Accessibility links

Дағдарыс орталықтары «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдар» туралы заңды тездетуді сұрайды.


«Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы 16 күн» атты акцияның аясында БҰҰ-ның өкілдігі мен үкіметтік емес ұйым мамандары Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының құрбаны болып жүрген әйелдер санының көп екенін жеткізді. Мұндай әйелдерді қорғауға заңның өзінің шамасы жетпей отырғанын айтқан мамандар «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы» заңды тезірек қабылдау керектігін алға тартады.

Алматы қаласындағы Төле би мен Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан «Қамқорлық» дағдарыс орталығына күн сайын зорлық-зомбылық көрген көптеген әйел көмек сұрап келеді. Түрлі әлеуметтік ортадан шыққан әйелдердің басындағы жағдайлар бір-біріне ұқсас дейді орталықтың заңгері Тұрғынбаева Қарашаш.

- Күйеуі әйелін, бала-шағасын үнемі ұрып-соғады. Оларды асырамайды. Ал әйелі болса, баламен үйде отырады, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Сөйтіп, ол күйеуіне толықтай тәуелді болып қалған. Олар бізге келіп, өздерінің құқықтары туралы кеңес сұрайды. Келген әйелдердің жағдайын естіп отырып, біздің жүрегіміз ауырады. Тіпті күйеуі мас күйінде әйелін ауыр аяқ кезінде ішінен тепкен жағдайлар кездеседі. Ажырасқан ер адамдардың 80 пайызы алимент төлемейді.

Ал Алматыдағы «Құрбылар» дағдарыс орталығына 11 жыл аралығында 15 мыңнан астам әйел көмек сұрап барған. Бұл өз бойындағы қорқынышты жеңген әйелдердің саны ғана. Ал күйеуінен көрген әлімжеттікті жасырып, оны айтуға батылы жетпейтін әйелдер саны әлдеқайды көп екеніне орталық жетекшісі Надежда Владырь сенімді.

"Құрбылар" орталығының жетекшісі Надежда Владырь. Алматы, 26 қараша, 2008 жыл.
- Ресми статистикаға сәйкес, жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 600 әйел көз жұмады екен. Көбіне, мұндай жағдайға 30 бен 40 жас аралығындағы әйелдер ұшырайды. Егер әйел өзін қорғау үшін күйеуіне ауыр дене жарақатын салса, онда сот оны қылмыскер ретінде жазалайды. Оның көп жылдар бойы күйеуінің әлімжеттігіне шыдап, зорлық-зомбылықтың құрбаны болып келгені ескерусіз қалады.

Мамандардың айтуынша, мұндай қасірет көрген әйелдерді заң қорғауы қажет. Қабылданатын «Тұрмыстық зорлық зомбылыққа қарсы іс-қимылдар» туралы заңда мұнымен қоса төмендегідей жайттар да ескерілуі керек дейді Надежда Владырь.

- Біз көмек сұрап келген әйелдердің барлығына толықтай қол ұшын беруге шамамыз жетпейді. Бізге мемлекет тарапынан көмек керек. Қабылданатын заңға күш көрсетуші адаммен де жұмыс жасау мүмкіндігін енгізгенін қалаймыз. Егер бір жақпен яғни, жәбірленушімен ғана жұмыс жасайтын болсақ, онда нәтиже де аз болады.

Республика бойынша әйелдерге заңдық-психологиялық тұрғыда көмек беретін 20 дағдарыс орталығы бар көрінеді. Оның 2-і Алматыда орналасқан. Десек те, бұл шашыраңқы орналасқан халық үшін аз дейді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының жетекшісі Ұлжан Лұқпанова.


- Әсіресе, қаладан шалғай жерлерде аудандарда, ауылдарда мұндай жағдайға ұшыраған әйелдер не істерін білмей шарасыз күйге түседі. Ең өкініштісі, зорлық-зомбылықтың көбісі осындай жерлерде кездеседі. Бізге Қаскелеңнен, Есіктің тұрғындары телефон шалады. Олар қашан да осындай орталықтар туралы естіген. Ал одан да алыс мысалы, Кеген, Нарынқол сияқты аудандар бар. Олар мұндай орталықтар туралы мүлде білмейді. Сондықтан мұндай орталықтарды сөзсіз көбейту керек.


Үстіміздегі жылдың қаңтар мен қыркүйек айы аралығында «Құрбылар» орталығына 1200-ге жуық адам келіп, көмек сұраған. Ал оның жартысына жуығы – зорлық-зомбылық салдарынан дене жарақатын алса, 343 әйел психологиялық зардапқа ұшыраған. Ал 22-сі экономикалық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, 15 әйел жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG