Accessibility links

Бұрынғы қорықшы заңсыз аң аулауға тыйым салғаны үшін тұтқындалғанын айтады


Кирсанов табиғи қорығының қараушысы Ваха Тутаев заңсыз қару мен оқ-дәрі сақтаған деген айыппен тұтқындалды. Ол бұны өзінен кек алғысы келген арнаулы қызметтің әрекеті деп біледі.

Осы аптаның басында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің таратқан баспасөз баянында «2009 жылдың 29 қаңтарында Ваха Тутаевтың шаруа қожалығында 12 калибрлі шетелдік екі аңшы мылтығы, түрлі қаруға арналған 35 оқ, әскери оқпен ату үшін қайта жарақталған ракетница және ұсақ калибрлі бесатар табылғаны» айтылған. Ақпаратта Ваха Тутаевтың үйінен табылған қару-жарақ пен оқ-дәрінің ешқайсысына қатысты рұқсат қағаз жоқ екендігі жазылған.

Tағылған бұл айыптаулармен Ваха Тутаевтың өзі және Красноармейское ауылының (Кирсанов қорығының маңында орналасқан) 14 тұрғыны үзілді-кесілді келіспейді. Олар өз наразылығын білдірген арыз-хатын бүгінде адам құқықтарын қорғау жөніндегі бюроның Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Павел Кочетковқа түсіріпті.

«Егерьлік қызметке тағайындалғанға дейін ағайынды Юрий және Валерий Скибалармен арамызда дүрдараздық туындады. Юрий Январцев орман шаруашылығында орманшы, ал Валерий Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері болатын. Олар браконьерлікпен айналысты. Ал мен олардың жолын кесіп, қорық аумағындағы олардың заңсыз әрекеттеріне тыйым салмақ болдым», - делінген Ваха Тутаевтың хатында.

Ұсталған азаматтың зайыбы Вера Тутаева өзінің күйеуіне қатысты айтылғандардың барлығын еш негізі жоқ жала деп отыр. Оның тұтқынға алынуы – облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды қызметкері Валерий Скиба және оның ағасы Юрий Скибамен Ваханың арасындағы болған араздықтың салдары дейді В.Тутаева.

– Біздің бұл жерді мекен еткенімізге бірнеше жылдың жүзі болды, шаруашылығымыз шағын, мал өсіріп, соны сатып отырған жайымыз бар. Ал осыдан бір жыл бұрын Ваха егерь болып жұмысқа алынды. Бәленің бәрі сол кезде басталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері осыған дейін бұл жерде заңсыз аңшылыққа шығып, өз еркінше сауық-сайран салып келген екен. Ал Ваха оларға бұл жердің қорғауға алынған аумақ екенін айтып тыйым салмақ болды, – деп түсіндіреді жергілікті «Диапазон»газетіне берген сұхбатында Вера Тутаева.

2009 жылдың 17 ақпанында Ваха Тутаев облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментіне шақырылған. Сонда барғанда ҰҚК қызметкерлері Тутаевты тергеп, оның жеке аутокөлігін тексерген. Көлік ішінен оқ салынған жәшік табылған. Бірақ, Ваха Тутаев бұл «олжа» оқты өзіне күйе жақпақ болған әлдекімдердің арандату үшін әдейі тастағаны деп түсіндіреді.

2009 жылдың 24 наурызында Батыс Қазақстан облысының Зеленов аудандық сотының Ваха Тутаевты тұтқынға алу жөнінде берген санкциясы бойынша айыпталушы облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеу абақтысына қамалды.

Құқыққорғаушы Павел Кочетков Ваха Тутаевқа қатысты бұл оқиғаның қолдан жасалған шырғалаң екендігіне сенімді. Азаттық радиосының тілшісімен болған сұхбатта ол осы сезікті іске қатысты өз топшылауларын былайша жеткізді:

– Біріншіден, Ваха Тутаевты Қылмыстық кодексінің 251-бабы бойынша айыптауда. Ал осы іске қатысты тергеуді ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер емес, ішкі істер органдарының қызметкерлері жүргізуі керек еді. Бұл секілді қарапайым іске арнайы қызметті тартудың неге қажет болғаны түсініксіз...

Екіншіден, Ваха Тутаев өз көлігіне оқ-дәріні толтырып тиеп алып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бармас еді ғой. Ақыл-есі дұрыс адамның тап осылай етпейтініне сенімдімін. Осыдан келіп, пәлелі оқтарды біреудің қастық ниетпен машинаға әдейі салып жіберуі әбден мүмкін деген күдік туады.

1967 жылы арнайы мәртебе беріліп құрылған Кирсанов мемлекеттік табиғат қорығының көлемі 61 мың гектарды құрайды. Қорық аумағы Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандарының бөлігін қамтып жатыр.

Мұндағы өсімдіктер мен жануарлар әлемі де аса бай: 500-ден астам алуан түрлі өсімдік өссе, құстың 120 түрі мекен етеді, 20 түрлі сүтқоректі, қосмекенділер, қалаберді бір ғана балықтың 30-дан астам түрі бар.

Қорық елік, қарақұйрық секілді сирек кездесетін жануарларды қорғап, олардың санын көбейту мақсатында құрылған.
XS
SM
MD
LG