Қазақстан Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Австрияда туындаған ішкі іс-шараларға байланысты Хайнс Фишердің сапары кейінге қалдырылыпты. Азаттық радиосына бұл ақпаратты бүгін Вена ресми түрде растап берді. Азаттыққа сұхбат берген Австрия президентінің баспасөз хатшысы Айгнер Бруно да Хайнс Фишердің Қазақстанға сапарының кейінге қалдырылғанын айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Австрия басшысы өз елінде жаңа үкіметті жасақтауына байланысты келе алмайтын көрінеді. «Австрияда бұдан екі апта бұрын парламент сайлауы өткізілген болатын. Жаңа үкіметті жасақтау да президенттің міндетіне кіреді. Сол себепті президенттің Қазақстанға 12-14 інші қазанға жоспарланған сапары кейінге қалып отыр», -- деп хабарлады бүгін, 9 қазан күні Австрия президентінің баспасөз хатшысы.
Қазақстан мен Австрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдың 19 ақпанынан басталады. 1991 жылдың қазан айында президент Назарбаев Байқоңыр ғарыш айлағынан австриялық ғарышкердің ұшуына байланысты федеральдық канцлер Франц Враницкийді қабылдаған еді.
Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Венаға соңғы ресми сапары 2004 жылы қыркүйекте болды. 2007 жылдың мамырына дейін Австриядағы Қазақстан мүддесін президентің сол кездегі күйеу баласы Рахат Әлиев қорғап келді. Бірақ, саяси дау-жанжалдан кейін Р.Әлиев елшілік қызметінен шеттетіліп, қуғынға ұшырады.
Саяси қуғындалған Рахат Әлиев пен оның жақтастары қазір Австрияда. Жоспарланып, жүзеге аспай қалған Австрия президентінің сапары қарсаңында Венада Назарбаев режимін сынаушылардың бірі, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты белгісіз біреулердің ұрлап әкетуге әрекет жасағандығы туралы хабарланған болатын