Accessibility links

Оппозициялық күштер бірігіп, тең төрағалар қайтадан көбеймекші


ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай сөйлеп тұр, президиумда Қазақстан коммунистік партиясының көсемі-Серікболсын Әбділдин, тіркелмеген "Алға" партиясының төрағасы Владимир Козлов. Алматы, 8 тамыз 2009 жыл
ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай сөйлеп тұр, президиумда Қазақстан коммунистік партиясының көсемі-Серікболсын Әбділдин, тіркелмеген "Алға" партиясының төрағасы Владимир Козлов. Алматы, 8 тамыз 2009 жыл

Алматы қаласы әкімшілігі оппозициялық партияларлардың біріккен «Әділетті Қазақстан үшін»қозғалысының жиынын «Қазақстан» қонақ үйінде өткізуге алғашқыда рұқсат етпегендіктен, жиын белгіленген уақыттан кешігіп басталды.


ҚОНАҚ ҮЙГЕ ҚАЙТЫП ОРАЛУ


Сенбі яғни 8 тамызда сағат 14 те «Қазақстан» қонақ үйінің конференц залында «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысына біріккен «Қазақстан Коммунистік», «Жалпыұлттық социал-демократиялық» және тіркелмеген «Алға» партияларының бірлескен алғашқы жиыны өтуі белгіленген еді.

Алайда, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының өкілдері белгіленген уақытта қонақ үйге келген кезде жиынды ұйымдастырушылар Алматы қаласы әкімдігінің аталмыш жиынды «Қазақстан» қонақ үйінде өткізуге тыйым салғанын жеткізді.

Дегенмен, ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, аталған шараны өткізу үшін қонақ үй басшылығына 200 мың теңге төленген. (Бұл шамамен 1 300 АҚШ доллары)

Осыдан кейін оппозиция жетекшілері тіркелмеген «Алға» партиясының кеңсесіне кетті. Содан кейін жиынды ұйымдастырушылар қонақ үйге қайта оралып, жиынды қайткен күнде «Қазақстан» қонақ үйінде өткізуге қол жеткізу қажет деп тапты.

Ұйымдастырушылардың екінші мәрте талпынысынан кейін жиынға жиналған делегаттар мен оппозиция жетекшілері «Қазақстан» қонақ үйінің конференц залына жайғасты.

«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН» ҚОЗҒАЛЫСЫНДА ТЕҢ ТӨРАҒАЛЫҚ ПАЙДА БОЛДЫ

Қозғалыстың жалпы мәжілісінде партия жетекшілері «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жаңа стратегиясын жариялады. ЖСДП төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов бұл турасында журналистерге былай деді:

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жарғысына өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, қозғалыстың болашақ жұмыс жоспарына өзгеріс енгізетін жұмыс тобы құрылды».
Қазақстан коммунистік партиясының, ЖСДП-ның және тіркелмеген "Алға" партиясының белсенділері "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысынының жиынында, Алматы, 8 тамыз 2009 жыл

Сонымен қатар, Әміржан Қосановтың сөзіне қарағанда, қозғалыстың жұмысын жандандыру үшін тең төрағалар институты енгізілмек.

Ал, қозғалыстың тең төрағалары Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбілдин, ЖСДП-ның төрағасы Жармахан Тұяқбай және тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов болмақшы.

«АЗАТ» ПАРТИЯСЫ ДА «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН» ҚОЗҒАЛЫСЫНА ҚОСЫЛУЫ МҮМКІН

ЖСДП төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов таяуда «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының құрамына «Азат» париясының да қосылуы мүмкін екенін жеткізді:

- Менің білуімше, «Азат» партиясының саяси кеңесі әзірге «Әділетті Қазақстан» қозғалысын қолдайтынын білдірген. Бірақ олардың бізге қашан қосылатыны белгісіз. Әрине, олардың бізге қосылғанын қалаймыз. «Азат» партиясы болмаса, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы толыққанды болмайды,-деді Әміржан Қосанов.

Алайда, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жиынына қатысқан бұрынғы «Тасжарған» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапидың пікірінше, қозғалыстың құрылуында түпкілікті белгілі бір саяси мақсат жоқ. Өйткені, қолданыстағы сайлау туралы заң бойынша, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы сайлауға түсе алмайды. Себебі, сайлауға тек партиялар ғана түседі. Сондықтан,- дейді Ермұрат Бапи,- қозғалыстың құрылуы оппозиция қарап жатқан жоқ, қимылдап жатыр деп халықты тағы бір алдарқату.

Қозғалыстың төрағасы әзірше - Жармахан Тұяқбай. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы 2005 жылғы өткен президенттік сайлауға оппозициялық күштерден бір кандитат ұсыну мақсатында 2004 жылы құрылған болатын.
XS
SM
MD
LG