ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ АПАТ
Атырау қаласының тұрғыны Ақтолқын Көбегенқызы өте ақкөңіл, көпшіл қыз. Бала кезінен ол бетіне операция жасауды армандайды. Бойжеткеннің туыстары мен сүйген жігітінің де тілейтіні сол.
Ақтолқын Көбегенқызы Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылында дүниеге келген. Бес айлық нәресте кезінде ол анасымен жол апатына ұшырап, анасы қаза табады да, Ақтолқынның бетін күйік шалады. Қайғылы оқиғадан кейін алғашқы уақытта Ақтолқын анасының алыс туыстарының бірі Гүлнар Атшыбаеваның қамқорлығында болған.
– Ақтолқынның әкесі әйелін жерлеу қамымен жүрді, Ақтолқынды маған аманат етіп тастап кетті. Сол кезде біз баланы Алматыдағы №1 балалар ауруханасына апардық, сол жерде Ақтолқынға операция жасады. Дәрігерлер оның бетіне аяғының терісін алып жапсырды. Барлық беті дәкемен таңылған болатын. Сол кездегі дәрігердің маған: «баланың жақсы болып кетуі 99 пайыз сізге байланысты, қалған бір пайызы ғана маған байланысты» деп айтқаны есімде. Сол себептен оның жыламауы үшін бар күшімді салдым, өйткені, сәбидің жылағаны өзінің бет-әлпетіне әсер ететін болған еді, – дейді Ақтолқынның апайы Гүлнар Атшыбаева Азаттық радиосының тілшілеріне.
Гүлнар Атшыбаеваның айтуынша, ол Ақтолқынға қарау үшін қолынан келгеннің барлығын жасаған. Бала-шағаға бас-көз болуды жұбайына тапсырып, өзі бір айы бойы бетін күйік шалған сәбимен ауруханада жатқан. Дәкемен таңып тастаған баланы төгіп-шашпай тамақтандыру оңайға түспеген. Баланы жылатпай жөргегін ауыстыру да жеңіл шаруа болмаған.
Кейде Гүлнар науқас баланың жанында отырып ұйықтап кетпес үшін өз тырнағының астына ине тыққан күндер де болыпты. Оның айтуынша, сол кезде ұйқы қашып кетеді екен. Сөйтіп, арада бір ай өткенде Ақтолқынды туыстары өз үйіне, Атырау облысына алып кеткен.
– Дәрігерлердің кеңесі бойынша, Ақтолқынға 4-5 жасында тағы бір операция жасалуы керек еді. Алайда, отбасылық жағдайға байланысты, олар Ақтолқынды әкеле алмады. Анасының артынша Ақтолқынның әкесі де о дүниелік болды. Кәмелетке толмаған ағасымен бірге тұлдыр жетім қалған Ақтолқынды шалғайдағы Атыраудан Алматыға кім әкелсін? – дейді Ақтолқынның апайы Гүлнар Атшыбаева.
БОЙЖЕТКЕННІҢ АРМАНЫ
Мектеп қабырғасында жүрген кішкентай кезінен ұстаз болуды армандаған Ақтолқын осы мақсатпен облыс орталығы Атырауға келген. Бұл қалада оның тұрмысқа шыққан апайлары тұрады. Ал ағасы Ақтолқын Атырауға кетпес бұрын оны қалаға бармауға үгіттепті. Ол қарындасының түріне қарап елдер күлкі етеді деп ойлаған.
Алайда, Ақтолқын өз алған бетінен қайтпай, қалаға келіп, педагогикалық колледжге оқуға түскен. Биыл қолына диплом алып, жұмысқа кірісуі керек. Алайда, Ақтолқын жұмыс берушілер өзінің сырт келбетіне қарап, жұмысқа алмай қоя ма деп уайымдайды.
– Сабақ барысында біз мектептерде, балабақшаларда тәжірибеден өтеміз. Сол кезде балалар менен сұрайды: «бетіңізге не болған?» деп. Мен қатты ыңғайсызданамын сондай сәттерде. Себебі, балалар қорқады, қазіргі балалар басқаша көзқараста. Бәрібір олар ең алдымен тәрбиешінің түріне қарайды ғой, біліміне емес, – дейді Ақтолқын Көбегенқызы.
Ақтолқынның бүлдіршін шағында баласындай қараған Гүлнар Атшыбаева да бойжеткеннің
Өзі өте көпшіл, өте мейірімді. Оны білгендердің барлығы оны жақсы көріп қалады. Бірақ, болашақта өмірі қалай болады, жеке өмірі қалай қалыптасады?
– Өзі өте көпшіл, өте мейірімді. Оны білгендердің барлығы оны жақсы көріп қалады. Бірақ, болашақта өмірі қалай болады, жеке өмірі қалай қалыптасады? Осының барлығы мені қатты алаңдатады. Ол тұлдыр жетім болғандықтан көмектесетін де ешкім жоқ, – дейді Гүлнар Атшыбаева.
Ақтолқын болса өзінің күндіз-түні ойға беріліп, армандайтыны – бетіне пластикалық операция жасату екендігін айтады, бірақ жас қыздың оған мүмкіндігі жоқ.
Тұрмысқа шыққан екі әпкесінің шама-шарқылары өз отбасыларынан артылмайды. Ал жалғыз ағасы ауылдағы көптің қатарында жұмыссыз отыр. Сол себепті, Ақтолқын өзі армандайтын операцияны жасатуға қол ұшын беретін қайырымды жандар кездессе ғой деп қиялдайды.