Accessibility links

Баян Нұрмышева: Менің жігерлендіретін, рухтандыратын ән жаздырғым келіп жүр


Әнші-композитор Баян Нұрмышева.
Әнші-композитор Баян Нұрмышева.

Азаттық радиосына сұхбат берген әнші-сазгер Баян Нұрмышева 3 жасында домбырамен, 5 жасында гитарамен ән салып, 9 жасында ән жазғанын айтады. Жеке өмірі мен шығармашылығындағы жаңалықтармен бөліскен әнші ару жақында көрермендер назарына алғашқы бейнеклипін ұсынбақ.

«Қазақтың ән базарында сыры мен мұңын қатар өріп «өзіне шақ аспанымен» ешкімді кимелемей, ешкімді кейітпей қазақы иба мен инабатын гитара шанағынан шымырлата бейнелей білген замандасымыз жүр. Ибасы қайдан десеңіз, ән-әліппесін дәстүрлі әнмен ашқан еді. Инабаты қайдан десеңіз, Көкшедегі қазақы ауылда туып еді. Осы ән өнерінің қыр-сырын жүрдім-бардым емес, арнайы оқыды. Өзіне кәсіп етті. Шеберлігін шыңдады, өнерпаздық нәсіп болды. Табиғатына сай әндерді дөп басып таңдай білді, тыңдаушысы тамсанды. Енді жан тебіренісін өзінше бейнелеп, әндер шығара бастады, онысы жүректерге жол тапты»,- деп жазыпты біздің бүгінгі кейіпкеріміз туралы әнші Бекболат Тілеухан.

ҮШ ЖАСЫМДА ДОМБЫРАМЕН, БЕС ЖАСЫМДА ГИТАРАМЕН ӘН САЛДЫМ

Парламент Мәжілісі депутатының бұл лебізі оның бір кездегі шәкірті, бүгінде қалың қазақты әнімен қоса гитара сазына бөлеген әнші-сазгер Баян Нұрмышева туралы. Баян қазір ҚР Қорғаныс министрлігі ансамблінің әншісі, осы ансамбльде 9 жылдан бері жұмыс істейтін әнші ақын Күләш Ахметованың сөзіне жазылған өзінің «Жақсылықтың бағасы» атты әніне Жанатбек Бәйтековтің фото-видеостудиясында бейнеклип түсіру жұмыстарымен айналысып жүргенін айтты.

«Тағы бір ән жинағын шығару ойда бар, бірақ бұл мәселе әндерді қаншалықты жинақтауыңа байланысты. Жақсы ән таңдау, репертуарды байыту деген біздің күн сайын айналысып жүретін жұмысымыз. Әншінің бағын ашатын жақсы әнді әрқашан іздеп жүреміз, бір күнімізді босқа өткізбейміз. Әрдайым ізденісте жүрмесең өнер адамы ретінде өспейсің, мен осыдан кейінгі бес жылда қандай болар екенмін деген ойдан мазасызданамын, егер осы бес жыл ішінде кәсіби тұрғыдан жетілмесем, деңгейім өспесе өнерде жүргенімнің керегі не деп те ойлайтыным рас.
Әнші-композитор Баян Нұрмышева ұлы Ілияспен бірге.


Репертуарымда жиырмаға жуық ән бар, соның ішінде «Қарғам-ауды» халықтың жасы-кәрісі түгел жақсы қабылдады дей аламын. Әрбір әншінің өзінің стилі, қалыптасқан өрнегі болады ғой, мен сахнаға алғаш шығар кезде ойлаған музыкалық жанрым, яғни өзіме таңдаған жолым — халық әндерін гитараның сүйемелдеуінде орындау. Бұл бізде болмаған дүние және осы жанрды әрі қарай дамыту мақсатында жұмыс істегім келеді, дәстүрлі әнді сахнада орындаумен қатар оның ғылыми жағын зерттеумен де айналысуым мүмкін, себебі бұл саланың зерделеуді қажет ететін тұстары жеткілікті.

Гитарамен ән салудан кейін гитарасыз, эстрадамен де ән салып жүрдім, өзімді басқа бағытта сынап көру де ойымда бар. Мәселен мен жоғарғы білімді Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториядан алдым, онда халық әні кафедрасынан Қайрат Байбосыновтың класында оқыдым, яғни болашақта домбырамен ән айтуым да мүмкін. Мұның бәрі бірақ уақытпен келетін дүние деп ойлаймын, домбыраңмен ән айтудың кезеңі келіп, сұранысы артқан кезде неге айтпасқа»,- дейді Баян

Ал әнші болмағаныңда қандай мамандықты таңдар едің деген сұрағымызға: «Тіпті, айта алмаймын, адамға пайдасы бар дәрігерлікті қалауым мүмкін бе еді.., бірақ менде басқа мамандық таңдау туралы ой да болған жоқ. Менің өнерге келуімнің өзі әу бастан белгілі болған сияқты, Алла менің маңдайыма әншілікті жазған шығар деп ойлаймын. Мен ес білгелі музыканы жақсы көремін, ал үйдегілер менің 3 жасымда домбырамен, 5 жасымда гитарамен ән салатынымды айтады, мен ол кезде есімді де жөнді білмеймін ғой, ал музыкаға деген құштарлық пен іңкәрлік бала жастан бойымда бар.

Мені баласынып, музыкалық аспапты сындырасың деп, қолыма көп бере қоймайтын, бір күні гитараны алып тығылып ән айтып отырғанымды әпкем көріп қалды, ол кезде менің жасым алтыға толмаған еді. Сол кезде әпкем «сен қашан, қайдан үйренгенсің» деп қатты таңқалды, оның таңқалғанына мен түсінбедім, себебі менің жасымдағы барлық бала осылай ән айтып, гитарада ойнай алады деп ойлайтынмын, бұл мен үшін қалыпты жағдай болып көрінетін, сөйтсем олай емес екен ғой.

Осы өнерімді көрген үлкен әпкем Нұргүл мені өзінің қасына, яғни Көкшетау қаласына алып келіп, музыкалық мектептің классикалық гитаристер дайындайтын бөліміне оқуға берді. Алғашында ауылдан келгендіктен, орыс тілін онша білмегендігім себепті сабаққа барғым келмей қиналатынмын, кейін үйреніп кеттім, ал маған гитарадан сабақ берген ұстазым Андрей Паленов өзінің ісін соншалықты сүйетін, сабақ кезінде менің басқа да пәндерді оқуым керектігін, өзінің басқа да шаруасы барын ұмытып, жан-тәнімен кірісетін нағыз ұстаз болды. Осы ұстазымның арқасында мен гитараны меңгердім, ал өнерге қалай келгенімді де білмеймін, ес білгелі өнерден алшақтаған кезім жоқ», - дейді гитарашы ару.

ДӘСТҮРЛІ ӘНДІ ГИТАРАМЕН ОРЫНДАУДЫ ҰСТАЗДАРЫМ ЖАҚСЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Мектеп оқушысы кезінен «Әнші балапан», «Айналайын» байқаулары арқылы Республика сарайының сахнасында ән айтуды бастаған Баян кәсіби әнші ретінде үлкен сахнаға 2001 жылы аяқ басып, «Бауыржан-шоу», «Айтыс» шаралары арқылы халыққа таныла бастады. Ол өз әндерінің халыққа кеңірек таралуына мүмкіндік беріп, көп ықпал еткен талай әншінің жұлдызын жарқыратып, тұсауын кескен «Ән мен әнші» бағдарламасының концерті дейді.
Баян Нұрмышева домбырасымен сахнаға шығар алдында.


«Мен консерваторияға келгенде дәстүрлі әндерді орындамаушы едім, ауылда жүргенде Ақан сері, Біржан салдың әндерін естіп жүргенімізбен, аса қатты мән бермеппін, бірге өскен құрбыларым орыстілділер болды, оның үстіне мен құралпы жастарға дәстүрлі әннің ерекшелігін айтып ұғындыратын орта да болмады ма деп ойлаймын. Консерваторияға келіп, Қайрат, Бекболат, Рамазан сияқты дәстүрлі әннің майын ішкен, осы ортада қайнап өскен ағалардың тәлімін алған соң халық әніне, дәстүрлі музыкаға деген сүйіспеншілігім оянып, көзқарасым өзгерді.

Мен Алматыға гитараны оқытатын бөлімде оқимын деген оймен келгем, ол мұнда жоқ болып шықты. Сонымен мен дәстүрлі әнге мамандана бастадым, бір күні сабақта отырып, Қайрат ағаймен «мен гитарамды алып келсем, онымен қандай әндер айтуға болады» деген сыңайда ақылдастым. Сөйтіп, ол кісіге Естайдың «Қорланын» орындап беріп едім, ағай маған ол әннің дәстүрлі түрде қалай бұзылмай айтылатынын үйретіп, көрсетіп берді. Қайрат ағай ғана емес, консерваториядағы ұстаздарымыздың көбі дәстүрлі әнді гитарамен орындау деген экспериментке жақсы қарады, жылы қабылдады», - деді сұхбаттасымыз ұстаздарының өз стиліне деген көзқарасы жайында.

Өнерде жүрген жастардың қамқор көңілге, шын жүректен айтылған ақыл-кеңеске мұқтаж болатыны белгілі. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осы бір ауырлау жолда темірқазықтан адастырмай бағыт сілтеушілердің орны ерекше. Баян өнер жолында жақсы адамдарға көп кезіккенін, үйренемін деген адамға әрбір ұстаздың шеберлігі өзіндік із қалдыратынын айтады.

«Адам өмірді өмірдің өзінен көре жүріп үйренеді ғой, ал ұстаз деген ол шын мәніндегі ұстаз болса, оның сенің өміріңдегі орны әрқашан ерекше. Мен үшін қолымнан жетелеп, білгенін үйретіп, өнер майталмандарымен таныстырып, өнер жолына бағыттаған әпкем Нұргүлдің, гитарадан сабақ берген Андрей Леонидовичтің, алғашқы ұстазым Балхадиша апайдың, консерваториядағы ұстаздарымның орны ерекше. Алла мені осындай жақсы адамдарға жолықтырды. Менің алғашқы продюсерім марқұм Биғазы Тұтқабеков еді, қазір қағаз жүзінде шартқа отырмай-ақ, продюсердің қызметін адамгершілік тұрғыда, достық рәуіште атқарып жүрген өнердегі досым, әріптесім Жанатбек Бәйтеков».

АЛҒАШҚЫ ӘНІМДІ 9 ЖАСЫМДА ЖАЗДЫМ

Көрермен мен тыңдарманды сахнадағы бейнесі мен ән өнеріндегі өзгелерге ұқсай бермейтін өрнегімен сүйсіндірген Баянның гитара шертіп, ән салумен қатар ән жазатын сазгерлік өнері де бар. Бұл жайында әнші-сазгер: «ән жазуыма Несіпбек Айтұлының балаларға арналған жыр жинағының қолыма түсуі себеп болды, алғашқы әнім 9 жасымда сол ағамыздың «Балмұздақ» деген өлеңіне жазылды, кейіннен тағы да сол кісінің «Жолың болсын» деген өлеңіне ән шығардым, әрине, мұның бәрі балалық әуестікпен шығарылған әндер болды, сәл де болса кәсіби деңгейі бар деген әндерім – студенттік кезде ақын Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазған «Сенемін бір бақытқа» деген әнім, бұл әнді әнші құрбым Бейбіт Сейдуәлиева орындады, одан кейін де «Көңіліңде тұру керек бір адам», Исрайыл Сапарбай ағамыздың «Досым», «Өмірім-ай» деген өлеңдеріне, Күләш Ахметова апайымыздың «Жақсылықтың бағасы» деген өлеңдеріне ән жаздым.

Өзімді соншама мықты композитормын деп айта алмаймын, қазіргідей екінің бірі ән жазатын, бірінен-бірі айнымайтын әндер көбейген кезде ән жазудың керегі де жоқ шығар деген ойға келемін. Кезінде жазылып, әлі күнге елдің есінде жүрген әндерді кәдімгідей білімді сазгерлер жазды ғой, ал менің композиторлық білімім жоқ, сондықтан осы кезге дейін жазылған әндерді аға буын өнерпаздармен, ән әрлеушілермен кеңесе отырып, жазып келдім.

Ендігі уақытта тыңдарманның көңілінен шығатын жақсы әндер болса жазып қалармын, егер ондай болмаса қажеті жоқ деп есептеймін, сахнаға алып шығуға батылым жетпей, «үйде жатқан» әндерім де баршылық. Жазған әндерімнің көбін өзім орындаймын. Менің репертуарымдағы әндердің ішінде Шәмші Қалдаяқовтың, Кәкімбек Салықовтың, құрбым Роза Әлқожаның бір –бір әндері ғана бар, қалғандары халық әндері мен өзімнің әндерім. Неге екенін білмеймін, маған жаныма жақын, өзімнің ерекшелігіме сай ән табу қиын. Мысалы Розаның «Жібектің елі» әнін тыңдағаннан-ақ маған сай ән екенін бірден білдім. Осындай әндерді көп кездестірмеймін», - деді.

ЖҰБАНЫШ ПЕН ТІРЕКТІ ДІННЕН ТАПТЫМ

Өмірдің ақ пен қарадан, қуаныш пен қайғыдан тұратыны әмбеге аян, біздің кейіпкеріміз әнші Баянның да басынан өткен қайғылы жағдай туралы хабар қалың қазаққа тарап кетті, Баянның өмірлік серігі Жасболат науқастанып, қапияда бақиға сапар шекті. Өзі айтатын әндегіше «Гәккулі мекен, аққулы мекен — Жайыққа», ақ некесін қидырып келін болып түскен Баянның ару Жайықтың жағасында Төлегенінен айырылған Жібектің тағдырын қайталап, сыңарсыз аққудың күйін кешіп қалған жайы бар. Қазір екі жарым жастағы Ілияс есімді ұлын тәрбиелеп отырған Баян жұбайы жайында былай дейді:

Жұбайлық өмірім осындай қайғылы жағдайға ұшырағанымен, мен өзімді бақытсыз әйел болдым деп айтпаймын, сүйген адамыма қосылдым, сүйген жарым екеуіміздің өмірге әкелген сәбиіміз бар, осы үшін де мен бақыттымын. Жолдасым Жасболат Қорғаныс министрлігі ансамблінің жетекшісі болып қызмет атқарды, оның осы ұжымға, жалпы қазақтың өнеріне сіңірген еңбегі зор деп айта аламын, бірақ ол ешқашан мен осыны жасадым деп істеген ісіне жарнама жасаған адам емес.
Бүлдіршін Ілияс анасының құшағында.


Жұмысы өзіне ұнайтын, оған керегі де сол болатын, одан артық көзге түсуді, ұпай жинауды ол мақсат тұтқан жоқ. Өнерді жан-тәнімен сүйіп, жұмысына адал берілген жолдасым көпшіл, ер көңілді, жомарт, ашық азамат еді. Көбіне ол тірі дауыста ән шырқаудың жақтаушысы болды, осы ансамбльдегі симфониялық оркестрдің жұмысын жандандырды, осы оркестр құрылғалы бері үлкен шаралар мен әйгілі әншілердің концерттеріне қатысып жүрді.

Алла тағала адамның болмысын қызық жаратқан ғой, мысалы баланың алғашқы махаббаты ата-анасы болады, сол әке-шешең болмаса өзіңді ешкім еместей сезініп, кәдімгідей жүдеп қаласың, ержетіп есейген шақта жастық махаббатың кезігіп, ата-анаңа деген махаббатың ол кісілердің алдындағы борыш-парызың сияқты сезімге ауысады, сөйтіп жүріп отау құрасың, кейін өмірге бала келген соң жұбайыңа деген махаббат та бір сыйластық сияқты сезімге айналып, бар тілегің балаңның үстінде болады, Жаратқанның пендесіне сыйлаған осындай ізгі қасиеттері мен ыстық сезімдерінің арқасында адамның өмірге деген талпынысы туындайды. Мен де осындай ұлы сезім сыйлағаны үшін Аллаға ризамын, өмірде қайғы-қасірет деген қуанышпен қатар жүретін ұғым ғой, әрине, "тас түскен жеріне ауыр" деген, менің қайғымның қаншалықты ауырлығы ол өзіме ғана аян, дегенмен Алланың жақсылығынан күдер үзгенім жоқ, қайғының да соңынан қуаныш сыйлаймын десе шарапаты мол Алланың еркінде. Сондықтан да мен жақсылықтан үміттімін.

Жібектің еліне, Оралдың Алатау деген кәдімгі құмды ауылына келін болып түстім. Бұл адамдары сондай ерекше «мынау ана үйдің мүлкі немесе бөтен үйдің шаруасы» деп бөле-жармайтын, қонақ келсе бірге күтісіп, біреудің баласы көршінің үйіне су тасып жүретін қазақы мейірбандығынан, ұйымшылдығынан ажырамаған ауыл екен, осы бір ауылға сонша риза болғанмын. Мен қазір де жыл сайын жазда осы ауылға асығып барып тұрамын, қайын жұртыммен арақатынасымыз үзілген жоқ.

Қазақ эстрадасын зерттеп жүрген бір құрбымның айтуынша, біздің эстрадада үш саты қатты дамыған екен, оның біріншісі, әрбір әншінің репертуарында оның дауысына қарамастан бір халық әнінің болуы, екіншіден, кездесіп жүрген қыз бен жігіттің дауыс ырғақтарының келу-келмеуіне қарамай дуэтпен ән салуы және жұбайынан айырылған әншілердің әні, яғни, «жесірдің жоқтауы» екен, сол айтпақшы, менен де осы қазадан кейін жылаңқы ән күткен адамдар, тіпті «неге сондай ән жазбайсың» деп ескерткендер болды.

Бірақ менің жігерлендіретін, рухтандыратын ән жаздырғым келіп жүр, сүйген жарыма, отауымның иесі — азаматыма деген сезімімді әнмен де, сөзбен де жеткізу мүмкін емес, ол менің жүрегімде мәңгі өшпейтін сезім екенін өзім білемін, ал жаңағыдай қайғыдан қан жылаған ән айтпаймын деп шештім. Басыма осындай қайғы түсіп, аза тұтып отырған күндерімде мен жұбанышты да, тіректі де Алланың хақ жолынан, дініміз исламнан алдым, барлық сұрағыма жауапты да діннен таптым»,- дейді әнші Баян Нұрмышева.
XS
SM
MD
LG