Парламент Мәжілісінің депутаты Ромин Мадинов «Тасжарған» газеті мен оған мақала берген тәуелсіз журналист Алмас Көшербаевты осы жылдың сәуір айында жарық көрген «Бедный латифундист» мақаласы үшін сотқа беріп отыр. Ақпараттарға сәйкес, депутатқа Алмас Көшербаевтың мақалада өзін "латифундист" деп атағаны ұнамаса керек. Сондай ақ, өзіне бағытталған бірқатар сындар депутатқа ауыр тиген көрінеді.
- Мен баспасөз мәслихаттарының материалдарына, бидай бағасының жоғарылауының жалпы жағдайына, Мелс Елеусізовтің сөзіне ғана жүгіндім. Өз тарапымнан ешқандай үзілді-кесілді тұжырымдар болған жоқ. Сондықтан кешірім сұрауға ешқандай себеп жоқ. Мен депутатқа мәселені сотсыз-ақ шешейік деп талай мәрте хат жаздым, ұсыныс жасадым. Бірақ жауап келген жоқ.
Журналистің ақпарат құралдарына таратқан үндеуінде «...Өркениетті елдерде қоғам қайраткерлерін, халық атынан сөйлейтін адамдарды сынау қалыпты жағдай. Ол адам депутат немесе үкімет мүшесі болып, мемлекеттік қызметке тағайындалса, ол өзіне айтылған сындарды шыдамдылықпен қабылдауы тиіс» делінген.
Журналист Жарқын Сәлен халықтың мұң-мұқтажын жеткізуші журналистерді өкінішке қарай, қудалау ісі елде әлі тоқтар емес. Оған көзқарас та өзгерген жоқ дейді.
- Жалпы журналистиканың қоғамдағы міндеті бақылаушылық қызмет. Кез келген министр болсын, депутат болсын, билікте отырған адамдар болсын, оның қандай қызмет атқарып жатқанын немесе оның не ішіп, не жеп отырғанын, немен, қалай күн көріп отырғандығына дейін журналистер біліп отыруы тиіс. Және де ол артық кеткен жағдайда оны жазып отыруы керек. Бұл Батыста бар тәжірибе. Оларда БАҚ үстем орында. Біз сондай қоғамға келуіміз керек. Өкінішке қарай, Қазақстан оған жете алмай отыр.
Пікір ашықтығы, сөз бостандығы мәселесі сайып келгенде елдегі адам құқығын сақтау жағдайын да көрсетеді дейді мамандар. Адам құқығын қорғайтын халықаралық бюроның бөлім жетекшісі Роза Ақылбекова Қазақстан адам құқығын қорғау туралы халықаралық конвенцияларға, түрлі құжаттарға қол қойғанымен, іс жүзінде ондағы ережелердің барлығын орындап отырған жоқ дейді.
- Өкінішке қарай, бізде бұл ережелерді орындауда заң бұзушылықтар көп. Себебі, бүгінгі күні мемлекет тарапынан жүргізілетін жүйелі түрде бақылау жоқ. Сондай- ақ, азаматтық қоғамнан да бақылау жетіспейді. Еліміздегі адам құқығын сақтау мәселесі осы бақылаулар пайда болған кезде ғана шешіле бастайды.
Қарапайым тұрғындардың құқықтық сауаттылығын өлшемге салған сарапшы бұл тұрғыда халықаралық сарапшылардың пікірлерімен келісетінін айтып отыр:
- Мәселен, БҰҰ-ның сарапшылары кейбір ескертулерінде біздің мектептерде балаларға құқық үйрететін мұғалімдердің ережелерді құрғақ жаттап алып, оны орындамайтынын айтып жатады. Дәл осындай жағдай өзге де салаларда қалыптасып отыр. Сондай ақ, Қазақстан қол қойған қысым көрсетуге қарсы конвенцияны алыңыз. Медициналық қызметкерлер әсіресе, жабық режимде жұмыс істейтін қызметкерлер қажетті медициналық көмек көрсетпегені үшін және өздерінің қысым көрсету жағдайына куәгер болғанын айтпағаны үшін жауапқа тартылатынын білмейді.
Адам құқығын қорғайтын халықаралық бюроның Қазақстандағы өкілдігіне жыл сайын 6 мыңнан астам арыз-шағым түсетін көрінеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойды. Атап айтқанда:
1994 жылы «Бала құқығы» туралы Конвенцияға қол қойды;
1998 жылы БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы конвенцияға, Нәсілдік кемсітуді жою туралы Конвенцияға, Босқындар мәртебесі жөніндегі конвенцияға қол қойды;
2005 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге қол қойды;
Дәл осы жылы экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары туралы халықаралық пактіге қол қойды.