Accessibility links

Наразы үлескерлер премьерге үндеу жолдады


Жұма күні "Алматыинвестстрой" құрылыс компаниясының үлескерлері Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке елдегі үлескерлер мәселесін шешудің жолдарын ұсынып үндеу жолдады.

Олар бұл жобаның елдегі жекелеген компаниялардың ғана емес, барлық үлескерлердің мәселесін шешіп бере алатындығына сенімді. Бір жыл бұрын құрылған "Үмітсіз үлескерлер одағы" өкілдерінің айтуынша, үкімет басшысымен болған соңғы кездесуде ол "Верный.KZ" мен "Алматыинвестстрой" құрылыс компанияларының үлескерлерінің мәселесін шешіп бере алмапты.

- Осы орайда үлескер мәселесін шешуге қатысты өз ұсыныстарымызды білдіріп, Үкімет басшысына үндеу жолдадық. Адамдардың қанша шаршы метр пәтерге ақша төлегеніне байланысты оларға пәтер берілсін. Егер үлескердің төлеген ақшасы онымен сәйкес келмесе, онда үстеме ақша қоссын немесе сәйкесінше, мемлекет оған төлесін. Біздің арамызда ақша төлей алмайтын зейнеткерлер де бар, оларға пәтерді сату-айырбастау құқығынсыз мемлекет тарапынан өмірлік баспана берілсін. Бұл жерде біз мемлекеттен қайтарусыз көмек сұрап тұрған жоқпыз. Есесіне, үлескерлер құрылыс компаниясымен арадағы келісім негізінде олардан ақша талап ету құқығын мемлекетке тапсырсын. Үкімет құрылыс компанияларына заңсыз шешім шығарып, лицензия беріп, жер бөлген шенеуніктермен өзі айналыссын. Мейлі ол әкімшілік болсын, салық комитеті болсын, - дейді алданған үлескер Яна Исакова.
"Құрылыс компаниясына заңсыз лицензия мен жер берген шенеуніктермен Үкімет өзі айналысуы керек", - дейді үлескер Яна Исакова. 21 тамыз 2008 ж.
Оның айтуынша, бұл іске мемлекет араласпайынша пәтерсіз, ақшасыз қаңғып қалған үлескерлердің жыры ешқашан таусылмақ емес. Әйткенмен, мемлекет назар аударған күннің өзінде де, мәселенің оңтайлы шешіле қоятындығына үлескерлер аса сенбейді.
- Менің екінші топтағы мүгедек қызым өзінің 5 жастағы баласымен далада қалды. 2006 жылы 2 бөлмелі пәтерге ауыстырмаққа Ақсай-5-тегі оның бір бөлмелі пәтерін сатып, «Верный.KZ» құрылыс компаниясына өткізген едім. Ол алдап кетті. Қазір қызымның, немеремнің алдында кінәлімін. Не істерімді білмеймін. Күнде жылап өлімші халде жүрмін. Үкімет былтыр «үлескерлердің ешқайсысы зиян шекпейді» деп уәде еткен болатын. Ол уәдесін орындаған жоқ. Қазір Қазақстан Үкіметіне деген сенімнен де айрылдым, - дейді үлескер Күләйхан Тәжібаева қабырғасы қайысып.
Ал заңгер Амангелді Шорманбаев бұл іске Үкімет міндетті түрде араласуы керектігін айтады:
- Құрылыс компаниялары ақша жинаған кезде оларға кім рұқсат берді? Мемлекет берді. Оларға жерді кім берді? Мемлекет берді. Мемлекет кезінде дұрыс қадағаламай, бүгінгі жағдайды қалыптастыруға себепкер болды деп айтуға болады. Енді кезінде кеткен кемшілігін түзеуі керек.
Қазіргі таңда Қазақстанда 30 мыңға жуық үлескер бар. Мамандардың пікірінше, Үкімет тез арада құрылыс компанияларының төңірегіндегі жағдайларды реттемесе, жағдай тым ушығуы мүмкін.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG