ЖАРАҚТАНДЫРУ ІСІНДЕГІ БАСЫМДЫЛЫҚ
Астана Қазақстанға әскери техниканы жеткізіп берушілер қатарын кеңейтуге талыпыныс білдіріп жатыр деп жазады «Евразиянет» сайты. Аталған салада бұрындары Ресей монополиялық түрде үстемдік жүргізіп келген болатын. Бұл таяуда Қазақстан ұйымдастырған қару-жарақ көрмесінде белгілі болды.
Дегенмен, Астананың ел армиясын Батыстық үлгідегі техникамен жарақтандыруға қатысты ниетінің байсалдылығы күмән туғызады. Қазіргі Қазақстан армиясы негізінен ССРО кезінен қалған көне техникамен жарақтанған. Елдің әскери бюджетіне де соншалықты бір қыруар қаржы бөлінеді деуге келмейді: 2010 жылы жаңа техниканы сатып алуға бюджеттен 60 миллион доллар шамасында ғана қаражат бөлінген. Әйтсе де, Қазақстан өз алдына ел армиясын ең жаңа қару-жарақ және технологиямен қайта қаруландыру жөніндегі айбынды мақсат қойып отыр деп атап көрсетеді онлайн-басылым.
Қазақстан мұнай сатудан қыруар пайда тауып жатыр әрі келер онжылдықтарда бұл табыстың көлемі өседі деген жанды болжамдар жасалып отыр. Астананың осыбір қаржылық мүмкіндігі Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған KADEX атты қару-жарақ көрмесіне көптеген алдыңғы қатарлы қару-жарақ мердігерлерінің қатысуына түрткі болды. Көрме Астанада 26-29 мамырда өтті.
Әлемнің әр түрлі елдерінен келген компаниялар аталған көрмеге қатысты. Олардың арасында израильдік Israeli Aerospace Industries, Elbit пен Israeli Military Industries, американдық Raytheon мен General Dynamics, Түркиялық Aselsan мен Roketsan, Италиядан Finnmeccanica, Франциядан Thales пен MBDA, Қытайдан NORINCO және Оңтүстік Кореядан Samsung компаниялары да болды.
Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов ел армиясын қайта жарақтандыруда кейбір бағыттарға ерекше басымдық беріліп отырғанын айтады. Олардың ішінде артиллериялық жүйелердің дәлдігін арттыру; танкілердің, бронды техниканың басқа да түрінің, тікұшақтардың жаңартылған үлгілерін сатып алу енеді. Сонымен қатар, жаңа пилотсыз ұшу аппараттары, республика флотына арналған кемелер, компьютерлендірілген оперативтік басқару жүйелерін сатып алу да көзделген.
АСТАНАНЫҢ ҰТЫМДЫ ОЙЫНЫ
«Дамыған елдермен әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытудың маңызы үсті-үстіне өсіп келеді», – деп мәлімдеді Қазақстан қорғаныс министрлігі шенеунігі Талғат Жанжүменов.
«Олар өздеріне қару жеткізіп берушілердің қатарын алуандатуға ұмтылады. Бұл ұмтылыс әскери жеткізілімдерді ғана емес, барлық саладағы жеткізілім түрлерін қамтиды. Бұл олар үшін ерекше бір саяси мүмкіндік, осы нәрсені білу арқылы бұл елдің сыртқы саясатына қатысты көп нәрсенің мәнін тереңірек аңғаруға болады. Аталған жол – қазақтардың тәуелсіздігін нығайтар белсенділіктің құрамдас бөлігі», – дейді бұрын АҚШ мемлекеттік департаментінде қызмет істеген, қазір General Dynamics фирмасында еңбек ететін Виктор Якович.
Көрмеге қатысып, өз өнімін жарнамалаған көптеген шетелдік компания өкілдері бұл әрекет өздерінің Орталық Азия нарығына алғаш рет аяқ басуы болып табылатынын тілге тиек етті. «Біз бұл жерге нарықты зерттеп, алдағы уақытта мұнда қандай мүмкіндік болады, соны саралау үшін келдік», – деп мәлімдеді General Dynamics фирмасының аймақтық сату жөніндегі директоры Томас Корнер.
«Біз көршіміз, – деп атап көрсетеді қытайлық NORINCO фирмасының маркетологы Ли Зиминь. – Алайда, біздің ынтымақтастық енді ғана жаңадан басталды. Қазір оны жетілдірудің жолдарын іздестіріп жатырмыз».
Ресейден келген шенеуніктер Қазақстанға қару сату саласында өз елінің монополиялық үстемдік құрған заманының күні өткенін мойындап отыр.
«Қазақстан енді тәуелсіз мемлекет болып табылады, – дейді Қырғызстанның бұрынғы қорғаныс министрі, ал қазір «Рособоронэкспорт» кәсіпорыны басшыларының бірі Есен Топоев. – Біз оларға ықпал ете алмаймыз... Бүгінде бәрі бәсекелік күрес нәтижесінде шешіледі».
Құзіретті адамдар, дегенмен, Қазақстанның әскери техникасының басты бөлігі әлі бірталай уақыт бойы ресейлік болып қала беретінін тілге тиек етеді.
Қазақстан қорғаныс министрлігінде ел армиясын ең жаңа қару-жарақпен жарақтандыру мәселесін шешудің жолын таңдауға қатысты екі бөлек пікір ұстанған екі топ айрықшаланып отыр. Олардың бірі ел армиясын ең жаңа, әлемдік стандартқа сай болатын технологиямен (яғни батыстық техникамен) жарақтандыруды дұрыс дейді, ал екіншілері аталған салада Ресей техникасын алда да ала беру керек деген пікір айтады, деп жазады «Евразиянет».
«Қорғаныс министрлігінде аталған мәселеге қатысты жікке бөліну бар, – деп атап көрсетеді Elbit компаниясының халықаралық маркетинг пен коммерциялық даму бойынша атқарушы вице-президенті Жакоб Гадо. – Ондағы адамдар совет техникасы негізінде тәлім-тәрбие алған, ал ел болса Ресеймен тығыз байланыс ұстап отыр. Бұл ахуал, мүмкін, біртіндеп баяу да болса өзгеретін болар, кім біледі».
ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНДЕ САРАПШЫЛАР ТАПШЫ
Осы салада Ресей өніміне өзінің тәуелділігін ең құрымағанда жарым-жартылай болса да еңсеруге Қазақстан мүдделілік танытып отыр, деді өз аты-жөнінің жариялануын қаламаған аталған қару-жарақ көрмесіне қатысушы тағы бір маман. «Олар Ресей, Батыс және Қытаймен екі ортада теңгерім табуға ұмтылып отыр. Бұл дұрыс та – олар Кореядан кеме, Франциядан радио, Ресейден әуе қорғанысының жүйесін алады. Мәселен, Грузиямен салыстырғанда бұл өте ақылды саясат. Грузия тек бір тараппен ғана жұмыс істеуге бейімділік танытты», – деп өз ойын білдіреді аталған басшы.
Шетелдердегі операцияларға қатысушы ел армиясының жекелеген бөлімшелері батыстық әскери технология және қару-жарақпен қамтамасыз етілетін тәрізді. Мұндай бөлімшелер қатарына қазақстандық «Қазбриг» бітімгерлік экспедициялық бригадасы да енеді.
«Мұндай бөлімшелер келешекте бітімгерлік операцияларын іс жүзіне асыруға атсалысарда батыстық қару-жарақпен жабдықталған армиялармен қарым-қатынасты жолға қоюдың мүмкіндігін есепке алатын болады. Мысалы, Ауғаныстанда осылай болуы мүмкін, – деп мәлімдейді General Dynamics фирмасының басшысы Томас Корнер. – Сондықтан біз аздап болса да оларға келешек бітімгерлік операцияларын іс жүзіне асыруда көмек бере аламыз деген ойдамыз».
«Бұл ел, Қазақстан Республикасы, бірқатар халықаралық операцияларды іс жүзіне асыруға ат салысып отыр. Және Астана өз армиясының ең құрымағанда бір бөлігінің НАТО және жалпы Батыс армияларымен ынтымақтасу мүмкіндігіне ие болуын қалайды», – дегенді айтады Thales фирмасының Орталық Азия бойынша директоры Винсент де Рокур.
Шетелдік қорғаныс мердігерлерінің көбісінің айтуына қарағанда, Қазақстанға қару-жарақ жеткізу жөніндегі әрекетке ел қорғаныс министрлігіндегі шешім қабылдау процесінің ашық еместігі тұсау болып отыр. Аталған әрекетке әрбір жаңа министр келген сайын министрліктің жұмысының басым бағыттарының өзгеріп отыратыны да бөгет болатын көрінеді.
Мысал ретінде көрмеге қатысушы бір адам Астананың Израильден жаңа артиллериялық жүйелер сатып алу жөніндегі келісім-шартқа отыруына сілтеме жасады. Оның айтуынша, республикаға төніп тұрған әлеуетті қатерлер тұрғысынан алып қарағанда, аталған келісім-шартқа отырудың мүлде қажеті болмаған.
«Әдетте, зымырандық-артиллериялық қондырғыларды елге қуатты армиялар қатер төндіріп тұрса, тек сонда ғана сатып алады. Бұлар Қытай қатерінен қауіптенеді, ал ол қатер басып кіру мүмкіндігіне қатысты емес. Ол қатер экономикалық қарым-қатынаста теңдіктің бұзылуы ықтималдығымен байланысты. Оңтүстік тараптан да бұлар қауіп күтеді, дегенмен ол лаңкестік әрекет қатері болып табылады. Оларға артиллерия не үшін керек? Аталған келісім-шартқа қол қоюдың қауіптер сараптамасына негізделмегені айдан анық білінеді. Әлде, мұндай келісім-шартқа қол қоюға жауапты адам ретінде бұрынғы зеңбірекші тағайындалды ма екен?» – деп сауал қояды аталған сарапшы.