Бұдан бұрын Азаттық радиосына берген сұхбатында қуғында жүрген оппозиция басшысы Әкежан Қажыгелдин: «Жақын арада парламент сайлауы болатындығына сенімдімін», - деген еді. Оның пікірінше, Қазақстанда бірпартиялы парламент болуы мүмкін емес. Оның үстіне, бұл ЕҚЫҰ-на төрағалық етер алдында осы беделді ұйымның міндеттемелеріне қайшы келеді. Әкежан Қажыгелдиннің айтуынша: «Ол Қазақстандағы демократиялық лагердегі өзінің пікірлестерімен үнемі сөйлесіп отырады» және «олардың күшін біріктіріп, бір партия құру қолынан келмей отырғандығын» қынжыла баяндайды.
«Бұл оппозицияның өте-мөте үлкен қасіреті. Біздің азаматтық қоғамымыздың үлкен қасіреті болып табылады», - деді 10 жылдан бері шет елдерде қуғында жүрген Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин.
Осы мәлімдемеге орай, Азаттық радиосы оппозиция белсенділері мен басшылары арасында мынандай сұрақ бойынша жедел сауалнама жүргізді: «Қазақстанда бір оппозициялық партия құру үшін барлық оппозициялық күштерді біріктірудің қажеттілігі бар ма?
«Азат» оппозициялық партиясының басшысы Болат Әбілов «Азат» партиясы бірігу мәселесін бұрыннан айтып келеді, әлі де айта береді», - деп мәлімдеді. Болат Әбіловтің ойынша, Қазақстанда бар-жоғы 4 партия бар. Қазақстанның демократиялық партиясы (ҚДТ), «Азат», «Алға» халықтық партиясы, Қазақстанның коммунистік партиясы (ҚКП), қалғандары президенттік немесе мемлекеттік болып табылады.
Болат Әбілов Азаттық радиосына берген сұхбатында өз партиясы басшыларының бірігуге бастайтын нағыз күш екенін мәлімдейді. 2004 жылдың күзіндегі парламент сайлауынан кейін оның қорытындысының жалғандығына көз жеткен соң, Үйлестіру кеңесін құруды ұсынғанын айтады.
- Кейіннен біз, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысын ұсындық. Оның да басында біздің партия тұрды. Оның да бас идеологы біздің партия еді. Біз Жармахан Тұяқбаймен келіссөз жүргізіп, оны кандидат етіп ұсындық. Президент сайлауы кезінде негізгі күш біздің партияға түсті. Кейіннен, өткен жылы мерзімінен бұрын парламент сайлауы алдында, «Жалпыұлттық саяси-демократиялық партиямен» (ЖСДП) бірігудің бастамашысы болдық. Бұл біздің идеямыз. Оны Жармахан Тұяқбай қолдады. Біз осындай ойлармен «Алға» партиясы мен коммунистер басшыларына шықтық.
Яғни, біз бірігуді қолдаймыз. Бірігу аса қажет, біз түбінде ірі ұйым құрамыз деп ойлаймыз. Бірақ ол өте қиын әрі күрделі процесс.
Иә, Әкежан Қажыгелдинмен біз бірнеше рет кездесіп, осы мәселені талқыладық. Бірақ бұған оңайлықпен қол жетпейді.
Тағы да қайталап айтайын, Үйлестіру кеңесіне барлық оппозициялық күштерді жинаудың қатаң шаралары болғанда барлық партия сайлау комиссияларынан өз мүшелерін қайтарып алар еді. Сонда тек «Нұр Отан» мүшелері қалар еді. Себебі, сайлау комиссиясы барлық өтіріктерді жүзеге асыратын белес болып табылады.
Әр партия мерзімінен бұрын парламентті тарату үшін жарты миллион қол жинайды. Міне, сонда Үйлестіру кеңесін құруға болады. Сонда ол мықты, бөлінбейтін күшке айналып, тиімді және ұзақ жұмыс істер еді. Ал, қазір ше?
Қазақстан коммунистік партиясының хатшысы Төлен Тоқтасыновтың пікірінше, ол президент Нұрсұлтан Назарбаев енгізген ойын ережесімен келіспейді. Бұл туралы Төлен Тоқтасынов Азаттық радиосына былай дейді:
- Оппозициялық күштерді біріктіру мәселесі бәрін бір партияға біріктіру дегенді білдірмейді. Біз бірігуге барлық уақытта дайынбыз. Бірақ, бізге ондай мүмкіндік бермейді. Саяси блокқа бірігетін заң жоқ. 2004 жылғы және одан кейінгі сайлауларда Коммунистік партияны қатыстырмай қойған кезде, біздің біріккіміз келді. Біз неге Нұрсұлтан Назарбаевтың ойын ережесін қабылдауымыз керек? Егер «Сайлау туралы» заң өзгермесе, барлық сайлаудың тағдырын учаскелік сайлау комиссиясы шешетін болса, онда бәрі де түсінікті. Онда бірігудің не мәні бар?
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов: «Егер мерзімінен бұрын сайлау туралы хабарланатын болса, онда Қазақстан оппозициясы өзінің кандидаттары мен өз идеяларымен, өз бағдарламасымен қалатын болады», - дейді.
Оның айтуынша: «Президент әкімшілігі халықаралық қауымдастық алдында алда болатын сайлаудың заңдылығын дәлелдеу үшін екінші парламент партиясын «құруға» бар күшін салып жатыр деген әңгіме бар».
Бірігу туралы мәселеге Әміржан Қосанов былай дейді: «Бұл сұраққа «бар» деп те, «жоқ» деп те жауап беруге болады. «Бар» дейтінім, қазақ оппозициясы президент сайлауы кезінде де, парламент сайлауы кезінде де өзінің біріге алатынын дәлелдеді».
Біріге білу – ол пісіп-жетілгеннің жемісі. Біз бұл мектептен өткенбіз. Ал, екінші «жоқ» деген сөзіме келетін болсам, өкінішке қарай, мен бұны көптен айтып келемін. Бұл жекелеген саясаткерлер мен тұлғалардың, саяси ұйым басшыларының жекелей алғандағы менмендігіне қатысты.
Бұл, әрине, объективті жағдай. Сондықтан мен, «Сайлау туралы» заңды түбегейлі өзгерту керек деп есептеймін. ЖСДП мен «Азат» партиясымен бірігіп, саяси партиялардың бір блокқа топтасуы туралы өзіміздің заң жобамызды ұсындық. Мейлі, «Нұр Отан» өз блогын құра берсін. Оған қазіргі билікті қолдаушылар біріксін. Бірақ, бұл кезде оппозияцияға да электоралды кезең алдында бір блокқа жиналуға мүмкіндік берсін. Біз бұған қол жеткізуге тырысамыз. Бірақ блокқа бірігуге рұқсат бермесе де, тіпті сайлау «екінші партия» жобасы бойынша өтсе де — қазір президент әкімшілігінің халықаралық қоғамдастыққа алдағы сайлауды мойындату үшін «екінші партия құрумен» жақсылап айналысып жатқандығы туралы әңгіме көп айтылуда. Бұл партиялардың сапында біз болмасақ, осы уақытқа дейін бүркеусіз демократиялық құндылықтар үшін кімнің күрескенін бәрі түсінеді, мұның бәрі жалпақ жұртқа белгілі «құпия» ғой. Сайлау науқаны қарсаңында бірігіп, бір блок ретінде көріне алатын дәрежеге жеттік деп ойлаймын.
Егер сайлау жарияланса, қазақстандық оппозицияның қайтадан біркелкі кандидаттарымен, бірыңғай идеяларымен, бірыңғай бағдарламаларымен шығатынына мен сенімдімін. Бұлардың бәрі бір кезде «Әділетті Қазақстанның» құрамына кірген, 2005 жылғы кандидат Жармахан Тұяқбаймен бірге болған, ЖСДП, ҚДП, «Азат», ҚКП, «Алға» сияқты бірқатар қоғамдық бірлестіктердің тізімінде болған адамдар, оның ішінде Асылбек Қожахметов басқаратын «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі де бар.
Бұдан басқа да қазіргі саяси режимге көңілі толмайтын оппозициялық көзқарастағы көптеген адамдар бар, олардың қандай да бір партияның мүшесі болуы маңызды емес. Аймақтарда мұндай адамдар өте көп, осындай адамдарды қолдау керек.
Бірақ «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Асылбек Қожахметов Әміржан Қосановтың бірігу мүмкіндігіне қатысты оптимизміне қосылмайды. Асылбек Қожахметов бірігуге мүмкіндіктің барына сенгенімен, оппозицияның бірігетін жағдайы барына сенбейді. «Шаңырақ» бірлестігі жетекшісінің пікірінше, оппозицияда әркім өзінің айналасына топталғанын қалайды, сонда ғана ол бірігуге бара алады.
Асылбек Қожахметов Азаттық радиосына: «Менің ойымша, егер оппозиция жеңгісі келсе, олардың бірігуі керек, кейде бір-біріне қарсы келіп жататын бытыраңқы шағын партиялар көп, ал саяси активтер іс жүзінде аз», — деді.
Сондықтан бірігу қажеттілік, бірақ осы уақытқа дейін біріге алмағандар, жақын арада біріге қоймайтын шығар. Бір жағынан, жетекшілердің тұлғалық амбициялары басым, екіншіден электораттың қолдауы да баяғыдай емес, бәсең. Оппозицияның өзінің көңілін қалдырған жетекшілер де болды, міне осының бәрі оппозицияның бірігуіне кедергі. Әрине, егер олар жеке мүдделерінен асып, процестің дамуын ойласа, бірігуге бара алар еді, бірақ олардың мұндай қадам жасайтындықтарына сену қиын.
Дегенмен, нақты мүмкіндіктер әрқашан болады, қазір де бар. Ол үшін басшылар келісімге келіп, қаржылық және медиаресурстарын, адамдарын біріктіруі керек. Қандай да бір ортақ бағдарлама жасап қосулары тиіс. Бірақ сайлау кезінде жасалмаған шаруа сайлау жоқта жасала ма?
Бір жағынан оппозицияның бірігуге деген тілегі бар болуы мүмкін. Бірақ ол тілекті орындау үшін жеке амбициялар мен саяси мүдделерден, тіпті бірігуге қажет болатын болса, мансаптан да бас тарту керек. Бірақ біз бір-бірімізге жол бергіміз келмейді. Әркім өзінің айналасына топтап барып біріккісі келеді, бірақ бірігу деген бұлай болмайды. Бар мәселе осында.
Белгілі оппозицициялық журналист Сергей Дуванов та қазіргі уақытта оппозицияның бір партия болып бірігуі мүмкін емес деп санайды. Сондай-ақ Сергей Дувановтың айтуынша, оппозицияның бірнеше ұсақ партияға бөлінуі қазіргі биліктің қалауы. Оның пікірінше, оппозицияның алдында бірігу арқылы билікке қол жеткізу дегендей үлкен мақсат қойылмаған.
Сергей Дуванов оппозицияның біріге алмауының себептерін айтады: «Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазіргі партиялар жетекшілерінің белгілі бір амбициялары бар, екіншіден, елдегі әрбір партия белгілі бір саяси топтардың мүдделерін қорғайды және олар кей жағдайда бір-бірімен қарсылыққа да келіп қалады».
Сондықтан ассамблея ретінде де, одақ ретінде де, ассоциация ретінде де бір «шаңырақтың» астына бірігу мүмкін емес. Яғни, жетекші болу мәселесі көлденең тұрады және бұл мәселеде ымыраға келу өте қиын.
Оппозицияның бірнеше ұсақ партияларға бөлінуі қазіргі билікке қолайлы болып отырғаны сөзсіз. Бірақ, мен атап көрсеткен себептер басты көзірден де күштірек болып тұр, жұдырықтай жұмылса оппозиция осы күшке ие болар еді.
Бұл жерде, көріп отырғанымыздай, билікке қол жеткізу сияқты мақсаттар қарастырылып отырған жоқ. Менің ойымша, қазір оппозиция билік үшін емес, биліктің оппонетті ретінде, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін күресіп жүрген сияқты.
Ал сіздер, құрметті оқырмандар, қалай ойлайсыздар, қазақстандық саяси оппозиция біріге ала ма?