Accessibility links

Рамазан Есіргепов АҚШ елшілігін паналап отыр


ҰҚК Жамбыл облыстық департаментінің көлігі. 1 желтоқсан, 2008 жыл
ҰҚК Жамбыл облыстық департаментінің көлігі. 1 желтоқсан, 2008 жыл

«Алма-ата инфо» газетінің құрылтайшысы әрі бас редакторы Рамазан Есіргепов 1-ші желтоқсан күні өзін Алматыдан Таразға алып кетпек болған ҰҚК-нің қызметкерлерінен сытылып шығып, АҚШ елшілігінің Алматыдағы өкілдігіне барып, түнімен сол жерді паналаған. Сонымен бірге журналист өзіне саяси баспана беруді сұраған. Бұл туралы бүгін Азаттыққа «Журналисты в беде» ұйымының жетекшісі Розлана Таукина хабарлады.

Бұл хабарды АҚШ елшілігінің Алматыдағы өкілдігінің ақпараттық қызметі желтоқсанның 2-і күні Азаттық тілшісіне растады. Ал, Рамазан Есіргеповтың өзімен немесе оның отбасы мүшелерімен тілдесу әзірге мүмкін болмай отыр.

Алматыда шығатын «Алма-Ата инфо» тәуелсіз газетінің меншік иесі және бас редакторы Рамазан Есіргепов өзіне жіберілген шақырту бойынша желтоқсанның 1-і күні сағат 11-кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы мекемесіне барған болатын. Арада біраз уақыт өткенде ол сыртта қалған әйеліне өзін осы жерден бірден Таразға алып кетпек болып жатқанын хабарлап үлгерген. Ал сағат 15.30 шамасында Рамазан Есіргеповты ғимараттың екінші басындағы қақпадан бір жеңіл автомашинаға салып алып кеткенін оның туыстары байқап қалған.

- Ол менімен бірнеше мәрте телефон арқылы сөйлесті. Кеше өзін Таразға әкетіп бара жатқандардан Алматы көшесінде, қалай екенін білмеймін, әйтеуір ретін тауып сытылып шығып, АҚШ елшілігінің Алматыдағы өкілідігіне қашып барғанын айтты. Сол жерде түнеген Рамазан бүгін де сол шетелдік елшілікте қалып отыр. Түні бойы оның үйін терезесі қараңғыланған белгісіз екі автокөлік торуылдаған. Өз отбасының қауіпсіздігіне алаңдаған Рамазан сол елшілікте отырып Алматы қаласы бойынша кезекші прокурорға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарласып, үйінің маңындағы жағдайды баяндап, өз үй-ішін қорғауды сұраған. Есіргеповтың басындағы жайт туралы мен журналистердің құқығын қорғайтын бірқатар шетелдік ұйымдарды хабардар еттім, - деді Р.Таукина.

«Алма-Ата инфо» газетінің редакциясы орналасқан Р.Есіргеповтың үйіне ҰҚК қызметкерлері қарашаның 29-ы күні сағат 14-тен бастап түнгі сағат 2-ге дейін тінту жүргізіп, редакцияның компьютерлерін, тағы басқа заттарды алып кеткен.

Желтоқсанның 2-күні ҰҚК-нің Жамбыл облыстық департаментінің өз аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкері Азаттық тілшісіне телефон арқылы былай деді:

- Біз оған шақырту қағазын жібергенімізбен Есіргепов осында келмей отыр. Ол бізге келіп, қозғалған қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде сұрақтарға жауап беруі керек еді. Сондықтан, егер сіз оны Алматыдан жолықтырып сұхбат алатындай болсаңыз неге қашып жүргенін сұраңыз. Оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, біз барлық жұмысты заң негізінде атқарамыз.

21-ші қараша күні «Алма-Ата» инфо апталық газетінде орыс тілінде жарық көрген «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақала ҰҚК-нің Жамбыл облыстық департаментінің қылмыстық іс қозғауына түрткі болды. Мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған. «Құпия» белгісімен жазылған хатта салық төлеуден жалтарған деген негізбен «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарсы қылмыстық іс қозғалғаны және серіктестіктің құрылтайшысы С.Б.Махмадов Қазақстан президентінің Жамбыл облысына сапары кезінде онымен кездесуге тырысып жатқаны туралы баяндалған.

Желтоқсанның 2-сі күні ҰҚК-нің Жамбыл облыстық департаменті өздері қозғаған қылмыстық іске байланысты баспасөз баянын таратты. Онда «Алма-Ата инфо» газетінде жарияланған құпия құжаттарды осы басылымда бастыру мақсатында С.Б.Махмадов газетке 2 млн теңге төлеген деген күдікке ілініп отырғаны жазылған. Сондай-ақ, ҰҚК қызметкерлері жүргізген тінту кезінде Махмадовтың кеңсесі мен «Алма-Ата инфо» газетінің редакциясы орналасқан Есіргеповтың Алматыдағы үйінен бірқатар құпия құжаттардың табылғаны айтылған.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG