Accessibility links

Орталық Азия университеттеріндегі жемқорлық ұлттық трагедия сипатын алуда


Ашхабадтағы Түркменстан мемлекеттік университетінде қабылдау емтиханы жүріп жатыр. 3 тамыз, 2009 жыл.
Ашхабадтағы Түркменстан мемлекеттік университетінде қабылдау емтиханы жүріп жатыр. 3 тамыз, 2009 жыл.

Орталық Азия жоғарғы оқу орындарында мұғалімдердің студенттерден пара алуы қалыпты құбылысқа айналып кеткендей. Соның салдарынан қоғамда шала сауатты мамандар қаптап кетті.

Орталық Азия университеттеріне оқуға қабылдану үшін үміткер қомақты пара беруі тиіс. Содан кейінгі оқу барысында да олар жақсы баға алу үшін кезекті параларын төлеп жатады.

Түркмендер мұндай заңсыз ақша ұсыну үдерісін - "рақмет айту" деп атап кеткен екен.

Мұнда тіпті жоғарғы оқу орындарының сипатына қарай оған төленетін паралардың бейресми тізімі де бар екен. Ол шамамен 600 доллардан 15 000 АҚШ доллары арасында өзгеріп тұрады.

Түркменстан талапкерлерінің төлейтін заңсыз төлемі сол оқу орынына таласатын оқушылардың санына қарай өсе түседі екен. Кейбір университетке түсу құны 40 мың долларға жететін боп шықты.

Егер болашақ мамандығы жақсы табыс әкелетін болса, студент пара ретінде солғұрлым көп ақша төлеуге мәжбүр. Заң университеттері аймақтағы сондай қымбат оқу орыны боп есептеледі екен. Себебі, азаматтардың түсінігінде заңгерлердің табысы көп деп есептеледі.

Ош университетіне баласы түсетін Әлімбек ата мұндай жағдайды өмір шындығы деп қабылдайды екен.

Оқу жүйесіндегі сыбайласқан жемқорлық - соңғы жылдары Орта Азиядағы саяси пікірсайыстардың басты тақырыбы боп келеді.
Алайда өзгеріс болар емес.

Жоғарғы оқу орындарының мұғалімдері студенттердің лекцияларға тұрақты түрде қатыспайтынын, сабаққа әзірленбейтіндерін айтып, шағымдануда.

Ал, шынтуайтына келгенде, ондай студенттер ставка деп аталатын ақша көлемін төлеп қойып, сессиядан сессияға секіріп жүргенді жеңілірек көретін боп шықты.

Қырғызстанның Ош медицина университетінің студенті Эмиль Сарыбаевтің пікірінше, осындай тәсілмен оқу оқыған студент ертеңгі күні сырқат адамды жазбай, керісінше оның өліміне себепкер болуы мүмкін.

Орталық Азияда қазірдің өзінде талай азаматтар жергілікті, әсіресе медицина университеттерін бітірген мамандарға сенімдерін жоғалтқан. Сондықтан олар сырқаттана қалған жағдайда егде жастағы, әрі көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлерге немесе шетелде білім алып келген жас мамандарға көрінуді жөн санайды.

Білім беру саласының ресмилері бұл саладағы сыбайласқан жемқорлықпен күресіп келе жатқандарын айтуда. Сөйтіп аракідік парамен ұсталған мұғалімдердің ісін заң орындарына тапсырып қояды. Алайда ондай қадамдар проблеманы шешер емес. Қазіргі жемқор кадрлар мен білім беру саласындағы ресмилер орындарынан кетпейінше бұл түйін шешілмейді дейді сарапшылар.

Сондай-ақ мұғалімдердің айлық жалақысын өсіру арқылы аталған келеңсіз жайттан құтылуға болады дейді олар. Орталық Азия университтері профессорларының айлық жалақылары қазіргі кезде 70 доллар мен 400 доллар арасында екен. Мұндай жемқор саланың кесірі тұтас қоғамның болашағына кері әсер етуде.

Шала сауатты мамандар қаптаған қоғамда, қолында ақшасы жоқ, білімді де талантты балалар университет табалдырығынан аттай алмастан, қара жұмыстарға жегілуге мәжбүр болуда.
XS
SM
MD
LG