Accessibility links

Токиода жүлде алған “Қызғалдақ” Голливудты бағындырмақшы


"Қызғалдақ" фильмінің продюсері Гүлнар Сәрсенова. Қазан, 2008 жыл.
"Қызғалдақ" фильмінің продюсері Гүлнар Сәрсенова. Қазан, 2008 жыл.

Токионың биылғы Халықаралық “Сакура Гран-при” кинофестивалінде Ресей-Қазақстан бірлесіп түсірген “Қызғалдақ” (Тюльпан) фильмі Бас жүлде алып, қазылар алқасының төрағасы Джон Войт оны “теңдессіз көркемдік жетістік” деп сипаттады. Шығармадағы барлық рөлді қазақ актерлері сомдады. Фильм туралы Азаттық радиосына оның продюсері Гүлнар Сәрсенова әңгімелеп берді.

Осы сұхбаттың алдында белгілі кинотанушы Гүлнар Әбікеева продюсер Гүлнар Сәрсеноваға 2008 жылдың “Азия киносының жыл продюсері” мәртебесі берілгенін хабарлады. Яғни Гүлнар осындай мәртебелі атаққа Орта Азия елдері мен Қазақстаннан ғана емес, бүкіл Азия құрлығынан тұңғыш ие болып отыр.


Фильм Қазақстанның “Техасында” түсірілді...

- Гүлнар, рөлдердің көпшілігін қазақ актерлері ойнағаны рас па және режиссер кім?

- Ия, барлық рөлді түгелдей қазақ актерлері орындады, оның ішінде тек біреуі ғана кәсіби актер болса, қалғандары сырттан шақырылды. Сонымен қатар фильм түсірілген кенттің жергілікті тұрғындары да белсенді атсалысты. Фильм Оңтүстік Қазақстан облысында, шопандар отар-отар қойларын жайып жүрген Бетпақдалада, табиғаты да, ауа райы да өте қиын, күрделі жағдайда түсірілді. Ондай жағдай көркем туындының сценарийі бойынша да қажет болатын.

Фильмді ресейлік режиссер Сергей Дворцевой түсірді. Бірақ ол Оңтүстік Қазақстан облысында туып өсті, сондықтан да кіндік қаны тамған жерінің ерекшеліктерін жақсы білді. Ол 25 жасына дейін Шымкент қаласында тұрып, жұмыс істеген.

- Қазақстанның “Техасында” дейсіз ғой...


- Ия-ия, Қазақстанның “Техасында” (күледі), ал Сергей Дворцевой өзінің туып-өскен жерін әлі ұмыта қоймаған және жан-тәнімен сүйеді. Сол себепті де ол қазақ шопандарының тіршілігі туралы фильм түсіруге бел буыпты.

- Гүлнар, ал сценарийді кім жазды?

- Сценарийді де Дворцевойдың өзі жазып шықты, сценарий өте жеңіл. Сюжеті бойынша әскери теңізші болып борышын атқарып армиядан оралған жас қазақ жігіті ауылында қалып, шопан болуды ойлайды. Отар-отар қой алып, нағыз шопан болғысы келеді. Бірақ шопандар бригадасының басшысы оған: “сен үйленбесең, жалғыз бас жүріп құрисың” – деп ақыл айтады.

Фильмнің жалпы желісі бойынша жігіт өзіне қалыңдық іздеп жүріп, Қызғалдақ (Тюльпан) есімді бойжеткенге ғашық болады. Ақыр-аяғында Қызғалдақты жанындай сүйеді, бірақ туындыда бойжеткеннің өзі көрінбейді.

- Кешегі әскери теңізшінің рөлін кім сомдады?


- Асхат Көшеншереков. Оның өзі шығармашылығын енді бастаған жас режиссер, өткен жылы біздің Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірді. Біздің фильмде ол басты рөлді орындады.
"Қызғалдақ" фильміндегі басты рөлді қазақ актері Асхат Көшеншереков сомдады.

- Гүлнар, хабарға қарағанда, “Қызғалдақ” туындысы Ресей мен Қазақстанның, Германия мен Швейцарияның және Польшаның бірлескен жобасы көрінеді. Ресей мен Қазақстаннан басқа елдердің туындыға қандай қатысы бар?

- Аталған елдерден негізінен қорлар өздерінің қаржысымен де, техникалық демеуімен де атсалысты. Олар бүкіл фильмді түсіру барысына қатысты, туындыны түсіру бастан-аяқ қазақ жерінде өтті. Ал “пост продакшн”, яғни түсіріліп болғаннан кейінгі кезең Германия мен Швейцарияда және Польшада болды.

Олардың ішінде Польша өзінің әкімшілік ресурстарын ұсынды – біздің білгір операторымыз болды, біздің бас операторымыз - тегі поляк қызы - керемет кадрларды түсірді. Бір сөзбен айтқанда, өте сауатты әрі кәсіби тұрғыдан өте жоғары операторлық жұмыс болды.

Көркем туындының продюсерлері С.Дворцевой, мен және Карл Баумгартен болдық. Соңғысы “Пандора-фильмнің” өкілі, кезінде дүние жүзінің киноөнері үшін Эмиль Кустурица мен Ким Ки Дукті “ашып берген” әйгілі продюсер.


“Қызғалдақ” фильмі Қазақстанның атынан... Голливудқа барады


- “Қызғалдақ” фильмімен сіз тағы қандай халықаралық кинофестивальге қатысуды жоспарлап отырсыз?

- Қазір көркем туынды “Азияның Оскары” деп аталатын “Пэсифик эйуордс” кинофестивалінің жүлдесін сарапқа салуға ұсынылды. Ол қараша айының соңында Аустралияда өтеді. Біз ол фестивальде де “үздік фильм”, “үздік режиссерлік жұмыс”, “үздік операторлық жұмыс” және “үздік актерлер ұжымы” атаулары бойынша сынға түсеміз.

Көркем фильм, сонымен қатар, Қазақстанның атынан шет тіліндегі үздік фильм ретінде ең мәртебелі “Оскар” сыйлығын алуға ұсынылды.

- Гүлнар, Азаттық радиосы сіздің “Азия киносының жыл продюсері” сыйлығын алғаныңыздан да хабардар. Азаттық ұжымы сізді осы сыйлығыңызбен шын жүректен құттықтайды!


- Ия-ия, рас! Үлкен рахмет! Бұл сыйлықты 6 жыл қатарынан Халықаралық Пусан кинофестивалі тапсырып келеді. Ал биыл 2008 жылдың сыйлығын маған беретін болып шешіпті, ал мен оған тек қуанамын және мен өте бақыттымын (күледі)...


Қазақстанның кинокөрермендері ұлттық фильмдерге бет бұрды

- Гүлнар, Қазақстанда небір жақсы фильм, тіпті үздік туындылар түсіріліп, мәртебелі кинофестивальдерде жоғары бағасын алып жататыны құпия емес. Алайда ең өкініштісі, ол фильмдер ел ішіндегі көрермендеріне көбіне жетпей жатады, тіпті жетпейді. “Қызғалдақ” фильмін де дәл сондай тағдыр тосып отыр ма?

- Жо-о-оқ! Біздің ұлттық туындыларымыздың және қазақ жерінде түсірілген фильмдердің, тіпті бірлескен жобалардың прокатына қатысты ахуал өзгерді. Мысалға “Моңғол” фильмі, менің бірінші фильмім, Қазақстанның прокатында болды, ең алдымен Қазақстанда болды және айтарлықтай ақша түсірді. Содан кейін ғана өзге елдердің прокаттарына шықты.

“Қызғалдақты” да мен Қазақстанның прокатына әзірлеп жатырмын... Алайда біз оны прокатқа әзірлеуге кіріскенімізде, Германиядан жіберілген 4 көшірмесінің де пленкасының сапасы нашар болып шықты. Қазір барлық көшірмені қайта жасап жатырмыз және титрын жазу үстіндеміз. Өйткені, фильм қазақ тілінде түсірілді.


Қазақстанда кино өнер атаулының алдына шығады...

- Гүлнар, Қазақстанда кино өнері өзінің лайықты бағасын алып жатыр деп ойлайсыз ба?

- Осы жерде ерекше айта кету керек: Қазақстанда “Кино туралы” заң қабылданады, заңда кинопрокатқа зор мән беріледі. Өйткені, ұлттық сана-сезімнің оянуы киномен де тығыз байланысты. Оған қоса, басқа кез-келген ел сияқты, Қазақстанның беделі де өнер атаулының маңызы құрамдас бөлігі ретінде ұлттық кино өнерінің деңгейіне байланған.

Бірақ халқымыздың саны аз болғандықтан, прокат мәселесінде проблема туады. Міне, сол себепті де біз көбіне бірлескен жобаларға ден қойып жатырмыз. Өйткені, бірлескен жобалар арқылы біз өзге мемлекеттердің, әсіресе Ресей мен басқа да бұрынғы совет республикаларының нарық кеңістігіне шыға аламыз.

Тоқетерін айтқанда, іс алға басып, қазір көптеген фильм, соның ішінде өзім Бас директоры болған Бесінші Еуразиялық кинофестивалінде жеңіске жеткен фильмдер прокатқа шығарылды. Біздің кинокөрермендеріміз ұлттық фильмдерімізге бет бұра бастады, ал кинотеатрлар қазақтың ұлттық фильмдерін көрсету мерзімін ұзартуды сұрайтын болды.

Қысқасы, алда әлі талай белесті аламыз. Қазірдің өзінде алған белесіміз аз емес. Менің өз басым, продюсер ретінде де, елімнің қатардағы азаматы ретінде де, оған өте қуанамын!

- Гүлнар, әңгімеңізге көп рахмет! Азаттық ұжымы сізге жаңа табыстар тілейді!


АЗАТТЫҚ радиосының анықтамасы:
Сергея Дворцевойдың “Қызғалдақ” фильмі Канны қаласындағы (Франция) Халықаралық кинофестивальде “Ерекше көзқарас” байқауының Бас жүлдесін алды, Карловы вары (Чехия) Халықаралық кинофестивалінде “Хрусталь глобусы” жүлдесі берілді.

Гүлнар Сарсенова продюсер болған фильмдер:

1. Үлкен-Сергей Бодровтың “Моңғол” фильмі – Қазақстанның атынан 2007 жылы шет тіліндегі үздік фильм ретінде “Оскар” сыйлығына ұсынылды;

2. Германия, Ұлыбритания және Түркия бірлесіп түсірген “Базар” фильмі – Антальяның кинофестивалінде үздік туынды болып танылды, Локарнодағы Халықаралық кинофестивальді “ең үздік ер рөлі” үшін жүлде алды;

3. Американың тәуелсіз кинопродюсері Майкл Фицджеральдпен бірігіп Бертран Поверньенің “Электрлік тұман немесе конфедераттың өлімі” фильміне продюсер болды. Фильмді түсіруге ТФ-1 және Канал+ (Франция) телекомпаниялары да атсалысты;

4. Локарно кинофестивалінің Бас жүлдесінің лауреаты, режиссер Ермек Шынарбаевтың (Қазақстан) “Періштеге хат” фильмі.
XS
SM
MD
LG