұл қадам демократиялық және федеративтік қағидаттардың орындалуына ықпал етер еді.
Ал Мұртаза Рахимовқа келер болсақ, оның келесі мерзімге қалмайтынын, отставкаға кетенінін күні бұрын айтты. Бұл жағдайда жасы шау тартқан, биліктің белді тармағын басқарған қарт адамға федералдық органдар қолайлы жағдай жасап, оның орнын басар кадрлерді дайындау ісін біртіндеп жүзеге асыруы керек еді. Мен мұндай білікті басшылар өзімізде де бар деп ойлаймын. Төрт миллионға тарта тұрғыны бар халық ішінен таланты да, талапты жандар әлбетте табылады. Бірақ, бұл азаматтар ең алдымен осы республиканың өкілі болғаны жөн. Ол алдымен өз халқын сүйетін патриот болуы тиіс. Егер жаңа басшы өз отанын сүймесе, онда билік федералды органның дегенімен жүріп-тұруға ыңғайлана бастайды. Сол себепті де, республикада соңғы кезде орын алып жатқан оқиғалар кездейсоқтық емес деп ойлаймын.
Елдар Зұлқарнай:
- Соңғы кездері орталық федералдық БАҚ-тар біздің Башқұртстан республикасына көңіл бөлуді жиілете бастады. Жәй көңіл бөліп қана қоймай, республика президентіне қатысты түрлі көзқарас туғызар әрекеттерге барды. Меніңше, осының барлығы да федералдық деңгейдегі менеджменттің нашарлығы. Президентті тағайындау жұмысы (меніңше, осының өзі дүдамал түсінік, өйткені өзгелер президентті сайласа, бізде олар тағайындалады) бізде былай жүреді, Ресей президенті үміткерді ұсынады, ал жергілікті заңшығарушы орындар, біздің жағдайымызда Башқұртстан Құрылтайы бұл ұсыныспен келісетін немесе келіспейтінін айтуы керек.
Қазіргі жүйе бойынша федералдық орталықтың басты бағыты осындай. Мұндай жағдайда отырған Башқұртстан халқы қаншалықты қыспақ көрсе де, өзінің тілегін білдіріп көруге ұмтылды. Сондықтан, біздің жергілікті элита интеграциялық жолмен башқұрт халқының қалауына сай үміткерді ұсынады.
Ал БАҚ-тар бастаған бәлелі дау Мәскеудің қалыптасқан осы ахуалға да қанағаттанбайтынын көрсетіп отыр. Олар тіпті қысымға ұшыраған халықтың өз көсемін өзі сайлап алуына да жол бергісі келмейді. Сондықтан, мен осы мәселеге келгенде, федерализм принциптерін таратып айтып берген Файзуллин мырзамен толық келісемін. Егер Ресей іс жүзінде федеративті мемлекет болған жағдайда, онда Башкұртстан халқының көшбасшысының кім екендігі оңай анықталар еді.
Республика басшылығына жасалған қысымды халықтың болашағына жасалған қыспақ деп бағалауға болар.
Айрат Ділмұхаметов:
- Мен башқұрлардың мемлекеттілігі жолында біраз еңбек еттім. 1993-жылғы Башкирия Конституциясы мен Президенттік институты енгізу жолындағы ұсыныстар мен жобаларды дайындауға қатысқан авторлардың бірімін. Мұны былай қойғанның өзінде экстремизм үшін екі реет сотталғаным тағы бар.
Сіздің сауалыңызға келер болсақ, құрметті академиктердің қандай республикада өмір сүріп отырғаны түсініксіз болып қалды. Олар федерализм, демократия деп желеулеткен терминдерді қайдан тауып алғанын біле алмай қойдым. Бізде демократия да, федерализм де жоқ. Демократия Башқұртстанда ешқашан болған емес. Ал федерализм 2000 жылдан бері ғайып болды. Біздің конституцияны Мәскеу емес, Президент Рахимовтың ұсынысына бас иген башқұрт парламентарийлер өзгертті.
Рахимовтың отставкасы нені білдіреді? Рахимовтың мерзімі біткені айдан анық нәрсе. 76 жасқа келгенше күш-қуаты бойынан қайтпаған, миы тың идеяларға толы адам Құдайдың жерге жіберген пайғамбар секілді өкілі болмаса, ел басқаруы да ақылға сыйымсыз нәрсе. Мұндағы айтпағым, Муртаза Рахимов елді басқара білетін ізбасарды тауып, дайындауы керек еді. Бұған оның уақыты жеткілікті болды. Талапты да, талантты азаматтарды баулуға болатын еді. Бірақ, өкінішке орай, мұның бірі де жасалған жоқ.
Ал келесі үміткерге келер болсақ, қазіргі жағдайда біз оның кім екендігін де толық білмейміз. Халық ештемені де шеше алмайды. Бұл үшін күресу керек, өз пікірімізді тыңдата білуге қол жеткізуіміз керек. Тек сөзбен шектелмей, нақты әрекет жасауымыз керек. Тәуекелге бас тігіп, түрмеге түсуден де тайынбауымыз керек. Егер осы үшін түрмеге тықса, құтқаруға әзір болғанымыз абзал.
Рахимовтың отставкасы, бұл – заңды нәрсе. Бірақ, бұл істің әлдеқашан уақыты жетті. Рахимовтың өзіне және отбасына қатер төнбейтіні, қаржылық жағдайы сақталатынын кепіл еткен әміршіл билік белгілі бір уағдаластыққа келді. Рахимов отставкаға кетті, артында халқы қалды. Енді былыққа белшеден батқан «Авгийдің ат қорасын» тазартуға қабілетті адам билікке келе ме? Олардың әлде Хабиров, әлде Хамитов әлде Сафин болатынын біз білмейміз, бір нәрсе ғана анық. Ол жаңа басшының үлкен қиындықтарға кезігетіні.
Жаңадан келген адам өзінің беделін мойындатқысы келеді. Егер ол сайланбай, құр тағайындала салған болса не істеу керек? Ол жақсы адам болса да, оған сенім көрсетілмейді, сайлаушылары да қолдау білдірмейді. Мұны пайыздық көрсеткішпен есептеу де қиын нәрсе. Тіпті сайлау бола қалған жағдайда да, оның заңды түрде, демократия принциптеріне сай, әділ өтетініне күман мол. Өйткені, мұндай нәрсе бізде болған емес.
Сондықтан, ендігі қалауды халықтың өзі білдіруі керек. Ендеше башқұрттар өздерінің халық екендігін, айдағанға көнетін қой еместігін білдіріп, онысын дәлелдей білуі керек. Ел мүддесін қорғамақ болғандардың өздері бізді талан-таражға ұшыратты. Мысалы, башқұрдың отын-энергтика кешені талауға түсті, қолды болды. Ал мен бұл байлық біздің халқымызға, сіз бен бізге, отбасымызға, туыстарымызға тиесілі деп санаймын. Ал басқалар бұлай деп ойламайды. Сондықтан, біз өзіміздің азат ұлт екендігімізді дәлелдеуіміз керек.
Башқұрт халқының үшінші әлемдік құрылтайынша көптеген маңызды мәселелер айтылды. Бірақ, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Өзінің батыл пікірін баяндамасында ашып айтқан Азамат Ғалин ақырында жалғыз өзі қалды. Сонда қалғандары қайда қарап отыр? Ешкім де ләм-мим демеді. Сонда қалай болғаны? Ортақ мүддеге ұлттың өзі ұйыспаса ешкім біз үшін бас ауыртпайды. Сондықтан, құрдымға құлдиламас үшін көзімізді ашып, келешекке қарауымыз керек. Бірақ, бұған башқұр халқының өз кінәлі, басқа ешкім де емес, өзімізді осы деңгейге дейін өзіміз түсірдік.
Мен өзім жігерлі адаммын, сондықтан, әлі де мүмкіндігіміз бар, ұтылсақ та, ұтуға болатын тұстар әлі бар. Бірақ, осы сөзіме үн қосатын азаматтардың бейқамдығынан қорқамын.
Азамат Ғалин:
- Шындығына келер болсақ, башқұрлардың үшінді дүниежүзілік құрылтайы, бұл Ресей Президенті Медведевтің «Вперед Россия!» мақаласына қарсы үн қатты. Бұл материалда Дмитрий Анатольевич азаматтық қоғам институттарын құрып, өз жобаларын ұсыну керектігін баса айтты. Бүгінде мұндай институттар Башкұртстанда жасақталған.
Мен Елдар Зұлқарнайдың пікірімен толықтай қосыламын, сондықтан, азаматтық қоғам құру жолындағы әрекетіміз негізсіз болмаса екен деймін.
БАШҚҰРТСТАННЫҢ ОРАЛ ӨЛКЕСІНЕ АЙНАЛУЫ МҮМКІН БЕ?
Жүргізуші:
- Құрметті қонақтар, келер болашақта Кремль Башқұртстанды көршілес аймаққа қосып, өлке құрмақ ниетте деген де ақпараттар тарап жатыр, осылайша, жаңа өлке Орал немесе Татар болып аталуы да мүмкін.
Путин билік құрған кезде мұндай жағдай болғанын ескерсек, Рахимовтың отставкасынан кейін бұл мемлекетті не күтіп тұр? Ендігі әрекет қандай бағытта өрбімек?
Фаниль Файзуллин:
- Бұл процестің қашан басталатынын дөп басып айту қиын. Егер бұлай болған жағдайда, онда біз ел ішіндегі унитарлық мемлекетті құру процесін күшейтуді қолға алуымыз керек. Әзірге, Ресей көпұлтты мемлекет болып тұрғанында өзіміздің ұлттығымызды күшейтуіміз керек. Ұлттық республикалардың нығаюы – Ресейдің күш алғанының белгісі. Осылайша, Башқұртстан Ресейдің доноры болып саналады, Біз Ресейге қуат береміз, әрі Ресейге қолдау көрсетеміз.
Егер жағдай осылай жалғаса берсе, онда біз ұлтаралық қатынасты реттеудің негізін қалаған қағидаттарға сызат түсіріп аламыз. Меніңше, Ресей Кеңес Одағы кезіндегі Жоғарғы кеңес секілді ұлттық палатаны қайта қалпына келтіруі керек. Ұлттық қатынастар министрлігін құрып, бұл салаға Ресейдегі аз халықтардың өкілдері басшылық еткені жөн болар еді. Егер бұлай етпесек, ассимиляцияға ырық беріп аламыз. Мұның немен тынары белгілі.
Ұлттық қатынастар министрлігін құрып, бұл салаға Ресейдегі аз халықтардың өкілдері басшылық еткені жөн болар еді.
Меніңше федерация - Рязань мен Тамбов областарының одағы емес. Федерация – ұлттық республикалардың еркін әрі ерікті одағы. Мұндағы облыс, өлке және ұлттық республикалар айырмашылығы жер мен көктей ұғымдар.
Философтар ХХ ғасырдың басында Ресей – орыстардың, финн-угор және түркі халықтарының бірлескен қосындысы деп жазған болатын. Біз осы бағыттағы ұстанымды дамыта отырып, көпұлттылықты сақтап, өркендетуіміз керек. Бірақ, халықтар ассимиляциясына жол бермеуіміз керек.
Айрат Ділмухаметов:
- Ресейдегі соңғы 15-20 жылда қалыптасқан жүйе күш алып келеді. 1993-жылы қабылданған федеративтік принциптің қазіргі билікті қанағаттандырмайтыны байқалып тұр. Сондықтан, соңғы он жылда бұл мәселенің қалай шиеленісіп келе жатқаны анық аңғарылуда.
Басқалардың мұны неге ескермейтіндігі менің жанымды ауыртады. Егер қазір өз талабымызды білдірмесек, кейін бәрі де кеш болады.
Бұл тақырып қазір кеңінен талқылануда. Ел ішіндегі интернет-ресурстар да бұл ашық айтыла бастады. Башқұртстан республикасының әу бастағы құрылымы теріс екендігі, және бұған ел билігінің жол бергендігі де жиі сөз болып жатыр. Кезінде өздері жіберген қателіктердің кесірін енді өздері тартып жатыр.
Мен өзіміздің мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін Ресейден сынық сүйем алда жүру керектігін айтып та, жазып та келем. Ал демократия, сөз бостандығы, жиын еркіндігі, сайлау әділдігі мәселесіне келгенде біз ешкімге есе жібермеуіміз керек. Бұл әлеуметтік салада да, денсаулықсақтау ісінде де солай…
Ал Кремльдің жоспары белгілі, ол – Башкұртстан республикасы мен Орынбор, Челябі облыстарын біріктіріп, ортақ меншік жасау.
Біз бай мемлекетпіз, бірақ, өз байлығымыз өзімізге бұйырар емес. Сондықтан, мақтануға тұрарлық дәнеңе жоқ дегім келеді. Ал Кремльдің жоспары белгілі, ол – Башкұртстан республикасы мен Орынбор, Челябі облыстарын біріктіріп, ортақ меншік жасау. Меніңше, бұл бірлестік құрылар болса, Оңтүстік Орал өлкесі болып аталуы әбден мүмкін.
Демократияның белгісі саналатын референдумда барлығы да бірігуді құптап дауыс берері анық. Менің есебімше, болашақта Оңтүстік Орал деп аталуы мүмкін бұл өлкеде он жарым миллион халық болатын болса, ондағы башқұрлардың үлесі небары 9-10 пайыздан аспайды, демек, "көп қорқытады, терең батырады", "жалғыздың үні шықпайтындығын" біз осы кезде ғана сеземіз. Сонда халықтың қандай екендігі, оның көсемі мен академиктерінің кім екендігін анықталмақ.
Елдар Зұлқарнай:
- Башкұртстаннның Челябі, Орынбор және Свердлов облыстарымен қосылып, Орал өлкесі атанатыны жайлы бастама тоқсаныншы жылдары Ресей ұлттық-аумақтық бөліністерге емес, әкімшілік-аумақтық бөліністерге негізделер кезде көтерілген болатын. Сол кезде ешқандай ұлттық этникалық республикалар болмайтыны, АҚШ-тағы секілді өлкелер мен облыстар ғана болатыны айтыла бастады.
Мен әлдебір Орал республикасының құрылу ықтималдығын сеземін. Бірақ, бұл әзірге мүмкін емес нәрсе.
Мен әлдебір Орал республикасының құрылу ықтималдығын сеземін. Бірақ, бұл әзірге мүмкін емес нәрсе. Егер федералдық орталық осындай өлке құрар болса, онда мұны тек башқұрларға ғана емес, татартлар мен солтүстік Кавказдағы республикаларға да пайдаланар еді. Бірақ, онда әміршіл орталықтың халық саны аз байырғы ұлттардың тегеурінді қарсылығына тап болуы мүмкін. Оның ақыры Ресейдің түпкілікті ыдырауына да әкеп соғарын жоққа шығаруға болмайды.
Меніңше, федералдық орталықтағылар оқиғалар желісінің бұлай өріс алуын жақсы біледі. Сондықтан, республикалардың Ресей құрамына сіңіп, жойылып кеткенін көздейді. Сол себепті, мұны тоқсан пайызға орындалмайтын жоспар деп бағалаймын.
Сонда бұл бастама неге негізделіп жасалып отыр? Бұл федералдық орталықтың басқарушы кадрлерге зәру екендігін көрсетеді. Қазіргі басшылар кешегі кеңестік басқару жүйесінің шәкірттері немесе осы мектеп түлектерінің ізбасарлары, ал олар барлық әсті командалық-әкімшілік жолмен ғана шешеді.
Бұдан бөлек Ресей олигархтарының да мүддесін ұмытуға болмайды. Олар елді билеуге ұмтылып, оппозицияны басып-жаныштауда. Ал Ресейдегі қазіргі оппозицияны тоқсаныншы жылдардағы азулы қарсылас деп айтуға және келмейді.
Жергілікті халыққа тиесілі байлықты қанталапайға салуға тырысқан күшке Ресейді мекендеген байырғы ұлттар қарсы тұрды, олар – башқұрттар, татарлар, солтүстік Кавказдың халықтары. Осы республикалар бетімен кеткен жекешелендіру мен жалпыхалықтық меншікке қол сұғылуына қарсы шықты.
Ельциндік дәуірдің псевдодемократтары аталған буынды олардың ізбасарлары мен алпауыт олигархтар алмастырды. Олар тоқсаныншы жылдары қалыптасып үлгірген болатын. Олар бұрынғысынша Ресей құрамындағы ұлттық қозғалыстарға түбегейлі қарсы. Сондықтан, Орал облысы секілді қандай да бір өлкенің құрылуы мүмкін емес деп санаймын.
Азамат Ғалин:
- Тоқсаныншы жылдары ұлттық республикалар Ресейдің тірегі бола білді, осылайша олар Ресейдің күйреуіне жол бермеді, мұны ұмытуға болмайды. Ал жоғарыдағы бірігуге келер болсақ, мұнда табиғи байлықты барынша қарпып қалуға ұмтылған олигарх ортасының пасық пиғылы анық байқалады.
Башқұрт отын-энергетикалық кешені сатылар кезде әлеуметтік міндеттемелер туралы тұтас бір келісім пакеті толтырылған болатын. Мен федералдық орталық осыны ескереді деген ойдамын.
Күні бүгін қаржылық дағдарыстың екінші толқыны елді есеңгіреткен кезде халқының саны аз ұлт Ресейдің өркениетке сай дамуына қатысты өз құқын қорғай алады дегенге сене алмаймын. Сондықтан, қазіргі күні Ресейді мекендеген халықтар конференциясын ұйымдастыру қажеттігі туындайды, мұндай жағдай бұрын соңды болып көрген жоқ. Ал осы түйткілді тұсты ескерген шенеунік немесе мемқызметшінің саяси ұпайы түгел болады деген ойдамын. Бірақ, бұл ой іске аспайтын жалаң ой секілді, оны біреу жылы жауып қойған да секілді.
Жүргізуші:
- Пікірлеріңізге көп рахмет. Амандықта көріселік.