Accessibility links

Нұржұман Ықтымбаев: Хореография училищесіне хорда ән айтуды үйретеді деп бардым ғой


Қазақстанның халык әртісі Нұржұман Ықтымбаев, Алматы, 13 наурыз 2009 ж.
Қазақстанның халык әртісі Нұржұман Ықтымбаев, Алматы, 13 наурыз 2009 ж.

Мәскеуде өткен Адам құқы жөніндегі фильмдердің халықаралық «Сталкер» фестивалінде қазақстандық «Сталинге сыйлық» фильмі ең үздік шетелдік туынды деп танылған еді. Одан кейін Орынбордағы "Восток-Запад" фестивалінде «Сталинге сыйлықта» Қасым қартты сомдаған Нұржұман Ықтымбаев «Ең үздік рөл» номинациясында жеңімпаз атанды.

Картина үйлестірушілерінің сөзіне қарағанда мұндай номинация бұрын болмаған көрінеді. Алайда, қазылар алқасы картинаны көріп, қазақ актерінің еңбегін атап өткенді жөн санаған екен. Осылайша Нұржұман Ықтымбаев кино саласындағы өзінің кезекті сыйлығын алды.

Қазақстан Республикасының халық әртісі бүгінде өзінің қатысуымен түсірілген фильмдердің 150-ден асып кеткендігін айтады.

– Бала кезіміз соғыстан кейінгі жылдарда өтті, – деп бастады өз әңгімесін Нұржұман Ықтымбаев.

Алматы облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Алтынемел деген жерде дүниеге келген ол туған ауылында қазақтың қисса-дастандарын жаттап өскенін айтады.

– Әлі есімде, соғысқа кеткен ағаларымыз 1949-50-ші жылдары ғана келе бастады. Біздің ауылдың сол шал-кемпірлері мен жесір әйел, қыз-келіншектердің көңілдерін аулау үшін арнайы «соғым басы» деп кеш ұйымдастыратынбыз. Соғым болғанда ол ешкі сойса да соғым дейді, қой сойса да соғым дейді. Сөйтіп, кеш басталғанда бізден үлкендер қиссаларды айта бастайды, содан олар шаршағанда бізге кезек келеді. Біз өз кезегімізде бар білетін қисса-дастандарды таңнан-таңға дейін айтатынбыз. Кейде көзіміз ілініп кететін болу керек, сонда жанымыздағылар түртіп оятып отырады. Келген жерімізден одан әрі қарай жалғастыра беретінбіз. Әсіресе, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырларын тоқтаусыз айтқызатын, – деп еске алады актер.

Соғыстан кейінгі жылдардың жастары ерте есейді дейді сұхбаттасымыз. Сондықтан ол 7-ші сыныпты бітіргеннен кейін, 1957 жылы оқу іздеп, ауылдан Алматыға келіпті. Алайда, әнші болуды армандап келген жас ойда жоқта хореографиялық училищеге түсіп кеткен екен.

– Вокзалдан түсе салдым да консерваторияға келдім. «Хореографиялық училище» деген жазуды көрдім де хор үйрететін оқу орны екен деп, құжаттарымды тапсырдым. Бірақ, әбден емтиханға келгенде мені өткізбей қойғаны, – деді Нұржұман Ықтымбаев.

Қолы қалт еткенде Нұржұман Ықтымбаевтың күмістен белбеу соғатын да өнері бар. Алматы, 13 наурыз 2009 ж.
Оның училищеге қабылданбауына оқу бітірген құжатында Байжұманов деп жазылған фамилиясы жеке куәлігінде Ықтымбаев деп көрсетілгені басты себеп болған екен.

– Мұны енді кім шешеді деп сұрасам, бір «пысықсымақ» мұғалімдердің бірі «министр шешеді» деді. Сосын расымен министр шеше ме десем, «иә» деді. Сөйтіп, Мәдениет министрлігіне тура тарттым. Қабылдау бөлмесіне барып министрді күтіп отырдым. Өзіне кіріп баруға батылым жетпеді, сосын хатшы қызға мән-жайды айттым да отыра бердім.

Тура бір апта өткенде жас Нұржұманға ұзақ күткен мәдениет министрімен кездесудің сәті түсіпті.

– Есімнен әлі кетпейді, жұма күні болатын. Министр хатшы қызға: «мынау еден сыпырушының баласы ма? мұнда неге күнде отырады, үйіне жіберсейші» деді. Сосын хатшы: «жоқ, бұл бала сізді күтіп жүр» дегені сол-ақ екен, министр маған жалт қарады. Сосын мен де саспай барып «Ассалаумалейкум!» дедім. «Уағалейкум ассалам, қане жүр, қандай шаруамен жүрсің?» деп, мені өз бөлмесіне кіргізді. Жағдайды түсіндіріп едім, менің атымнан хатшы қызға арыз жазғызды да өзінің қолын қойып, училищенің директорына алып бар деп қайтарып жіберді, – дейді Нұржұман аға.

Сол кездегі министрден сәлемдеме алған училище директорының түрі әлі күнге дейін есінде екенін айтады актер. Сөйтіп, емтихандар әлдеқашан өтіп кетсе де бозбала оқуға қабылданған. Алайда, талапты жас соншама жүгіріп жүріп түскен оқуының әншілікке қатысы жоқ екендігін әбден оқу басталып кеткеннен кейін барып бір-ақ біліпті.

– Он күннен кейін үлкен залға әкеліп шешіндіре бастады. Шошып кеттім, ештеңені түсінбей, аң-таңмын. Қорыққанымның екі себебі бар, бірі – бұрын -соңды бөтендердің арасында шешініп көрмегенмін, екіншісі – ішкі киіміме шешем тігіп берген қалтада ақша бар, соны алғалы жатыр деп ойлап қалдым. Сонда барып «Бұл не бәле? Мен әнге түсіп едім ғой» деп ойлана бастадым. Сөйтсем, бидің оқуына түсіп кетіппін.

Одан кейін Дүнгенбай Ботбаевқа барып мән-жайды түсіндірдім. Ағамыз жетектеп жүріп, шіркеудің жанындағы джаз эстрадасына алып келді. Құжат тапсырған 600 адамның ішінде 7 адам оқуға түстік. Мен домбыра класына түстім. Ұстазым Ұлықпан Мұхитов – атақты күйші. Келесі ән бөлімінің ұстазы атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев екен, осылайша мен Ғарифолланың алғашқы ресми шәкірті болдым, – дейді Нұржұман аға.

Содан Нұржұманның әншілік өмірі басталады. Ал оны алғаш рет кино әлеміне Сара Жорабаева әкеліпті.

– 1962 жылы кезекті бір концерт аяқталғаннан кейін, бір сұлу, көрікті келіншек келіп: «менің атым Сара Жорабаева» деп өзін таныстырды. Сосын ол менен: «Киноға түскіңіз келеді ме?» деп сұрады. Мен, ойымда түк жоқ, «әрине» деп жауап бердім. Содан мені киностудияға алып барды. Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізімен» деген фильміне байқау өткізіп жатыр екен. Көп күттім, біреулер кіріп-шығып жатыр. Әйел-еркегі аралас шылым шеккендер. Шынымды айтсам, көңіліме жақпағандықтан, Сара апамыздың көзін ала бере қашып кеттім. 1966 жылы Жаркенттемін, балаларға жаттықтырушы болып жүргенмін. Кейбіреуінде 1-ші, 2-ші разряд бар. Кейбіреулері спорт шеберлігіне кандидаттар. Сол жігіттер киноға түсуге бақтарын сынап барғанда, алаңда түсірушілермен сөзге келісіп қалып, соққыға жығылады. Олар дереу «ұстазы қайда?» деп, мені шақырады. Кино түсіріп жатқан алаңға келгенімде, бір көргеннен Сара апамыз көзіме оттай басылды. Сол кезден бастап Сара апамыз мені мықтылап қолына алды, – деп еске алады актер.

Бүгінде Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев Абдолла Қарсақбаевты «өнердегі әкем» деп атаса, Сара Жорабаеваны «өнердегі анам» деп бағалайтындығын айтады.

«Себебі, адамның бойындағы талант ол бір бөлек те, ал оны байқап, тани білген, соған демеу болу деген бір басқа» дейді Нұржұман аға.

Оның киноға түсуі өткен ғасырдың 60-сыншы жылдарының басында Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізімен», Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезеңінен» бастау алды. Осы уақытқа дейін 150-ден аса фильмге түсіп үлгерген актер өзі үшін сол шығармалардың әрқайсысы қымбат екендігін айтады.

Бүгінде Нұржұман Ықтымбаев 3 баланың әкесі және 2 немеренің атасы. Ол өз немерелерін қазақи ортада, қазақтың әдет-ғұрпының шеңберінде тәрбиелеген дұрыс деп санайды.

«Кинодағы түсірілімдер мен дубляждардан қолым босағанда домбыраны қолыма алып, ән айтқанды жақсы көремін» дейді сұхбаттасымыз. Халық әртісінің қолы қалт еткенде зергерлікпен айналысып, күміс белбеу соғатын да өнері бар екен.
"Сталинге сыйлық" фильмінен көрініс.

Нұржұман Ықтымбаевтың кейінгі түскен фильмінің бірі Рүстем Әбдірашевтың «Сталинге сыйлық» картинасы. Аталмыш фильм Пусанда өткен ХIII халықаралық кинофестивалді ашып, одан кейін Франция, Америка елдерінде көрсетіліп, талай байқаудың жүлдесін олжалап үлгерді.

Бұл картина Адам құқы жөніндегі фильмдердің XIV халықаралық «Сталкер» фестивалінде «Ең үздік шетелдік туынды» деп танылып, фильмде қарт Қасымды сомдаған Нұржұман Ықтымбаев Орынборда өткен келесі бір байқауда «Ең үздік рөл» номинациясында жеңімпаз атанды.

Картина ауторларының сөзіне қарағанда бұл номинация бұдан бұрын берілмеген екен. "Сталинге сыйлық" фильмінде Нұржұман Ықтымбаев темір жол бойында жұмыс істейтін қария Қасымның ролін сомдайды. Ол соғыстан кейін Қазақстанға келген өзге ұлт өкілдерінің арасынан, ата-анасынан айырылған еврей баласын асырап алады. Содан кейін соны қазақтың салт дәстүрлерімен таныстырып, өз баласындай тәрбиелеген мейірімді жан. Нұржұман аға өз сөзінде "бұл образ сол кездегі барша қазақтың бет бейнесі" деген болатын.
XS
SM
MD
LG