«Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева қазақстандық журналистердің құқықтық шеңберде жұмыс атқаруына қол жеткізу үшін тер төгіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Азын-аулақ жетістіктің өзі үлкен тартыспен келеді. Міне, «Әділ сөз» қорының өзге жуналистік ұйымдармен бірлесіп дайындаған кезекті заң жобасын қазір Қазақстан парламенті жоғары палатасының депутаттары қарап жатыр. Бірақ, олар жобаны журналистер күткендегідей қабылдайды дегенге Тамара Калеева сеніңкіремейді.
– Мәселе қашанғыдай күрделі. Заң жобасын Сенаттың экономикалық және аймақтық саясат жөніндегі комитеті қарап жатыр. Біздің жобамызбен танысып шыққан Сенат депутаттарынан келіп түскен ақпарат әзірге жағымды естіледі. Журналистік ұйымдардың Қазақстан парламентіне жан-жақты пысықталып әзірленген, БАҚ туралы дұрыс заң жобасын ұсынып келе жатқаны бір бұл емес.
Өзіңізге мәлім, осы кезге дейін біздің ұсынған заң жобаларымыз бәлендей жетістікке жете алған жоқ. Яғни, маңызды деген мәселелер бойынша жасаған ұсыныстарымызды депутаттар тойтарып тастап отырды. Сондықтан, осы соңғы заң жобасын біз ерекше мұқият дайындадық. Біздің талаптарымыз бұрынғыдай, тек осы жолы біз бұрынғыдан да дәйекті, неғұрлым құқықтық негізделген заң жобасын әзірледік. Міне, енді Сенат біздің сол ұсыныстарымызды қарайтындарын айтып отыр, - деді Тамара Калеева.
– Тамара ханым, сіздер ұсынған жобаның негізгі баптарын атаңызшы.
– Біріншіден – сотқа талап арыз берудің шекті мерзімін белгілеу. Қазіргі күні ондай шекті мерзім жоқ. Сондықтан әркім журналисті осыдан он жыл бұрынғы мақаласы үшін сотқа сүйрелей алады. Екінші – ар-намысқа тию және жала жабу деген айыптар бойынша қылмыстық жазаны жою. Біз ондай істерді азаматтық дау-дамайлар қатарына қосуды талап етеміз. Үшінші – моральдық зиян келтіргені үшін белгіленетін соманы айқындау. Әйтпесе, ар-намысқа тиді деген айып бойынша журналистерден қазіргідей миллиондаған, кейде миллиардтаған теңге өтемақы талап ету ақылға симайды. Төртінші – фотосуретке түсіру құқығын дұрыс жолға қою.
– Сонда нені ұсынасыздар?
– Суретке түсіру үшін журналист ешкімнің рұқсатын күтпеуі керек.
– Депутаттар журналистердің бұл тілектерін ескереді деген үміт бар ма?
– Шынын айтқанда, мен аса үміттенбеймін. Егер осының кейбірі ескеріліп жатса, оның өзіне құба-құп. Оған қоса, біздің заңнамамызға қайшы келетін материалдар жариялағаны үшін Қазақстанда хабар тарататын шетелдік ақпарат құралдарының қызметін тоқтату туралы бапты алып тастау қажет деп санаймыз.
Бұл баптың болуы барлық шетелдік сайттарға тосқауыл қоюға негіз болары анық. Бұл жерде, нысанаға Рахат Әлиев алынып отырғанымен, іс жүзінде, қашандағыдай, отандық БАҚ зардап шегеді.
– Бұл заң жобасы қашан қабылданады деп ойлайсыздар?
– Ол Сенаттың қарауына енді ғана түсті, сондықтан әлі ұзақ уақыт қаралады.
– Тамара ханым, соңғы сауал, ҰҚК-нің Жамбыл облысы бойынша департаменті тұтқындаған «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповке қатысты істе сіздің ұйымның дауысы естілмейді ғой?
– Біз Рамазан Есіргеповке қатысты журналистік ұйымдардың барлық шараларын қолдаймыз. Бірақ бұл істе ең алдымен сауатты адвокат керек, Есіргеповте ондай қорғаушы әлі күнге дейін жоқ. Ол адвокат қызмет бабындағы хаттарды жария етуді мемлекеттік құпияны ашу санатына жатқызуға бола ма, жоқ па деген мәселе қоюы керек. Ешкім әлі оны білмейді.
Рамазан Есіргепов – жеке тұлға, ол мемлекеттік құпияны сақтаушы емес және ол оны сақтауға міндетті де емес. Сондықтан, неге оны мемлекеттік құпияны жариялады деген айыппен тұтқындағаны түсініксіз. Бұл өте принципті мәселе болғандықтан, адвокат оны сауатты түрде қоя білуі керек.
– Тамара ханым, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!