Accessibility links

Баспана үшін болған митинг


Қазан айының 11 күні Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңда баспана мәселесіне арналған наразылық жиыны өтті.

«Тұрғын үй үшін заңды құқымызды қорғаймыз» деген атпен өткен бұл митингті ұйымдастырған тіркелмеген «Талмас» қоғамдық ұйымы қала әкімшілігінің тиісті рұқсатын алды.

Наразылық жиынында баспана мәселесіне қатысты күн сайын ауқым алып келе жатқан проблемалар қозғалды.

— Тұрғын үй машақатын тартып отырған әлеуметтік топтың билікке наразылығы әрі қарай жалғасын табады. Баспана мәселесінің осындай дәрежеге жеткеніне үкімет, қаржылық топтардың құрған құрылыс компаниялары және несие беруші банктер кінәлі, – деді «Талмас» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айнұр Құрманов.

Алданған үлескер Тұрсынғали Әшімбаев:

Наразылық жиынына Алматы тұрғындарымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген азаматтар да қатысты. Алматы, 11 қазан 2008 ж.
— 2004 жылы біз алаяқтарға алданып, үкіметтің, әкімшіліктің түрпектеуімен үйге ақша салғанбыз. Қазір я үй жоқ, я ақша жоқ, қаңғып қалдық. «Инвестстрой» деген фирманың директоры Дмитриенко қазір қамауда жатыр. Бірақ әкімшілік біздің талабымызды орындамай отыр. Қалай орындайтыны да белгісіз. Барлық жерді парақорлық дендеп алған. Президенттен, Үкіметтен, әкімшіліктен біздің сұрайтынымыз, қойып отырған талабымызды орындасын.

Митингке келгендердің тағы бірі Сәуле Қарабаева:

— Үйімді заңсыз бұзып тастаған. Қазір осыған байланысты істі сот қарап жатыр. Сот біздің талабымызды орындайтынына сенемін. Бәріміздің азаматтық құқымыз бұзылып отырғаны жалпыға аян. Қазақстан демократиялы ел ғой, сондықтан, әділдік, демократия, конститутция деген сөздер әлі де өз мағынасын жойған жоқ шығар деп ойлаймын.

Алматыдағы №1 автопарк жатақханасының тұрғыны Кемелхан Арғынбаева:

— Азамат ретінде мемлекетімізге қызмет істеп келеміз. Сонда біз, өз елімізде тұрып, өз мемлекетімізден не ұлтарақтай жер, не үй ала алмайтындай не кінәміз бар екенін әлі күнге түсіне алмай келеміз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-ші бабында «Қазақстан — тәуелсіз, демократиялық, зайырлы құқықтық мемлекет және оның ең бастысы байлығы адам» деп орнықтырылған. Адамның құқықтары мен бостандығына кепілдік берілген. Осы бас заңның бабтарына қарамастан, біз өз мемлекетімізде құқымыз тапталған азаматтармыз.

Өзін «Шаңырақ-5» тұрғынымын деп таныстырған, Ғазиз Келісбаев үкімет жерді заңдастырып берсін деген талап айтты:

— «Шаңырақ-5», «Өжет», «Ұлжан», «Красный Трудовик» елдімекендерінің барлығы мүлікті заңдастырудан өтпеген. Әлгі мүлікті заңдастыру деген науқан байлар үшін ғана болғанын жұрттың бәрі біледі. Ал, қарапайым халық далада қалды. Енді жаңағы даулы аудандардағы үйлерді бұзамыз десе, ел қайда барады? Ол жерлердің бәрін сатып жіберген. «Красный Трудовикті» корейлерге, «Шаңырақты» белгиялықтарға сатып отыр әкімдер. Әкімдердің қалтасына ақша түссе болды. Есімов деген кім? Есімов Назарбаевтан кейінгі екінші миллионер. Алатау ауданы әкімінің ол қызметте болуға ешқандай құқы жоқ. Міне, шындық осы. Осындай әкім-қаралар халықты қанап, үйін бұзып қанқақсатып отыр. Мұның бәрін Назарбаев біліп отыр. Сонда да араласып отырған жоқ. «Балық басынан шіриді» деген осы. Билікке айтарымыз: жұрттың жағдайын жасап, жерді заңдастырып берсін. Басқа ешнәрсенің керегі жоқ.


XS
SM
MD
LG