КРЕМЛЬГЕ ҚАРСЫ СЫН
- Азамат Хұрматұлы, биыл башқұрт халқы автономиялық республиканың тоқсан жылдығын атап өтіп жатқан шақта, республика басшысы Рахимов орталықтың саясатын сынады. Рахимов демаршының астарында не жатыр?
- «Кук буре» қоғамдық қозғалысының интернет сайтындағы ақпараттар, сондай-ақ аталған ұйымның белсенділерімен әңгімелесу кезінде байқағаным, Башқұртстанның көпұлтты халқы республика төңірегінде өрбіген ақпарат соғысына кәдімгідей алаңдап отыр. БР президенті Мұртаза Рахимовтың өкілеттілігінің конституциялық мерзімі 2011 жылдың соңында ғана аяқталатындығына қарамастан, оның жақын уақытта отставкаға кетуі мүмкін екендігі туралы сыбыстар жиі естіледі.
Сондай-ақ, Башқұртстанда аса танымал емес тұлға, жұртшылықтың айтуларына қарағанда, петербургтық тұрғын үй-коммуналдық шенеунік Ю. Лукманов оның орнын басады-мыс деген де әңгімелер айтылып жатыр. Федералдық аймақта Петербург «кадр дайындау ордасы» болса болар, бірақ «Кук буре» қозғалысының белсенділері шеттен келген шенеуніктің Башқұртстан президенті ретінде тағайындалу мүмкіндігін Башқұртстанның конституциялық құқықтық субъективтілігінің ашықтан-ашық кемітілуі деп түсінеді.
Ал енді, бірқатар сарапшылардың топшылауынша, Башқұртстанның көпұлтты халқы – саяси тұрақтылықта, ал оның конституциялық еркіндігімен санаспаудың салдары жақсылыққа апармауы мүмкін. Елді конституциялық заңдылықтар және халық билігінің принциптеріне кереғар келетін әкімшілік әдіспен қалыптастыруға болмайды.
- Бірақ сіз, басқа елде тұрып жатып, Башқұртстанда не болып жатқандығы туралы қаншалықты хабардарсыз? Және Сіздің Башқұртстандағы жағдайға қызығушылығыңыз неге байланысты?
- Наурыздың 20-ында Уфа қаласында, Ресей және Башқұртстан үкіметтері арасында жасалған келісімшарттың 90 жылдығына орай, федерализм принциптеріне арналған жалпыресейлік ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Мен ұйымдастырушыларға «Башқұртстан Республикасының халқы: конституциялық құқықтық субъектілік дәстүрлері» атты мақаламды жолдадым.
Конференцияда бастапқы сөзді М.Г. Рахимов жасады. Ол Ресейдің федеративті мәртебесінің тарихи дәстүрлерін, сондай-ақ федеративтік құрылымда және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде конституциялық тәжірибенің орнығуындағы Башқұрстанның рөліне тоқталып өтті. Мұртаза Рахимов 90 жыл бұрынғы тарихи құжаттың ережелеріне сүйене отырып, Кремльдің федерализм принциптеріне қатысты саясатын өткір сынға алды.
Сонымен қатар, РФ Конституциясы және 1994 жылғы РФ және БР арасында уәкілетті өзара айқындау және жүргізу тәсілін шектеу туралы келісімде қамтылғандай, Ресей федерациясы және Башқұртстан республикасы билігінің мемлекеттік органдары арасындағы келісім процедурасының конституциялық регламенттеуді дамытудың және қайта қалпына келтірудің маңыздылығына аса мән берді. Ең алдымен, бірлесіп жүргізу мәселелеріне көңіл бөлінді.
Баяндамада РФ Мемлекеттік Думада аймақтардың ұсыныстары 7 пайыздан аз мөлшерде ғана ескерілетіндігі сөз болды. Орталық және аймақтар арасындағы келіспеушіліктерді шешудегі келісім тәжірибесі сақталмайды. Бюджеттік федерализм принципі бұзылып жатыр. Енді бұл конституциялық заңдылық және принцип мәселесі болудан қалды. Негізінен тек орталықтың мүддесі қаралады. Соның нәтижесінде Башқұртстанның ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) шамамен ¾ биліктің федералдық органдарының пайдасына орай бөлінеді. Бұл ауылдық және қалалық елдімекендердің басым көпшілігінің дотацияда болуына әкеп соқтыруда. Жергілікті өзін өзі басқарудың конституциялық принциптері бұзылып жатыр.
ТІЛ МЕН ДІНГЕ ҚАРСЫ ҚИЯНАТ
- Осыдан 90 жыл бұрын, большевиктік үкімет және Башқұртстан үкіметі арасында келісімшартқа қол қойылмағанда, тарихи жағдай басқаша өрбуі мүмкін бе еді? Сол кезеңдегі құжатқа арқа сүйеу қаншалықты дұрыс?
- Шын мәнінде, 1919 жылдың басында Ленин басқарған большевиктік Үкімет қиын жағдайда еді. Башқұрт үкіметінің күресуге лайықты ұлттық әскери құрылымы бар болатын. Башқұрт полктарының мемлекеттілік автономияның мойындалуының қарымтасына Қызыл Армияның жағына өтуі азаматтық соғыс майданындағы жағдайды түбегейлі өзгертті. Колчак көтерілісі басылды. Петербургке қарай бағыт түзеген башқұрт полктары арқасында Юденич басқыншылығының беті қайтарылды және кейін олар оңтүстік майданға Деникинге қарсы бағытталды. Сондықтан көпұлтты Башқұртстан халқы федерализмнің келісімшарт принциптерін қолға қару ұстаумен сақтады.
Бірақ кейінірек большевиктер іс жүзінде келісімшарт міндеттерін бұрмалап жіберді. Ұлттық мамандардан тұратын Башревком тұтқындалды және атылды. Ұлттық қозғалыс белсенділері Орта Азияға қарай шегінді, сол жерде басмашылардың көтерілісіне қатысты. Заки Валиди Тоған «большевиктердің ең пасық қиянаты - тіл мен дін негізінде жүргізіледі» деп ескерткен болатын. Солай болып шықты. Мешіттердің саны күрт қысқартылды, дәстүрлі мәдениеттің жолын қию мақсатында ұлттық әліпби өзгертілді. Коммунистердің террорлық үкіметі ондаған жылдарға созылды. Ұлттық тіл кепілін қамтамасыз етудегі жаңа шектеулер және РФ федералдық органдары тарапынан діни протекционизм осындай жаман бағытта дамиды деп ойлағым келмейді.
- Ал, сіз заңгер және адвокат ретінде, ұлттық тілді дамыту кепілі мен ар-ождан бостандығын шектеу деп нені айтар едіңіз?
- РФ Конституциясының 72-ші бабына сәйкес, тәрбие және білім беру РФ және аймақтардың, оның ішінде Башқұртстан республикасының, мемлекеттік билік органдарының бірлесіп жүргізу түріне жатады.
Алайда өткен жылы РФ Мемлекеттік Думасы келісім процедураларын жүргізбестен және аймақтардың ашық түрдегі қарсылығына қарамастан, біржақты тәртіп негізінде мектептерде ұлттық тілдерді үйренуге арнлған аймақтық білім беру қаулысын жою туралы федералдық заңды қабылдады. Тек Башқұртстанда ғана республика мектептерінде 15 тіл үйретілетін, 6 тілде білім беру жүргізілетін. Енді соның барлығын жою керек пе?
М. Рахимов конференцияда жасаған баяндамасында тіл – ұлттық дәстүрді, мәдениетті және адамгершілікті сақтаудың басты құралы екендігін атап көрсетті. Тіл болмаса халық та болмайды. Ана тілі мен әдебиетті үйретуді біртіндеп шектеу – Ресейдің жергілікті халықтарының құқығын өрескел бұзғандығы болып есептеледі.
Өкінішке қарай, жоғарыда айтылып өткен қыңыр тәжірибе ұлттық тілді дамыту кепілі мәселесімен ғана шектеліп қалмайды. РФ Конституциясының 14-ші бабына сәйкес, Ресей – зайырлы мемлекет. Ешқандай дін мемлекеттік немесе міндетті сипатқа ие бола алмайды. Діни ұйымдар мемлекеттен бөлек және заң алдында тең. Башқұртстан – полиэтникалық ел.
Мемлекеттік билік тәжірибесі Башқұртстанда мемлекеттің діни ұйымдардан бөлінуі конституциялық принципін сақтаудың жарқын мысалы бола алады. Сондықтан бірқатар саяси күштердің мектептерде православие ықпалын арттыру бағытындағы талпыныстары елдің біртұтастығына ұмтылатын, жауапкершілігі мол саяси және мемлекеттік қызметкерлердің кері реакциясын туғызбай қоймайды.
Мысалы, президент Рахимов тұрғындары көпұлтты, сан ғасырлық мәдениеті бар және конфессиялардың тіршілігіне толерантты елде православиенің федералдық протекционизмінен қауіп бар екендігін әділетті түрде атап көрсетті. Мұндай жөнсіз әрекеттер басқа да діни сенімдерді ұстанатын жұртшылық арасында теріс әсер туғызады және радикализмге соқтыруы мүмкін. Керісінше, ар-ождан және діни наным-сенім еркіндігі, ұлтаралық мәдениет және конфессияаралық қарым-қатынастар – жалпы мемлекеттің және барлық халықтардың игілігі, тұрақтылығы мен күшінің қайнар көзі екендігін атап айтты Башқұртстан президенті М. Рахимов.
- «Кук буре» қоғамдық қозғалысы М. Рахимовты қолдай ма, әлде оған қарсы ма?
- «Кук буре» қоғамдық қозғалысы саяси партия болып саналмайды және Рахимовқа, сондай-ақ, басқа да саяси тұлғаларға қолдау көрсетпейді. Пикеттің мақсаты – Башқұртстан республикасы президентін сайлау мүмкіндігі мен федерализм принциптерін жақтау. Осылайша, «Кук буре» адам құқығын қорғаушы және конституциялық заңдар аясында жұмыс істейтін легитимді қоғамдық қозғалыс.
Наурыздың 28-іне жоспарланып отырған пикет – Башқұртстан республикасын, елдің конституциялық құрылымын қорғауды көздейтін патриоттар акциясы болмақ.
- Сіз, Қазақстанда тұрып жатқан башқұрт ұлтының өкілі ретінде ұлтаралық саясаттың қазақстандық тәжірибесін қалай қабылдайсыз?
- Мен Қазақстанда 3 жасымнан бастап өмір сүріп келе жатырмын және қазақстан халқы мен үшін конституциялық тезис қана емес, бірінші кезекте қарапайым шындық. Біздің отбасы Башқұртстанмен арадағы қарым-қатынасын ешқашан үзген емес және біз башқұрттардың «Салават» мәдени орталығының қызметімен тығыз байланыстамыз. Тәжірибелі адвокат ретінде айтарым, Қазақстан соттарында ұлтына байланысты дискриминация деген атымен жоқ.
Қазақстан халықтары Ассамблеясы институтына мемлекеттік маңыз берілуін мемлекет басшысы, еліміздің жауапты саяси және қоғам қызметкерлері жақсы түсінеді. Қазақстанда башқұрттар аз екендігіне қарамастан, башқұрттардың мәдени ұйымдасуы, тілі мен мәдениетін дамыту бастамасы қолдаусыз қалмайды деп есептеймін. Тоталитарлық ескілікті артта қалдырып, ұлттық мәдени дәстүрлер негізінде демократия құрудың уақыты келді.
- Азамат Хұрматұлы, сұхбатыңызға рахмет.