АБАҚТЫДАҒЫ КӨК ШАЙ
Тараз қаласында жазасын өтеп жатқан тәуелсіз журналист, «Алма-Ата инфо» басылымының бас редакторы Рамазан Есіргепов аштық акциясын бастады.
– Ол бүгін аштық акциясын бастады. Бұл ақпарат бүгін таңертең маған сенімді дереккөздер арқылы жетті, – деді Азаттыққа журналистің әйелі Раушан Есіргепова.
Дегенмен, Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі басқармасы бастығының орынбасары, әділет полковнигі Әміролла Оралбаев бұл ақпаратты растамады.
– Есіргепов ешқандай арыз жазған жоқ, ешқандай аштық жариялаған жоқ! – деді Оралбаев.
Тараз қаласындағы 158/7 түзету мекемесінің басшысы Бақтияр Түлепов те, сотталушы Есіргеповтың аштық жарияламағандығын айтады.
– Қандай аштық?! Бұл жерде көк шайын ішіп жүр ғой. Түске дейін менде болды, жеке сұрағына байланысты, денсаулығына байланысты. Емханадан жақында ғана шыққан, қан қысымы бар, қант диабетім бар дейді. Жалпы денсаулығы жақсы, өз аяғымен келді ғой бағана, – деді Түлепов.
ЖУРНАЛИСТ ҚАМАУДАН ӘЗІР БОСАМАЙДЫ
Мемлекеттік құпияны жариялады деген айып тағылып үш жылға бас бостандығынан айырылған журналист Рамазан Есіргепов, өткен аптаның басында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларына ашық хат жазған болатын. Онда ол өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істің әділ жүргізілуін талап етіп, ұйымға мүше мемлекеттер жетекшілерін ұйым төрағасы – Қазақстан билігіне ықпал етуді сұраған еді. Раушан Есіргепованың сөзінше, ашық хатқа әзірге ешкім жауап бермеген.
Барша Қазақстан Астана күні мен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнін тойлап жатқан 6 шілде күні журналисттің түрмеде отырғанына тура бір жарым жыл толды.
Заң бойынша егер ешқандай заңбұзушылықтар мен түрме басшылығынан ескертулер болмаған жағдайда сотталушы жарты мерзімін өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығып, немесе қоныстандыру колониясына көшіріледі. Мұндай мүмкіндік сотталушыға жаза мерзімінің үштен бірін өтеген кезде де беріледі. Дегенмен, өзінің жазған ашық хатында көрсетілгендей Рамазан Есіргепов бұл мүмкіндікке қол жеткізе алмады. Колония басшысы Бақтияр Түлеповтың сөзінше, оның заңды себебі болған.
– Есіргепов осы түзеу мекемесінде өткен жылдың желтоқсан айынан бері жазасын өтеп жатыр. Қаңтар айында оның ісін мерзімінен ерте босату туралы комиссия қарастырды. Келгеніне бір ай болған адамға біз мінездеме беруіміз керек. Ал біз оны әзірге жеткілікті білмейміз. Оның бізге келгендігіне 15-20 күн ғана болды. Сондықтан Есіргеповке комиссия рұқсат еткен жоқ, – деді радиомызға түсініктеме берген колония басшысы.
Оның сөзінше, Рамазан Есіргепов бұл жолы тағы да мерзімінен ерте босай алмайды. Себебі, қаңтар айының 21-і күні Рамазан Есіргепов колонияның ішкі тәртіп ережесін бұзып, сөгіс алған. Енді сөгіс жарияланған қаңтар айынан алты ай өткенде, яғни осы айдың аяғында мерзімінен бұрын босау туралы мәселе көтерілуі мүмкін, дегенмен оның шешімінің қандай болатындығын арнайы комиссия шешеді, - дейді Түлепов.
Тәуелсіз журналист 2009 жылы тамыз айында үш жылға бас бостандығынан айырылып, қосымша екі жыл журналистік және баспа жұмысымен айналысуына тыйым салынған болатын. Оған себеп – 2008 жылы 21 қарашада «Алма-Ата инфо» апталық газетінде жарияланған Рамазан Есіргеповтің «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақаласы еді. Даулы мақалада ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған еді.