Accessibility links

Құттыбек Аймахан: «Жер аударылып келгендердің желтоқсандықтарға қандай қатысы бар?»


Құттыбек Аймахан, журналист, 1986 жылғы желтоқсан толқуына қатысушы. Алматы, 11 желтоқсан 2008 ж.
Құттыбек Аймахан, журналист, 1986 жылғы желтоқсан толқуына қатысушы. Алматы, 11 желтоқсан 2008 ж.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан көптеген жастар одан кейін жазықсыз сотталып кетті. Қатаң жазадағы еңбекпен түзеу мекемесіне (түрмеге) кеткен қыршындай қазақ жастарының арасында Құттыбек Аймахан да болған еді.

Алматыдағы «Алматы ақшамы» газетінің журналисі Құттыбек Аймахан жалпы желтоқсандықтар үшін арнайы заң қажет дейді:

— Қазіргі заң бойынша біз, желтоқсанға қатысушылар, Қазақстанға әр жылдары жер аударылып келген халықтармен бірдей дәрежеде жеңілдікке иеміз. Оның өзі зейнетке шыққаннан кейін. Жер аударылып келген халықтардың Желтоқсанға қатысқандарға қандай қатысы бар? Ақылға сыймайтын нәрсе. Сондықтан жалпы қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен азаматтарға жеке заң керек. Мұның бәрі қазіргі биліктегі адамдардың ұлтсыздығынан. Ал, біздің ұлтқа деген көзқарасымызды Желтоқсан көтерілісі түбірімен өзгертіп кетті. Әлі күнге дейін қазақ үшін жанымды пида етуге әзірмін,- деген әріптесіміз 1986 жылғы ызғарлы Желтоқсан күндерін есіне ала отырып, әңгімесін бастады.

— Ауылда туып-өскен әр қазақ баласы Алматыға келіп оқуға түсуді армандайтыны рас қой. Сондай арманның жетегінде мен де Алматыға келіп, оқуға түсуге талпындым. Ол кезде оқуға түсу қиын еді, жолым болмады. Сосын құрылысқа жұмысқа тұрдым. Алматыға келген кезде қазақтарға деген орыс ұлты өкілдерінің озбырлығын, өктемдігін, басынатындығын әр жерде көріп жүрдік. Осының өзі бізді көп ойға қалдыратын. Ішімізде бір намыс, ашу-ыза булығып жататын.

Алаңға студент жастардың жиналып жатқандығын біз, цемент таситын машинаның жүргізушісінен естіп, білдік. Алаңда жастар наразылық танытып, өз үндерін жоғарыға жеткізуге талпынып жатқанда, жайбарақат жұмыс істеу қайдан болсын? Біз, төрт-бес жігіт жұмыстан қашып кеттік те, алаңға бардық. Келсек жұрт деген теңіздей толқып тұр екен. Бәрі жастар. Араларында үлкен адамдар да болды. Бірақ, олар жағдайдың ушығып бара жатқанын сезді ме, үйлеріне қайтып жатты. Сөйтіп, тек қана жастар қалдық. Кешкі сағат 8 -дер шамасында суық сумен атқылай бастады. Біреулер мұны өрт сөндіретін машина деп жүр ғой, жоқ ондай машина емес. Үстінде суды адамдарға бағыттап тұратын бір кісі болады екен. Әлгі судың қуаты соншалықты 20-30 метрдегі адамды қалпақтай ұшырады. Не керек бәріміз малмандай су болдық. Алаңда түнгі сағат 11-ге дейін болдық та, жатақханаға қайттық. Келсек жатақханаға милициялар кезекшілік жасап отыр екен. Біз кіруін кірсек те қайта шыға алмай қалдық. Милициялар шығармайды.

Сол уақыттағы Алматы көшелеріндегі қатаң бақылау мен күзетке қарамастан жастар ертесінде алаңға қайта шыққан. Бірақ қатты қарсылыққа тап болған екен.

— Сол кездерде баяғыдан бұғып жатқан бойымыздағы ұлттық рух бас көтеріп, кеудемізді намыс кернеп кетті. Негізі осындай халықтық көтеріліс кезінде адамның ұлттық намысы мен рухы өзінің шырқау шегіне жететін сияқты. Сөйтіп не керек, біздің жатақхананың қасында тағы төрт-бес жұмысшылар жатақханасы бар еді, оларға да хабар бергенбіз. Нәтижесінде біріміз қалмай алаңға аттандық. Автобусқа отырған кезде кейбіреулері қайта түсіп қалыпты. Дегенмен қалғандарымыз да бір қауым ел болып, қазіргі Желтоқсан көшесі жағынан алаңға келсек, жолды солдаттар мен милиция жауып тастапты. Біз қайта айналып Күләш Бәйсейітова көшесімен алаңға бармақ болып едік, ол жерді де милиция жауып тастапты. Сосын кері қайтпақ болдық.

Бірақ бір топ қыз милицияның қоршауының алдына қолтықтасып, тізерлеп отырып алды. Біз милиция ешкімді ұрмайтын шығар деп ойладық. Сөйтіп тұрғанда милиция қыздарды резеңке таяқпен ұра бастады. Тіпті бір қыз шүйдесімен жолдың шетіндегі цементке құлады. Әлгі жердің қары қан болып кетті. Қыздарды таяқтап жатса, жігіттер қалай шыдап тұрсын, милицияға лап қойдық. Оларды біраз жерге шегіндіріп тастадық та қыздарды тұрғызып алып кеттік. Біз енді Фурманов көшесі жағынан алаңға ұмтылдық. Өзіміздің талабымызды айтып, топпен бірге келе жатқанымда мені бір милиция басымнан ұрды. Көзімді ашсам, қыздар бетімді қармен ысқылап жатыр екен. Алаңға жібермейтінін білдік те, қазіргі Достық даңғылымен төмен құлдилап, көше-көшемен жүріп отырып, Жазушылар одағының алдына келіп Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың атын айтып тұрып алдық. Іштен ешкім шықпады. Есіктері жабық. Тек екінші қабаттағы балконнан бір кісі қызбаланып, іштегілерге айқайлап шығып еді, кейін көрінбей кетті. Содан кейін алаңға қайта барып, сол маңда топ-топ болып жүрдік те қойдық.

Құттыбек Аймахан тергеу изоляторында Қайрат Рысқұлбековпен бірге болғанын айтты. Қайраттың Желтоқсан көтерілісіне басты кінәлі, әрі кісі өліміне айыпты деп танылып, ату жазасына кесілгені, одан соң бұл жаза 20 жыл қатаң тәртіптегі түрме жазасымен алмастырылып, кейін оның Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза тапқаны белгілі.


— Мені жұмыстан ұстап алып кетті. Қазіргі Бостандық ауданының İшкі істер бөліміне алып келді. Мені бір майор айғайлап қарсы алды. Мен алаңда болған жоқпын деп жалтарып едім, алдыма бір топ суретті шашып жіберіп, «Ендеше, мынау кім, иттің баласы» деп ақыра жөнелді. Суреттердің бәрі бір жерде түсіріліпті. Мен сол жерде болғанымды ғана айттым да басқасын жасырып қалдым. Мені кешке қарай «Целинный» кинотеатрының жанындағы уақытша тергеу изоляторына алып келіп, жауып тастады.


Сөйтіп бір күні менің жаныма сақал-шашы өсіп кеткен бір жігітті алып келді. Сөйлесе келіп, бір-біріміздің алаңға шыққандығымызды білдік. Ол өзін Қайрат Рысқұлбеков деп таныстырды. Оны тергеушілер жатақханасынан қалай алаңға шыққанын және арықта жатқан адамды бір-екі рет ұрғанын, «ешнәрсе болмайды» деп айтқызып алған ғой. Аңқау Қайрат оларға бәрін айтып берген. Ал, олар болса, арықтағы адамды Қайрат тепкілеп өлтірген деп қағаз толтырып жіберген. Қайраттың кісі қолынан өлгені шындық қой.

Қысқасы, мені 12 куәгер тартып 5 жылға соттап жіберді. Жазамның екі жылын Қостанайдағы Құсмұрын түрмесінде өтеп шықтым. Бостандыққа мерзімімізден бұрын шығуымызға Желтоқсан комиссиясының тигізген пайдасы зор болды.

XS
SM
MD
LG