Accessibility links

Қайым-Мұнар Табеев: 1986 жылғы Желтоқсан рухын жоғалтып алдық


Жазушы Қайым-Мұнар Табеев. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл.
Жазушы Қайым-Мұнар Табеев. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл.

Желтоқсанның куәгері, осы тақырыпты зерттеп, «Қазақтың желтоқсаны» атты кітап жазған Қайым-Мұнар Табеевтің пікірінше, 1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққан жастар билік үшін таласқан жоқ. Ал бірақ оларды жазалау үшін, құрамына партия, милиция, түрлі қоғамдық ұйымдар енген 128 арнайы топ құрылған.

Белгілі публицист Қайым-Мұнар Табеев – Желтоқсан оқиғасы жайында ең алғашқы болып басылым беттеріне мақала жариялаған қаламгерлердің бірі. Ол 1986 жылғы Желтоқсанды оқиға емес, көтеріліс деген дұрыс деп атап көрсетеді.

- Бұрынғы Кеңес Одағының тоталитарлық жүйесінің ыдырауына себепкер болған, бірден бір әлеуметтік саяси үлкен қозғалыс. Сол себепті де бұл күндері оқиға деген атауын, көтеріліс деген терминге өзгерту жөнінде күш салып жатырмыз. Өйткені Желтоқсан бұл шын мәнісіндегі қазақ халқының рухани көтерілісі болды. Егер сол күндері алаңға 60 мыңдай адам шықса, солардың қолында қару болған кезде, ол үлкен қантөгіске айналып кетер ме еді? Көтеріліс дейтін себебіміз де сол.

Дүниені дүр сілкіндірген сол үш күнде бір Алматының өзінде 60 мыңдай адам алаңға шыққан. Бұдан өзге Қазақстанның сол кездегі 19 облысында да жастар наразалық шараларын өткізген. Бұл деректердің барлығы кейіннен ақын Мұхтар Шаханов бастаған Желтоқсан оқиғасын зерттеген Парламенттік комиссияның қорытындысында жарияланған. Өз кезінде Қайым- Мұнар Табеев аталмыш комиссияның сарапшысы міндетін атқарған. Сондағы қол жеткізген деректер осы күнде жарық көрген «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітабына арқау болды. Қайым- Мұнар Табеев өкінішке қарай Желтоқсанға қатысты барлық шындық әлі де болса ашылмай, бүркемеленіп қалып отыр дейді.

- Себебі сол Желтоқсанға қатысты құжаттардың барлығы кезінде Мәскеуге жөнелтілген. Өздеріңіз жақсы білесіздер ғой 1991 жылы Кеңес одағы ыдырай бастаған кезде Коммунистік партияның белсенділері бүкіл өздерінің құжаттарын, партияның қаржысын, сол секілді қажет болады–ау дейтін ине-жіпке дейін барлығын Мәскеуге жөнелтті. Қару – жарақ оның ішінде самолет, танкі, не жоқ дейсіз, осының барлығын шамалары келгенше Мәскеуге асыруға тырысты. Негізгі құжаттардың барлығы бұл күнде Мәскеудің Мемлекеттік мұрағатында жабық жатыр.

Сонымен қатар жазушы Қайым-Мұнар Табеев қоғамда Желтоқсан оқиғасына қатысты алуан пікірлердің бар екендігін және оның себептерін де ортаға салады
- Желтоқсаншыларды жазалауға қатысқан, сол оқиғаны Мәскеудің көзімен, соның көзқарасымен қолдаған адамдардың бірқатары әлі де билікте жүр. Ал оны зерттейтін, зерделейтін ғалымдарымыз бен тарихшыларымыз бұл оқиғаға әлі жете мән бермей жатыр.

Қайым-Мұнар Табеев 1986 жылдың ызғарлы Желтоқсанында алаңға шыққан жастар билік үшін емес, тек өз елінде өз ана тілінде сөйлеп, ана тілінде білім алу сынды адами құқыларын талап етіп шықты деп атап көрсетеді.

- 1970 жылы мектепті бітіріп, астанаға оқуға келген кезімде, осы Алматыда үш-ақ қазақ мектебі бар екенін естіп мен таңқалғанмын. Қазақстанның астанасында үш-ақ мектептің болуы деген ол – сұмдық қой! Ол кезде қазақ мектебінің иісі жоқ болатын. Көшелерде, қоғамдық орындарда, автобустарда қазақша сөйлесеңіз сізге ескерту жасайтын. Орыс тілінде сөйлеңіз деп. Міне осындай кемсіту, ұлттық зорлық–зомбылық соның барлығы қазақ жастарын алаңға алып шықты. Олардың ішінде мен де болдым. Әлгі айтылған мәселелердің барлығы алаңда қойылды. Мұнда тұрған ештеңе де жоқ.

Алайда алаңға шыққан жастардың талаптарын ескерудің орнына билік қазақ жастарын жазалауға кірісті. Қайым-Мұнар Табеевтің айтуынша, осы мақсатта 128 арнайы топ құрылған екен.

- Арада екі күн өткеннен кейін Мәскеуден ұшып келген М.С.Соломенцев және генерал-полковник Б.К.Елисеев дейтін КСРО қорғаныс министірінің бірінші орынбасары бастаған бір топ генералдар жаңағы қазақтың жастарын бүкіл әлемге маскүнемдер деп жариялады. Соны өздері дәлелдеу үшін 2300 студент пен жас қыз-жігітке ішкілік ішіп алаңға шықты деген сылтаумен айып салды. 150 қазақ жігітін күштеп емдеу орындарына жөнелтті. Өйткені өздерінің айтқан сөздерін бүкіл әлемнің алдында ақтап алу керек қой. Сол үшін оқудан шығарып, жұмыстан қуып, Желтоқсаннан кейінгі дүрбелеңді бастады.

Желтоқсаннан кейінгі дүрбелең 1 жылға созылды. Бұл арада тек желтоқсаншылар ғана емес олардың отбасы мен туған- туыстары да зардап шекті.

- Үлкен қызметте жүрген 1200 қазақ осы алаңға шыққан жастардың ата-анасы болғандықтан, қызметтен қуылды. Жоғарғы оқу орындарында ректор болып жүрген 12 қазақ қызметінен алынды. Партия ұйымдарында қызмет істеп жүрген 1800 ата-ана партия қатарынан шығарылды. Тіпті мұндай қаралауды көтере алмай, жүректерінен қайтыс болып кеткен кісілер бар. Мәселен, алаңға шыққан Гүлнар Лепесбаева дейтін қарындасымыздың әкесі совхоз директоры болатын. Сол кісі осы бір қуғынға шыдай алмай жүректен қайтыс болды.

Бүгінде Желтоқсан оқиғасына 22 жыл толды. Көп нәрсе өзгерді. Осы аралықта сол кездегі жастардың да көзқарастары өзгерген.

- Сол кездегі алаңға шыққан желтоқсандықтардың іс-әрекетінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Себебі ол кезде олар жас болды, буырқанған жастықпен төніп тұрған қауіп-қатерді, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің қасіретін сезінбеген де шығар. Сол кездегі тұтасқан ынтымақ, «елім, жерім» деп жалаңаш қолмен темір құрсанған қарулы әскерге қарсы шыққан береке-бірлігі бұл күнде кемшіндеу болып жатыр.

Ал оның себептеріне Желтоқсан тақырыбын зертеп жүрген жазушы Қайым-Мұнар Табеев былай деп тоқталды.

- Біріншіден Желтоқсан қозғалысы сонау 1990-шы жылдары Кеңестер одағы ыдыраған кезде біртұтас ұйым еді. Міне содан бері сол Желтоқсан қозғалысы ыдыраумен келе жатыр. Қазіргі күнде қарап тұрсаңыз тіпті өзіңіз жаңылып қаласыз, «Желтоқсан жаңғырығы», «Желтоқсан қырандары», «Желтоқсан рухы», «Желтоқсан көтерілісі» деп кете береді. Тіпті ол аздай жақында Астана қаласында «Нағыз Желтоқсан» деген ұйым құрылыпты. Сонда бұрыңғыларының барлығының нағыз Желтоқсанға қатысы жоқ па?

Міне осы сынды себептердің әсерінен Желтоқсан айналасында жүрген азаматтардың басы бірікпей жатыр. Ал олардың бір-бірімен осылайша алтыбақан алауыз болуы, Желтоқсан оқиғасының лайықты бағасын алуға кері әсерін тигізеді деп атап көрсетеді жазушы публицист Қайым-Мұнар Табеев.
XS
SM
MD
LG