Accessibility links

Есіргепов БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне шағымданбақшы


Рамазан Есіргеповты сот залына әкетіп барады. Тараз, 8 тамыз 2009 жыл
Рамазан Есіргеповты сот залына әкетіп барады. Тараз, 8 тамыз 2009 жыл

Есіргеповтың шағым хаты - БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне жіберілген алғашқы арыз болмағанымен, комитеттің қарауына түсетін бірінші іске айналуы мүмкін. Қазір шағым хаттың түпкілікті нұсқасын дайындаумен Қазақстандық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкерлері айналысып жатыр.


ЕНДІГІ ҮМІТ БҰҰ-ДА

Тараз түрмесінде жазасын өтеп жатқан тәуелсіз журналист Рамазан Есіргепов өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істің негізсіз, ал оның жүргізілуі мен соттың шешімінің халықаралық заң талаптарына қайшы болғандығын айтады.

Рамазан Есіргеповтың қолымен жазылған шағым хатты, оның әйелі Раушан өз атынан ұсынып отыр. Оның сөзінше, күйеуіне қатысты әділ шешімге жету үшін Қазақстандағы барлық сатыларды өткенмен, еш пайда болмаған.

- Өздеріңізге белгілі 2009 жылғы тамыздың 8-і Рамазанға қатысты Тараз соты, үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Одан кейін сол жылғы қазанның 22-і өткен апелляциялық сот алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Кейін Рамазан Есіргепов өзіне қатысты шешімді қайта қарауды сұрап облыстық қадағалау алқасына арызданды. Дегенмен, қадағалау органы сот шешімін қайта қараудан бас тартты. Биылғы мамырдың 24-і Жоғарғы сот бұл істің бақылау өндірісіне жіберілмейтіндігі туралы шешім шығарды. Осылайша Қазақстанның өз ішінде барлық инстанциялардан пайда болмаған соң, Рамазан БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымдану туралы шешім қабылдады, - дейді радиомызға журналистің әйелі Раушан Есіргепова.
Раушан Есіргепова сот ғимаратының алдында. Талдықорған, 20 қазан 2009 жыл

Комитетке жолданбақшы шағымда Қазақстан билігі бұл қылмыстық істі тергеу барысында бірнеше халықаралық заң талаптарының бұзылғандығы көрсетілген.

- Негізгі заң бұзушылық – азаматтық және саяси құқықтары жөніндегі халықаралық пактінің 14 бабының сақталмауында. Рамазан Есіргеповке қорғаушы жіберілген жоқ, әлі күнге дейін ол адвокатсыз. Одан өзге сот процесі барысында оған өзін қорғауға рұқсат берген жоқ. Рамазанға әлі күнге дейін сот шешімінің көшірмесі берілген жоқ. Соның салдарынан ол өзін жеткілікті дәрежеде қорғай алмады, - дейді Азатыққа сұхбат берген Раушан Есіргепова.

Одан өзге жүрегі сыр беріп, қан қысымы көтерілетін Рамазан Есіргеповке дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген. Ал 11 айға жалғасқан сот процесінде Рамазанның кәнісіздігін айтпақшы болған куәлар тыңдалған жоқ. Осындай бірқатар заңбұзушылықтарды алға тартқан Есіргепов БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі көмитетке шағым жазып отыр.

БҰҰ-НЫҢ ШЕШІМІНДЕ ЗАҢДЫҚ КҮШ ЖОҚ

Қазір Есіргепов шағымын кәсіби тұрғыда дұрыстап, ақырғы нұсқасын дайындау Қазақстандық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросына жіберілді. Бюроның құқықорғау орталығының жетекшісі Виктория Тюленеваның сөзінше, бұл шағым Қазақстан азаматтарыннан комитетке жіберілмекші алғашқы хат болмаса да, қарастырылуы мүмкін шағымның біріншісіне айналуы мүмкін.

- Себебі Есіргеповтың ісі қоғамда үлкен дау тудырған істердің бірі болып табылады, - дейді Викторя Тюленева.

Дегенмен комитет журналисттің шағымына қатысты қандай да бір шешім шығарғанымен, оның заңды күші жоқ, ол тек ұсыныстық сипатқа ие. Ал ол ұсынысқа Қазақстан билігі қаншалықты құлақ асады ол бөлек әңгіме дейді құқыққорғаушы. Арыз хатты дайындауға шамамен бір айдан аса уақыт кетеді дейді құқыққорғаушылар.

Еске сала отырсақ, 2009 жылғы тамыз айында Тараз сотының шығарған үкімі бойынша тәуелсіз журналист Рамазан Есіргепов қызмет бабындағы құпияны заңсыз жариялады деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айрылып, оның қосымша екі жыл журналистік және баспа жұмысымен айналысуына тыйым салынған еді.
XS
SM
MD
LG