Accessibility links

Қалдыбай Әбенов: Назарбаевтың бейнесі "жағымды" етіп көрсетілмегені үшін "Аллажардың" жолы болмады


"Аллажар" фильмінің режиссері Қалдыбай Әбенов.
"Аллажар" фильмінің режиссері Қалдыбай Әбенов.

Желтоқсанның ақиқатын ашып көрсеткен «Аллажар» сынды фильмнің тағдыры да желтоқсаншылардың тағдырына ұқсап, халыққа әлі де кең таралмай отыр. «Аллажардың» режиссері Қалдыбай Әбеновпен сұхбат.

— Желтоқсан оқиғасынан бері жиырма екі жыл өтсе де, әлі күнге осы тақырыпқа арналған фильмдер саусақпен санарлықтай ғана екені белгілі, ал сіздің осы тақырыпқа баруыңызға, яғни «Аллажарды» қолға алуыңызға не себеп болды?

— Әрине, ең басты себеп қазақ жастарының тәуелсіздік, елдік үшін рухы мен намыстарын ту етіп, мемлекеттігімізді сұрап, алаңға шыққан ерлігін көрсету, бұл біздің тарихымыз, бір жағы мақтанышымыз болса, екінші жағынан қасіретіміз. Қасірет дейтініміз Қайрат, Ербол, Ләззаттарымыздың қыршын кетуі, мыңдаған қазақ жастарының Батыс мазарында белгісіз төмпешікке айналып қалғандығы, мақтанышымыз дейтініміз бұл бізді тәуелсіздікке апарған бірден-бір көтеріліс, тарихымыздағы соңғы үш жүзден аса көтерілісті білетін болсақ, соның ең маңыздысы да, мемлекеттігімізді қайтарған да осы - Желтоқсан оқиғасы. Сондықтан бұл біздің әркез мақтанышымыз болып қала бермек.

Келер ұрпаққа қыршын кеткен ерлердің ерліктерін үлгі ретінде көрсету, қазақтың мүддесі үшін, қазақ жастарының қандай ерлікке барғандарын дәріптеу мақсатымен түсірілген фильм ғой. «Аллажар» деген атауының өзі ежелгі ата-бабамыздан келе жатқан жалбарыну ғой, біздің бабаларымыз қиналған сәтте Жаратушыға сиынатын. Желтоқсанға қатысқан жастар да «Я, Аллам, өзің жар бола гөр!» деп шейіт боп жатты. Мұның атауының өзіне алғашқы күннен бастап тиіскен еді, ол кез шындықты айту қиын, Колбиннің тақта отырған кезі еді ғой, осындай уақытта фильмді бастау да оңай болған жоқ.

— «Аллажар» фильмі 1988 жылдан 1996 жылға дейін түсіріліпті, бір фильмнің сегіз жыл түсірілуіне не себеп болды, қаржылық қиыншылық дейін десек, фильмнің бюджеті 150 мың доллар болыпты, бұл сол кездегі өлшеммен аз ақша емес қой, әлде басқалай кедергілер болды ма?

— «Аллажар» фильмінің атына тиісуден басталған шабуыл, оның затына да, идеясына да қарсы болды, үкіметтің мақсаты белгілі — Желтоқсанның ақиқатын халыққа жеткізбеу. Мені қаржылық жағынан тықсырып, жұмысты тоқтатуға мәжбүрлеген соң мен өзімнің «Барыс» атты киностудиямды ашып, жұмысты сонда жалғастырдым.

Кинопленка деген дүние бар ғой, оны сақтап тұру деген өте қиын шаруа. «Аллажарға» арналған бір вагон пленканы демеушілерімнің арқасында Украинадан сатып алғанмын, оны барлық заңдылығына сай сақтай алатын қойма «Қазақфильмде» ғана бар. Ал ондағылар мені тұншықтыру мақсатында олардың қоймасына қойған пленканың әрбір қорабы үшін күніне бес сом айыппұл салып отырды. Бір вагон пленка үшін ай сайынғы айыппұл миллиондаған ақша болды, әрине, мұндай қыспаққа мен сияқты жалаңаяқ режиссер емес, миллиардер де шыдай алмас еді.

Сөйтіп үш айдың ішінде банкрот болдым, содан кейін, «Қазақфильмнің» күзетшілеріне арақ әперіп, екі Камазбен өз пленкаларымды өзім ұрлап қаштым. Оларды таныстарымның, демеушілерімнің үйлерінде, әр кез ауысып тұрған жалдамалы пәтерлерімде сақтаймын деп, біразының сапасын құртып алдым.

Арада біраз жыл өтті, тәуелсіздік алдық, теңгеміз шықты. Сол кезде мен қайтадан ақша іздей бастадым. Сол кезде «Барысқа» Шералхан деген жігітті директор қылып алғанмын, сол жігіт екеуміз тағы біраз адамдардың алдарынан өттік. Бұдан бұрын маған көмектескен Еділжан Құлсаров, Нәсимолла Құрманбаев деген жігіттер болды, солардың арқасында пленка алдым, материалдарды түсірдім. Сөйтіп 1994 жылға дейін жеттік қой, бұл кездері бір үзім нанға да зар болған күндер болды.

Шералхан біреулердің ақылы арқылы бір кәсіпкер жігітті тауып келді, ол мені таниды екен. Әлгі жігіт Жанат Дүзбаев деген КазГУдің желтоқсаншы студенті екен. Желтоқсанға байланысты қуғындалған кезінде оның оқуға қайтып оралуына біздің саяси акциямыздың барысында менің көмегім тиген екен. Жанат маған 400 мың теңге берді, бұл 1994 жылдың тамыз айы болатын. Жан-жаққа жасырып қойған пленканың өзін жинауға екі ай уақыт кетті. «Қазақфильмге» пленкамды жинап бітіп, уһ деген кезде тағы бір кедергіге ұшырадым.

Сол кездегі директор Ардақ Әмірқұлов Абайдың мерейтойына орай түсіріліп жатқан «Абай» фильмінен басқа жұмыстың бәрі тоқтатылсын деген бұйрық шығарды. Біз ақшаны аударып қойғанбыз, басталған жұмыс аяқ астынан осылайша тоқтатылды. Бұдан басқа да сағат кешкі 5-тен кейін жарықты сөндіру, сенбі, жексенбіде жұмыс істетпей, кілт бермей дегендей кедергілерді көп жасады. Сонда түсіріліп жатқан «Аллажар» мен «Абайдан» басқа фильм жоқ, өздері жұмыс істеп жатады, ал маған кешке жұмыс істеуге рұқсат жоқ, себебі «ты не наш, ты чужой» дейді. Өзімнің «Қазақфильміме», өзімнің қазағыма өзім «чужой» болуға да етім үйрене бастап еді, «Абайға» кедергі келтірме деп жұмысымды шорт кесті.

1994 жылдың қазан айынан 1995 жылдың тамызына дейін тоқтап тұрдық. Сол кезде қайтадан рұқсат берілді. Сыртқа шығарылып тасталған пленкаларымды тағы екі ай жинап жүрдім. Бірақ ол кезде біздің бір жыл бойы «Қазақфильмде» жатқан ақшамыз инфляцияға ұшырап, 40 мың теңге ғана болып қалды, тағы қарызға баттық. Жанаттан тағы ақша алдық, сөйтіп, 1995 жылдың 14 желтоқсаны күні алғашқы 4 сағат 5 минуттық редакциясын жасап біттік.

«Аллажардың» алғашқы тұсаукесері 1996 жылы 17 мамырда «Арман» кинотеатрының қос залында өтті, осыған дейін мен бұл туралы жазған бір де бір қазақ журналисін көрмедім, ал американдықатр мен шведтер мықты мақалалар жазды. Осы тұсаукесерден кейін үш айдың ішінде 60-тан аса мақала жарық көрді. «Аллажар» туралы алғашқы сүйінші сұрағандардың ішінде «Азаттық» пен «ВВС» де болды.

Сөйтіп 1996 жыл «Аллажар» үшін жеңісті болды, осы кезде Иманғали Тасмағамбетов маған үш бөлмелі пәтер беретін болды, Мемлекеттік сыйлық та берілетін болды. Мен енді «Аллажардың» күні туды, жолы ашылатын болды деп қуанып жүр едім. Осы кезде тағы бір қызық болды, фильмнің тұсаукесері біткен соң, пленканың бір көшірмесі жоқ боп шықты, қайда десем, Назарбаев сұратып алды деді.

Содан кейін екі ай өткенде Бішкектің жолында Мұхтар Шахановтың туған күнін тойлап отыр едік, бір қара мерседес келіп, Иманғали шақырды деп, қарсылығыма қарамай, премьерге алып келді. Имекең: Нұрекең фильмді көрді, жақсы екен деп отыр, бірақ ол кісінің мынадай ұсыныстары бар, — деп, бір қағазды алдыма жылжытты, қарасам ол ұсыныстар бойынша «Аллажарды» түк қалдырмай қысқартуым керек екен. Бұл болмайды дедім Имекеңе. Екеуміз қағазды бір-бірімізге итеріп, ақыры мен келіспеген күйі шығып кеттім. Ол кісі мен өз миссиямды орындадым, арғы жағын өзіңіз біліңіз деді.

Сөйтіп 1996 жылдың 16 желтоқсаны болды, біз сексендегі шешем екеуміз Каменка деген жерде суы жоқ, жылуы жоқ үйде тұратынбыз. Анам екеуміз теледидарды көріп отырмыз, жұрттың бәрі марапатталып, атақ, үй алып жатыр, ал «Аллажар» туралы бір сөз жоқ. Анам жылап, сен қайдасың, сонда деп көзіне жас алды. Мен қасыңдамын, апа, қамықпа, деп анамды жұбату арқылы өзімді алдарқаттым. Бірақ қатты түңіліп кеттім, сөйтіп осы жыл менің ең бір шарықтаған және сол биіктен құзға құлаған жылым болды.

— Фильмді түсірер алдындағы режиссер ретінде көздеген мақсатыңызға жете алдым деп ойлайсыз ба және «Аллажардың» туынды ретіндегі миссиясы орындалды ма?

— Әрине, әрбір режиссер өз шығармасын уақыт өте келе саралап, қайта жасауға даяр болады, мен де мүмкіндік болса «Аллажарды» қайта жасар едім. Бірақ фильм жалпы алғанда тарихтың, халықтың, Желтоқсан қаһармандарының алдындағы миссиясын орындады. Осының негізінде «Желтоқсан» бірлестігі мен партиясы құрылды, саяси-әлеуметтік акциялар жасалды. Бұл туралы сөз аз айтылса да, фильм өз орнын иеленді, мақсатына жетті деп айта аламын, «Аллажардың» атын атаудан ресми ақпарат құралдары қорыққанымен, 20 жылдықтың барлық материалдарында біздің суреттер мен құжаттар пайдаланылды.

— Жиырма екі жылда Желтоқсанның шындығы толық ашылмаса да, ол туралы қилы-қилы әңгіменің айтылып, жазылып жүргені жасырын емес, бірақ осы тақырып тек желтоқсан айында ғана қозғалатын сияқты, жастардың қаны төгілген алаңда салынып жатқан құрылыстың жайы да біраз сөз болды да, бәсеңсіп қалғандай, Желтоқсанның жоқтаушысы ретіндегі көзқарасыңыз қалай осыған?

— 2006 жыл мен үшін тағы да қасіретті жыл болды, осы жылы Шаңырақ көтерілісі болды, менің досым Арон Атабек сотталып кетті, мен Желтоқсанның 20 жылдығына орай «Аллажарды» көрсетіп жүріп, досымды қорғау үшін Шаңырақтың сотына да қатыстым. Сол кезде алаңдағы құрылыс басталып кетті, біз Жасарал Қуанышалин, Дос Көшім, Айсұлу Қадырбаевалар қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке «Қасиетті қазақтың қаны төгілген, Желтоқсанның рухы бар алаңды жынойнаққа айналдырмайық» деген мағынада хат жазып едік, оған Имекең Республика Сарайындағы 2006 жылғы тұрғындармен тікелей кездесуінде: «Шуылдаған бес адам маған не істей алады, жалпақ жұрт үндеген жоқ» деді. Біз айқайлаған күйі қалдық, журналистер айтты, жазды, бірақ іс нәтижесіз болды, бұған біз риза емеспіз.

Бұл дұрыс емес, өркениетті елдердің астаналарында өздерінің тарихи жерлерін қадірлейді, Мәскеудің Қызыл алаңы сияқты, мәселен. Ал бізде өзіміздің рухымызға, тарихымызға қатысты нәрсенің бәрі құртылып отырады. Осындай жағдай 2006 жылы болды, яғни алаңымызға шабуыл жасалды. Және алты сотық жеріне соңғы теңгесін шығарып, үй салған қазақты баспанасыз қалдырғаны үшін мен Иманғалиға реніштімін. 2006 жылғы кездесуде оны өзіне де айттым. "Имеке, Желтоқсанның 20 жылдығын осылай қарсы аламыз деп ойламап едім, желтоқсан айы бастала сала шыршалар жағылып, жаңа жылдың жарнамасы қаптап кетті, ал Желтоқсан туралы сөз болған жоқ, мұндай тарихқа деген немқұрайдылық пен Шаңырақтағыдай қазақтың қасіреті бізді алысқа апармайды" дегенімде, оның көмекшісі Аида Балаева: " Сізді шақырып құрметтеген кісіге рахмет айтпайсыз ба" деп ренжіді.

Алматының Абай мен Желтоқсан көшесінің қиылысынан ашылған Желтоқсанның 20 жылдығына деп жасалған ескерткіш те сәтсіз деп есептеймін, СССР-дің кезінде мұндай ескерткіш әр қалада, әр көшеде болған, оның тұрған жері де ыңғайсыз, көліктің айналып өтетін жерінде тұр. Желтоқсанның рухы жоқ, бір қолында еден сүртетін шүберегі, бір қолында қанаты сынық қарғасы бар әйелдің ескерткішіне кім тағзым етеді?!

Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығынан бері қарай, соңғы екі жылда бұл туралы айтқыздырмауға тырысады, яғни үнсіз өтіп жатыр, қазақтың тарихын түбегейлі жоюға деген ұмтылыс деуге болады мұны. Соңғы уақыттардағы Малыбайдағы, Шелектегі, Маловодныйдағы оқиғалар осының салдары деп ойлаймын, яғни ұлттық мүддесін құрметтемеген халық өзге жұрттың табанының астында қалып жатыр. Қазақ халқы дәл қазір өте қауіпті жағдайда отыр. Тілге, ұлттық мүддеге байланысты саясат мемлекеттік деңгейде болуы тиіс, бұл екі мәселе де мемлекеттің қауіпсіздігінің кепілі, осыны ескермеген ел құрдымға кетеді.

— Соңғы кездері Желтоқсан оқиғасына Н.Назарбаевтың да қатысы бар деген сыңайдағы әңгімелер жиі айтылып жүр, сол уақыттағы мемлекет басшысының ресейлік басылымдарға Желтоқсанға қатысты пікір білдіргені мәлім, осы сияқты көріністерді сіз экраннан көрсете алдыңыз ба?

— Фильмде Назарбаевтың үш келбеті бар, біріншісі руға, жүзге бөлінбе дегені, екіншісі СССР-дің соңғы құрылтайында айтқан «Желтоқсан демократиялық қозғалыстардың алғашқы қарлығашы болды» деген сөзі, сосын 1986 жылы желтоқсандықтардың бәрін «алқаштар, нашақорлар, бұзықтар» дегені де бар, соны алып тастасам, фильмнің жолы әлдеқашан ашылар еді. «Аллажарда» Күлтегіннен бастап, Назарбаевқа дейінгі мемлекет басқарғандардың бәрінің келбеті бар.

— Сіз бір сөзіңізде фильмді түсіру кезінде «Қазақфильмнің» берген администраторы ҰҚК-нің тыңшысы болып шықты деген едіңіз, осы туралы таратып айтып беріңізші?

— 1989 жылы осы фильмді бастаған кезде «Қазақфильмнің» сол кездегі директоры Сламбек Тілеуқабылұлы Тәуекел мені шақырып, бір жігітті администратор қылып аласың деді, әрине, бастық айтқасын алдым. Сол жігітке дейін менің сценарийімді КГБ, ЦК КПСС органдарының ешқайсысы ала алмай отыр еді. Сол администратор келгеннен кейін екі-үш айдан соң мені Орталық Комитет шақырды.

Менің сценарийім сонда жатыр екен, ондағылар маған: қыздарды зорлау болған жоқ, ешкімге су шашылған жоқ, қан төгілген жоқ, қаланың сыртына ешкім апарылған жоқ, бас жару, оқудан шығару болған жоқ, сондықтан мына сценарийдегі «шындыққа жанаспайтын» эпизодтарды алып тастау керек деді. Сонда мен олардан: — Біздің жастар 17 желтоқсанда парадқа шықты ма сонда? — деп сұрап едім, — Онда сіздің шаруаңыз болмасын, мына сценарийді қайта жазу керек, әзірше бұл фильмді консервацияға жабамыз деді.

Киностудияға келсем, Сламбек Тәуекел: «жоғарыдан қоңырау түсті, фильм консервацияға жабылады» деді. Концервацияға жабылу деген фильмді тоқтату, оны құрдымға кетіру деген сөз болатын. Фильм жабылса да, менің түсіру тобым қасымда алты ай жүрді. «Аллажар» басталған кезде мен Мәскеуден Александр Лапшин деген драматургті шақырған едім. Оған: Саша, біз Желтоқсанға қатысушыларды табайық, солар не айтса, соны жазамыз дедім. Ол қуана кірісті. Сөйтіп біз сол кездегі Театр және кино институтына, Қыздар педагогикалық институына, КазГУ-ге бардық, ондағылардың бәрі бізді КГБ-ның тыңшылары деп ойлап, қаша бастады.

Өстіп жүргенде жаңа жыл болып, Саша үйіне барып келді. Ол келген кезде Хасен Қожа-Ахмет, Аманжол Нәлібаев, Жансая Сәбитова, Ерлан Дәкелбаевтардың түрмеден шыға бастаған кезі еді. Осыларды тауып, сөйлесе бастадық және менің қасымда актерлік факультетті бітірген Әсия Малимова деген қарындасымыз бар еді, ол да құрбыларымен алаңға шыққан екен. Сол Әсия өз достарын шақырып берді, осылайша «Аллажардың» айналасында «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі деген алғашқы саяси ұйым бірікті. Американың Хельсинки құқық қорғау комитетінің тобының өкілдері маған келіп, «Аллажардың» материалдары бойынша Вашингтоннан кітап шығарды, онда мен барлық ақиқатты ашып айтқанмын.

— Сіздің фильміңіз туралы бір кезде пайдаланған әуендеріне авторлардан рұқсат алмапты, сол себепті прокаттың заңдылықтарына жауап бере алмайды деген сөздер айтылып еді, бұған не дейсіз?

— Басында «Аллажардың» композиторы Қуат Шілдебаев болды, ол жазып берген музыкаға мен қанағаттанған жоқпын, дегенмен кейін фильмді қысқарту барысында қайта жаздырамын деген оймен қосып жібергенмін. «Қазақфильмнің» тарихында Баққожа Қасымжановтай «Аллажарға» оң көзімен қараған директор болған жоқ. Сол кісі «Аллажарды» прокатқа шығарамыз деген кезде 2001 жыл болатын, сонымен фильмді қысқартайық деп келістік те, Бекболат Тілеухан композитор болатын болды.

Сол кездегі мәдениет департаментінің бастығы Бекең мені шақырып, фильмді көргісі келетінін айтты. Сөйтіп келіп көрді, қысқарту жұмыстарына ол көмектесетін болды. Қысқарту үшін тағы әр жерде жатқан пленкаларымды жинап, қарашаның 11-де бастаған жұмысты 11-желтоқсанда аяқтадым. Музыкасын жазамын деген Бекең маған 3-4 оранжировщик жіберіпті, олар маған музыка емес, дыбыстар үзіндісі жазылған бір нәрселерді алып келіпті. Оны мен қабылдамадым, сонымен маған доқ көрсетіп, олар кетті, Бекболатқа айтамыз деп. Дайын музыка болмағандықтан Альфред Шнитке, Гия Канчели деген композиторлардың музыкаларын пайдаландым, бұл музыкалар фильмге жақсы үйлесіп тұр, бірақ ұлттық бояуы жоқ болғандықтан, менің өзім риза болмадым.

Сөйтіп мына музыкамен прокатқа шыға алмаймыз дегенді мен өзім айттым. 14 желтоқсан күні Астанаға апарып, «Синема ситиде» жаңа редакциясының тұсаукесерін жасадық. Бекең маған ренжіді, Астанадан келген соң жұмысты жалғастырамыз ғой деп ойлап едім, ол кезде Баққожа ағамызды қызметтен алып тастады, сөйтіп «Аллажардың» жолы тағы кесілді, содан бері алға жылжыған жоқпыз.

— Қазір не жұмыстармен айналысып жүрсіз? «Аллажардың» мағыналық жалғасы болуы мүмкін бе?

— 751 жылғы Талас шайқасына байланысты Түркілер деген сценарий мен бүгінгі мәселеге қатысты "Шаңырақ шайқасы" деген жұмысым дайын тұр. Бұдан басқа қазақтың тағы бір қасіреті — қазақ қыздарының Саин көшесіндегі тағдыры туралы журналист Нұрлыбек Саматұлының «Не істеп жүр Алматыға келген қыз?» әңгімесінің желісінде жазылған «Аңсаған ару арманым», «Тас хикая» тақырыбындағы сценарийлерім «Қазақфильмде» жатыр, бүгін түсір десе де мен дайынмын. Жалаңтөс бабамыз туралы да бір жұмыс бастап жазу үстіндемін.

Мен 1986 жылы ВГИК-ті бітіріп келгелі өзіміздің қазақтың киностудиясында бір де бір кино түсіре алмай келемін. Сценарий десе, ол дайын тұр, режиссер десе біз біршама көппіз, қолымыздан іс келеді, ешқандай да Бодровтың да, Пассердің де керегі жоқ. Кино түсіруге мүмкіндік болмай тұрған кезде біз режиссер екенімізді қалай дәлелдеуіміз керек? Қазақтың режиссерлері жұмыссыз жүрген соң, актерлер де бос жүр, болашақ операторлар да тәрбиесіз қалып отыр. Бізге атақ-даңқтың керегі жоқ, тек жұмыс істеуге мүмкіндік берсе болды.

Ал, «Аллажардың» жалғасы дегенге келсек, әрине болады. Жаңағы мен айтқан «Шаңырақ шайқасы» осы «Аллажардың» заңды жалғасы іспетті, өйткені оның басты кейіпкері желтоқсаншы Арон Атабек. Ал «Аллажарда» өзін ең алғаш актер ретінде танытқан Ахан Сатаев қазір өзі режиссер, «Рэкетир» деген фильм түсірді. Қазір Аханның өзі де сол рөлін жалғастыратын келбетте, сонымен бірге оның қарсыласы Алексей Шемис деген Екатеринбургтен келіп, бүгінде алматылық болып кеткен актер де кемеліне келді, осы екеуінің жиырма жылдан кейінгі тағдырын тоқайластырып көрсететін де жобам дайын тұр, тек ықылас пен қаржы жетпей тұр.
XS
SM
MD
LG