Accessibility links

Тоқтар Рахметова: Әркен Уақты соттаған адам Жоғарғы сотта әлі жұмыс істейді


Әркен Уақтың жұбайы Тоқтар Рахметова. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл.
Әркен Уақтың жұбайы Тоқтар Рахметова. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл.

1986 жылғы көтеріліске қатысқаны үшін «ұлтшыл» атанып, 8 жылға сотталып, Колымаға түрмеге жіберілгенде Әркен Уақ 59 жаста болатын. Содан тура сегіз жыл өткенде ғана толық ақталған ол 2000 жылы «Материалы геноцида, организованного Н.А. Назарбаевым против казахского народа в декабре 1986 года» атты кітап жазып шығарды.

Оның жұбайы Тоқтар Рахметова «Әркен Желтоқсан туралы қаншама ақиқатты жарыққа шығара алмай дүниеден өтті» дейді.

Әркен Уақ 1930 жылы қазіргі Павлодар облысындағы Тайтүйген ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң ол 1949 жылы Мәскеудегі Орджоникидзе атындағы геологиялық-барлау институтына оқуға түседі, кандидаттық диссертация қорғайды, бірнеше монография жазып шығарады. Әркен Уақтың жұбайы Тоқтар Рахметованың айтуынша, ол сол кездің өзінде коммунистік режимге қарсы, өзінің жеке пікірі бар ұлтжанды азамат болатын.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде Әркен Уақ Алматыдағы сәулет-құрылыс институтында кафедра меңгерушісі болып істейтін.

- Ол желтоқсанның 17-не қараған түні жатақханада кезекшілікте болды. Өзімен бірге істейтін мұғалімдер «осы кісі кезекшілікте болғанда студенттерге алаңда болған жағдайларды баяндап берді, таңертең бір кісінің баласындай алаңға барыңдар деп айтты» деп, Әркен Уақты көрсетіп берген. Желтоқсанның 26-ы күні Әркенді КГБ - ның адамдары ұстап әкетті, - деп мұңая еске алады Т. Рахметова.

1987 жылғы шілденің 24-і күні Сансызбай Райымбаевтың төрағалығымен қылмыстық істер жөніндегі коллегия Әркен Уақты «қоғамдық тәртіп бұзушылықты ұйымдастырған» және «ұлтшыл» деген айыптармен 8 жыл қатаң режимде соттап, Колымаға жер аударып жібереді. Магаданда түрмеде отырған жерінде оған екі мәрте амнистия келіпті. Бірақ Әркен Уақ темір тордан ақталмаған күйінде босап шығудан бас тартыпты. Ал оның Сібірдегі көрген қиыншылықтарын сөзбен сипаттап жеткізу қиын. Өйткені Әркен Уақтың ілеспе қағазында «Подлежить уничтожению» деген мөр басылған-ды.

Тоқтар Рахметова күйеуін Қиыр шығыстан алып шығуға талпыныпты. Тіпті өзімен тағдырлас тоғыз адам Үкімет үйінің алдында бір күн бойы аштық акциясын өткізген:

- Назарбаевпен кездесуді талап еттік. Бірақ бізді М. Жолдасбеков қарсы алып, маған «Әркенді Колымадан өзің барып алып қайтарсың» деген кеңес берді.

Сөйтіп Тоқтар Рахметова итжеккенге аттанған, күйеуін босатып алып қайтқан.

- Маған О. Сүлейменов, М. Шаханов көмектесті. Әркеннің әріптесі Нинель Фокинаның көп еңбегі сіңді. Не керек, үш жыл төрт күн дегенде Әркен елге оралды. Бір жыл үй қамауында отырды. Тура сегіз жыл өткенде ақталды, - деді Тоқтар Рахметова.

Нинель Фокина Желтоқсан көтерілісіне дейін өзінің құқық қорғаушы боламын деп ойламағандығын айтады. Ол 86-шы жылғы көтеріліс барысында қаншама кінәсіз жандардың нақақтан-нақақ жәбірленуіне төзіп тұра алмапты, араша түсуге тырысыпты. Солардың ішінде Әркен Уақ та бар.

- Адамдар кінәсіз сотталды. Шешім қатал болды. Саяси жағдайдың өзгеріп, бұл оқиғаны қайта қарағанша үш жыл түрмеде отырды. Сот, прокуратура, бәрі де өздерін «жақсы» жағынан көрсетті. Солардың көбі әлі күнге дейін «әділ» соттың қамында жүр. Адамның тағдырына балта шапты, бірақ дәуірлеп тұр олар. Солардың құрбаны болған жалғыз Әркен емес, қазір де сол кездердегі жағдай қайталанып жатыр, - деді Нинель Константиновна.

Сол жылдары солақай шешім шығарып, жазықсыз жандарды жазалаған кісілердің әлі күнге дейін биіктен көрінуі Тоқтар Рахметованың да қабырғасын қайыстырады:

- Әркенді соттаған адам қазір Жоғарғы сотта отыр. Жақында ғана қызметтен жоғарылағандығын естіп, жағамды ұстадым. Содан-ақ, Желтоқсан әлі өз бағасын алмағандығын көруге болады. Оны ешкім алдырмайды да. Өйткені алаңға шыққан балаларды жәбірлеген кісілердің бәрі әлі де билік тізгінін ұстап отыр.

Оның пікірінше, бұл кісілерге кешірім жоқ. Бірақ, кім біледі, жаңылғанын мойындап, кешірім сұраса, кешіретін де шығармын деп толғанады Тоқтар Рахметова.

- Тым болмаса кешіріп тастасамшы... Қанша көзіміздің жасы төгілді. Менің өзімді қамаймын деп іс жүргізді. Әрекеңнің туған қарындасына да іс қозғады. Аспирантурада оқып жатқан үлкен ұлымды оқудан шығарып тастады. Ғылыми жұмысы құжаттарға негізделген еді, бірақ оның қолына құпия құжаттар ешқашан берілмейтіндігін ескертті. Не керек, неше түрлі жәбір көрдік...

Сібірден оралғаннан кейін Әркен Уақ өзінің бар күш-жігерін Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын ашуға жұмсапты. Желтоқсанды тарихқа кіргізу үшін құпия құжаттарды жинаумен айналысқан. Тапқан табысына осындай материалдарды сатып алып отырған. Тоқтар Рахметованың айтуынша, Желтоқсан көтерілісі кезінде тергеуші болып істеп, қазір билікке керегі болмай қалған Мурзалин деген кісі құпия материалдарды Әркенге сатып отырған.

Сол материалдардың нәтижесіде Әркен Уақ 2000 жылы «Материалы геноцида, организованного Н.А. Назарбаевым против казахского народа в декабре 1986 года» атты еңбегін жарыққа шығарады. Тоқтар Рахметованың айтуынша, бұл кітаптың тексеруге арналған 50 данасы ғана автордың қолына тиіп, негізгі мың данасын баспадан шыққан сәтінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тәркілеген. Қазір бұл кітаптың аз ғана данасы халықтың қолында жүр.

Ғалым әрі қоғам қайраткері Әркен Уақ 2003 жылы 73 жасында дүниеден озды.
XS
SM
MD
LG