Accessibility links

Әділет министрлігі Евгений Жовтистің шағымын негізсіз деп санайды


Светлана Витковская, құқық қорғаушы Евгений Жовтистің әйелі. Алматы, 10 қараша 2009 жыл
Светлана Витковская, құқық қорғаушы Евгений Жовтистің әйелі. Алматы, 10 қараша 2009 жыл

Астанада қазанның 29-ы күні әділет министрлігінің ресми өкілі Ерболат Ерімбет журналистермен жүздесті. Оның айтуынша түрме әкімшілігінің жариялаған сөгістеріне қатысты Жовтистен түскен шағымдарға дәйекті жауап берілген.


Әділет министрлігінің ресми өкілі Ерболат Ерімбеттің айтуынша, Евгений Жовтистің түрме әкімшілігіне қатысты сотқа шағым түсіргенін министрлік біліп отыр.

– Біз қазір Жовтистің арыздарына қатысты дәйекті жауаптарды дайындап жатырмыз. Оның көптеген шағымдары қылмыстық-атқару жүйесі кодексінің нормасына сай келмейді. Тиісті жауапты біз оған жібергенбіз. Қазір оның барлығын сот шешеді, - дейді ресми өкіл.

Оның айтуынша, түзеу мекемесінде ішкі тәртіпті реттейтін белгілі бір ереже бар. Ал құқық қорғаушы Евгений Жовтис осы ережелерді бұзған.

– Түрмедегі ішкі режим бәрі белгілі бір тәртіппен реттелген. Айталық, телевизор көру, тысқа шығу дегендей. Осының барлығы ереже нормасына сай реттеліп отырады. Бұл жерде ереже бұзылған. Есесіне оған тиісті жазасы тағайындалды, - дейді министрлік өкілі Ерболат Ерімбет.

АЛҒАШҚЫ СӨГІС

Шығыс Қазақстандағы 156/13 қоныстандыру колониясында жазасын өтеп жатқан құқық қорғаушы Евгений Жовтиске 2009 жылғы қарашаның 18-і алғаш рет алты айлық сөгіс берілді. «Жазаның түрі оның колония ішінде емін-еркін жүріп тұруына, адамдармен кездесуіне тыйым салу» дейді оның зайыбы, әрі адвокаты Светлана Витковская Азаттық тілшісіне.

«Қамаудағы құқық қорғаушы жұмыс істеу жөніндегі еңбек шартына қол қоюдан бас тартты» деген сол кезде түрме әкімшілігі.

Осыдан кейін Евгений Жовтис Өскемен қаласының сотына «түрме әкімшілігінің әрекеті заңсыз» деп шағымданды. Алайда Өскемен қалалық соты оны қараудан бас тартып, Жовтистің тұрғылықты тіркелген жері Алматы болғандықтан Алматы қалалық соты қарасын деп жөнелтеді.

«Алматы қалалық соты да Евгений Жовтистің шағымын қараудан бас тартты. Өскемен қалалық сотының кеңсесі істің жоғарғы сотқа жіберілгенін хабарлады. Ол жақтан қай сот қарайтыны жөнінде шешім шығуы тиіс», - дейді оның зайыбы Светлана Витковская Азаттық тілшісіне.

ЖАҢА СӨГІС

«Бірінші сөгістің мерзімі осы жылдың 18-і мамырында аяқталуға тиіс болатын, алайда біз оған құжаттар дайындап жатқанда түрме басшылығы екінші сөгісті ұйымдастырды», дейді Светлана Витковская.

– Бұл жолы «түнде телевизор көрді» деп кінә тағып, тағы да алты айға сөгіс берді. Евгений ол кезде баласымен ұзақ мерзімді кездесуде болатын. Ал заң бойынша ұзақ мерзімдегі тұтқын қашан жатып, қашан тұрамын десе де өзі біледі. Оған ешқандай шектеу болуы мүмкін емес, - дейді Азаттық тілшісіне Светлана Витковская.

Оның айтуынша, Евгений Жовтис екінші сөгіске наразылық ретінде қазанның 18-і күні Өскемен қалалық сотына екінші рет шағым түсірген.

«Соңғы шағымда ол тек өз мүддесін қорғап қана қоймай сол қоныстану колониясында жатқан басқа да сотталғандардың мәселесін көтеріп отыр» дейді құқық қорғаушының зайыбы.

Светлана Витковская енді сотты күтіп отырғанын айтады. Ал әділет министрлігі болашақ сот отырысында алға тартылатын жауапты дайындап қойғандарын жеткізді.
XS
SM
MD
LG