Accessibility links

Желтоқсанның 1-і – Дүниежүзілік ВИЧ/СПИД індетіне қарсы күрес күні


Қазіргі таңда ВИЧ індетіне шалдыққан 11 396 адам тіркеуде тұр. Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары және Алматы қаласында осы кеселмен ауыратындар жалпы республикалық көрсеткіштің 65 пайызын құрап отыр.

Қыстың алғашқы күні. Алматыдағы Офицерлер үйінің мәжіліс залы қала оқушыларына лық толы, бес жүзге жуық жасөспірім «Біз СПИД-ке қарсымыз!» деп ұрандатты:


- СПИД-ті тоқтат, уәдеңде тұр!


- Жыныстық қатынастың қауіпсіздігін қадағала!


- Кеселмен күрес, нашақорлыққа жол жоқ!


Дүниежүзілік ВИЧ/СПИД кеселіне қарсы күрес күнін қала оқушылары осылай атап өтті. Республикалық СПИД орталығының бас дәрігері Гүлсара Сүлейменованың пікірінше, қазіргі жастардың ғасыр дерті туралы жан-жақты ақпараты бар екендігі көрініп-ақ тұр.


- Жұртшылықтың көзқарасы түбегейлі өзгерді. Бұрындары ВИЧ індетін «жиырмасыншы ғасырдың обасы» деп атап, оны жұқтырғандарды таспен атқылауға дейін барса, қазіргі күні халықтың пікірі басқаша екендігін көреміз. Оқушылардың өздері бүгін СПИД-ке қарсы күресуде кеселді жұқтырған адамға достары мен отбасының қамқорлығы өте маңызды екендігін атап өтті, - деді Гүлсара Сүлейменова.


Мамандар қоғамдағы мұндай өзгерісті мектеп аясындағы тәлім-тәрбиелік жұмыстардың нәтижесі деп түсіндіреді. Алайда ресми мәлімет көңіл көншітпейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, ғасыр кеселінің таралу деңгейі биыл 15 пайызға артты.


- Қазақстан Республикасында алғаш рет ВИЧ инфекциясы 1987 жылы пайда болды. 2008 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша Қазақстанда 11 396 адам ВИЧ індетіне шалдыққан, соның 228-і 14 жасқа дейінгі балалар, 791-і СПИД-пен ауырады, қатерлі кеселден 617 адам көз жұмды, - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Жазира Тұрсынбекова.


Қазіргі таңда ВИЧ/СПИД кеселін республиканың барлық аймағынан кезіктіруге болады. Әсіресе, ғасыр індеті Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары және Алматы қаласында кең тараған. Бұл аймақтарда осы кеселмен ауыратын науқастар жалпы республикалық көрсеткіштің 65 пайызын құрап отыр.


- ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың 70 пайыздан астамы нашақорлар. Қатерлі дертке шалдыққандардың 86 пайызы 20-дан 39-жасқа дейінгі азаматтар. Індетті жұқтырғандардың 73 пайызы жұмыс істемейді. Биылғы жылдың алғашқы он айында қатерлі кеселмен 1993 науқас тіркелді, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 15,5 пайызға жоғары, - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Жазира Тұрсынбекова.


Бұдан бөлек, мамандар жұқпалы дерттің құрсақ көтеруге жарамды әйелдердің ішінде кең тарағандығына алаңдаушылық танытып отыр. Ресми мәлімет бойынша, осы уақытқа дейін Қазақстанда 908 жүкті әйел ВИЧ инфекциясымен тіркелген. Биылғы жылдың өзінде 153 бала қатерлі кеселмен бірге дүние есігін ашыпты.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазіргі күні әлемде 33 миллион адам ВИЧ инфекциясына шалдыққан. Біріккен ұлттар ұйымының шешіміне сәйкес қатерлі кеселмен күрес күнін әлем халықтары жиырма жылдан бері атап өтіп келеді.

XS
SM
MD
LG