Accessibility links

Ресей Орталық Азияда әскерлерін кеңірек орналастыруды көздейді


Ресей Орта Азия елдерімен бірлесіп бірқатар жаттығулар өткізді. Ресейдің қатысуымен Орталық Азия аймағында халықаралық әскери топ құрылмақ.

Аталған Ұйымның бас хатшысы Николай Бардюжаның айтуынша, бұл аймақта «кез келген қауіп-қатерге қарсы тұра алатын» халықаралық топтар жасақталады.

Бірақ, сарапшылардың пікірінше, Ресей ТМД және ҰҚКШ сияқты ұйымдардың аясында өзінің әскери қызметін күшейте отырып, Орта Азияға ықпалын арттырып, әскерилерді орналастыруды жалғастыра бермек. Біріншіден, «жылжып келе жатқан жұмбақ әрі құбылмалы қытай экспанциясын» желеу етіп, екіншіден, аймақтағы АҚШ-тың агрессиялы саясатына алаңдап, Ресей ТМД және ҰҚКШ сияқты ұйымдармен, әсіресе, Орта Азия елдерімен әскери-саяси және әскери-техникалық салада қызметтерін арттыруды мақсат еткен.

12 қыркүйекте Ұжымдық қауіпсіздік Келісім Шарт Ұйымының бас хатшысы Николай Бардюжаның мәлімдегеніндей, осы ұйымға кіретін Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан сияқты бес ел өз блоктарындағы әскери құрамдарын тез арада күшейтуді шешті.


Николай Бардюжаның айтуынша, Орталық Азияда «сырттан келетін кез келген қауіпке даяр тұратын» халықаралық әскери топтар құрылатын болады. Оған шұғыл түрде әрекет ететін құрылымдар мен бөлімдер кіреді. Оның саны он батальонды құрауы керек, оларды әуе күштеріне қарсы қорғаныс жалпы жүйесі бақылайды. Жаңа құрылымды оның барлық қатысушылары бірдей көлемде қаржыландырады. Бірақ Ресей жеңілдік жағдайында қару-жарақ беретін болады.

Осы мәлімдемеден кейін 15 қазанда Санкт-Петерборда ТМД-ға мүше елдердің қорғаныс министрлері Кеңесінің мәжілісі болып, онда әуе күштеріне қарсы қорғаныс жүйесінің жалпы мәселелері талқыланды. Сонымен бірге, кейінгі жылдары ҰҚКШ қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бөлімшелері мен әскери бөлімдері қатысуымен бірлескен әскери жаттығулар жиі өтуде. Тек қыркүйек пен қазан айларында Ресей мен Қазақстанда бірлескен екі жаттығу өткізілді: Ресейде «Орталық-2008», Қазақстанда «Алдаспан-2008» және де жақын арада Қазақстанның батысында үшінші - «Щит-2008» әскери жаттығуын өткізу жоспарланып отыр.


Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі, Бас штабтың бұрынғы бастығы, генерал-полковник Әлібек Қасымовтың пікірінше, Ресейдің мақсаты айқын: «ҰҚКШ құрамындағы одақтастарын тарта отырып, қауіпсіздік саласы бойынша бірлесіп қызмет етуге болады және бола бермек деп батысқа жария ету». Бірақ, басқа сарапшылардың пікірінше, бұл шаралардың бәрі де Ресейдің стратегиялық жағынан маңызды аймаққа өз ықпалын арттырып, әскерилерін орналастыруды кеңейтуді көздейді.

Кеңес одағы ыдыраған алғашқы жылдары Ресей Орталық Азияға өз көзқарасын өзгертпеді. Атап айтқанда, Түркіменстанның Мары қаласында ірі әскери топтары болды. Мәскеу мен Ашхабад арасындағы келісімге орай Түркіменстанның Ауғанстанмен шектесетін шекарасын ресейлік шекарашылар күзетсе, түркімен әскерлері арасында ресейлік азаматтар қызмет етті.

Тәжікстандағы азамат соғысы жылдарында бірнеше ресейлік әскери бөлімдер сол елде болды. Тәжікстанда Ресейдің әскери-әуе күштері эскадрильясы орналасқан. Ол Тәжікстандағы ТМД елдерінің ұжымды бейбітшіл күштерін қолдайды.


Мәскеулік сарапшы Владимир Мухиннің айтуынша, Ресей аймақтағы өз бағытын жоғалтып алған. Қазір Ресейдің әскерлері, әскери обьектілері мен базалары Орталық Азияның Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның кейбір жерлерінде орналасқан.


Қазақстанда ресейлік әскерилер алдымен Байқоңыр ғарыш айлағында (Ресей Федерациясының ғарыштық әскері), Сарышаған әскери полигонында орналасқан. Әскери сарапшы Владимир Мухиннің есептеуінше, Ресей осы аймақтың кейбір елдеріндегі әскери өрісін нығайтуы керек:

"Біріншіден, Ресей өзінің Өзбекстан мен Түркіменстандағы орнын шегелеп бекітіп алғаны жөн. Үндістанға дейін ұшып баруға болатын Өзбекстандағы бұрындары жедел стратегиялық атқыштар орналасқан Ханабад базасы біз үшін «ұшып-қонуға» қолайлы әрі маңызды аэродром болар еді, Тәжікстанда бұл сияқты үлкен инфрақұрылымдар болмағандықтан, онда бәрін қайта салуға тура келеді, ал бұл жерде бәрі дайын, американ әскерлері бәрін тазалап дайындап қойған.

Екіншіден, Ресей бұрынғыша Марыдағы әскери базасын пайдалана алады. Онда ірі әуе қорғанысы мен авиациялық бөлім орналасқан. Сондай-ақ Орталық Азиядағы ірі аэродромдардың бірі де сонда".


Владимир Мухинның сөзіне қарағанда, Мәскеу екіжақты келісімнің негізінде бұл аймақтағы бұрынғы ұстанымдарын қайтарып алғысы келді, бірақ Орталық Азия елдері ресейлік әскерилерді босатуға әзір асығар емес.

— Қандай да бір келісімдер бар. Бірақ, өзбектердің ресейлік әскери нысандарды жолатқысы келмейтіні белгілі. Біз сондай-ақ Қазақстанға да, Түркіменстанға да ештеңе орналастыра алмаймыз...- дейді ресейлік сарапшы.


Лондондық қорғаныс және әскери мәселелер жөніндегі сарапшы Питер Фелстедтің пікірінше, Ресей Орталық Азияның энерготасымалдау қорына қызығып отыр және оның бұл аймаққа ұмтылары сөзсіз.


— Грузиядағы болған жағдайды көрсеткіш деулеріңіз мүмкін деп ойлаймын. Бұл Ресейдің қайта өркендеуі мен әлемдік держава болғысы келетін ниетінің көрсеткіші. Энерготасымалдаушылардың Орталық Азиядан екенін ескерсек, онда Ресейдің осы бағытпен жүретіні анық.


Бір жағынан, тәжік сарапшысы Марат Мамадшоевтың пікірінше, Ресей өзінің Орталық Азиядағы әскери кеңістігін күшейту арқылы барлық аймаққа ықпалын жүргіземін деп есептемеуі керек:

— Соңғы кезде көріп отырғанымыздай, Қытай еш жерде әскери базасы жоқ болса да әрқашан сенімді және осы және басқа да аймақтарда да ықпалын күшейтіп отыр. Осылайша, алғашқы орынға экономикалық көрсеткіштерді шығару керек деп ойлаймын.


Дегенмен, тағы бір саяси сарапшы, душанбелік Қасым Бекмухаммадтың пікірінше, Кавказдағы Ресей-Грузин қақтығысынан кейін Ресей Орталық Азиядағы өрісін кеңейту мен осы аймақтағы ұстанымын бекіте түсуге «сылтау» тапты. ТМД құрылғалы бері Ресей ортаазиялық елдерге төніп тұрған қауіп туралы сан рет айқан.


Дегенмен, Қасым Бекмухаммад айтпақшы, Мәскеу қақсағандай анық қауіпті әлі күнге ешкім көрмей отыр. Ресей тек қана Орталық Азия сияқты маңызды аймақтағы өзінің геосаяси мақсатын көздеп отыр. Сондай-ақ тәжік сарапшысының пікірінше, ресейлік әскерилер өздері қатысқан елдердгеі ішкі дағдарыстарды шешуде тиісті рөл атқара алған жоқ.

— Осындай жанжалдар мен олардың қатысушыларын қарап отырсақ, Ресей ылғи селқос ұстанымда болатын, Қырғызстанда да біз осының куәсі болдық.


Тәжік сарапшысы бұл жерде 1992-1997 жылдарда Тәжікстандағы азамат соғысы, 2005 жылдың мамырындағы Өзбекстандағы «Әндіжан қантөгісі» мен 2005 жылдың наурызындағы президент Ақаевтың билігін құлатып тастаған Қырғызстандағы түрлі-түсті төңкеріс кезіндегі Ресейдің селқос ұстанымын меңзеп отыр.
XS
SM
MD
LG