Accessibility links

Қазақстан саясаткерлері Қажыгелдиннің үндеуін түрліше қабылдады


"Азат" партиясының ұйымдастыруымен өткен үкіметке наразылық жиыны. Алматы, 21 ақпан 2009 ж.
"Азат" партиясының ұйымдастыруымен өткен үкіметке наразылық жиыны. Алматы, 21 ақпан 2009 ж.

Әкежан Қажыгелдиннің елдегі 13 саясаткерге жасаған ұсынысына байланысты Серікболсын Әбділдин билік оппозицияның үніне құлақ аспайды десе, Ирина Савостина зейнеткерлерді көтеруге уәде берді. Болат Әбілов демократиялық күштердің бірлестігіне билікті жақтайтындарды қатыстыруға қарсы, ал Әлихан Бәйменов керісінше, биліктегі озық ойлы күштерді тарту қажет деген пікірде.

«ҚАЖЫГЕЛДИН ЕЛДЕГІ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ БІЛІП ОТЫРҒАН ЖОҚ»

Оппозицияның қуғындағы өкілі Әкежан Қажыгелдиннің ашық хатын алғандардың бірі, Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин үндеу авторының мамырдың 1-і күні жалпыхалықтық «ынтымақтастық акциясын» өткізу туралы ұсынысының жүзеге асатындығына күмән келтіреді.

– Шынтуайтын айтатын болсақ, Қажыгелдин, елден жырақта жүрсе де, Қазақстанның проблемаларын ойлап жүреді: мақалалар жариялайды, не болмаса бүгінгідей «азаматтық одақ құру» ұсынысы секілді өзінің үндеулерін жолдап тұрады. Бірақ, мәселенің екінші жағын қарайтын болсақ, жырақта жүрген Қажыгелдин елдегі барлық жағдайды көріп-біліп отырған жоқ. Қазір елде ерек ойлардың иелеріне ғана емес, сонымен қатар қарапайым тұрғындарға да үлкен қысым көрсетіліп жатыр. Жүйе тарапынан азаматтардың өз ойларын ортаға салу мүмкіншілігіне қатысты Конституция бабына мораторий жариялау акциясы жүргізілді. Биліктің партиясы көпшілігінің «қолын бұрап тұрып» митингтер мен пикеттерге тиым салу меморандумына қол қойдырып алды. Сондықтан, халық өте қорқып отыр. Мұндай жағдайда, Әкежан Қажыгелдинді тыңдап, жұртшылық көшеге шығады дегенге менің күмәнім бар, – деді Серікболсын Әбділдин.

Сондай-ақ, коммунист Әбділдин саяси партиялардың басшыларының билікке өз талаптарын жеткізу туралы ұсынысын қолдайды, бірақ Назарбаевтың оған құлақ асатындығына сенбейді:

– Оппозиция қашан да жүйемен, яғни билікпен дөңгелек үстел басында келіссөз жүргізуге дайын. Бірақ, мұның арты немен аяқталып отыратындығын біз жақсы білеміз. Назарбаевтың өзі қоғамды бірнеше бөлікке бөліп тастады. Турасын айтар болсақ, ол оппозицияны айналымнан ығыстырып шығарды. Билік құрамында оппозициялық партиялардың өкілдері жоқ. Сондықтан, Қажыгелдиннің президенттің қабылдауына сұрану керектігіне қатысты ұсынысының, мүмкін, пайдасы бар шығар. Бірақ, дәл осы жағдайда, Назарбаев бұл кездесудің жүзеге асуына жол бермейді. Өйткені, ол баяғыда-ақ оппозицияның үніне құлақ асуды қойған.

«ПОКОЛЕНИЕ» ҚОЗҒАЛЫСЫ ЭКС-ПРЕМЬЕРДІҢ БАСТАМАСЫН ҚҰПТАЙДЫ

Ал, «Поколение» қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина болса Әкежан Қажыгелдиннің ешбір сөзіне шүбә келтірмейді. Сондай-ақ, ол мамырдың 1-і күні елдегі зейнеткерлердің бәрін көтеруге күш салатындығын мәлімдеді.

– Мен бар күшімді Қазақстанның барлық зейнеткерлерін көтеруге жұмсаймын. Мен Қажыгелдинге сенемін, және де, оның қайтып оралуын көргім келеді. Тіпті, Қазақстанның нағыз азаматтарының барлығының елге қайтып оралғандығын қалаймын. Дүйсенбіден бастап Қазақстанның бүкіл зейнеткерлерімен жұмыс жасай бастаймын. Мен Қажыгелдинді қолдаймын. Өйткені, ол нағыз азамат. Қажыгелдин елге оралмайынша мұндағылардың бірігу әрекетінен бір нәтиже шығатындығына аса сеніңкіремеймін, – деді Ирина Савостина Азаттық радиосына. Ол Қажыгелдинге арнап шығарған өзінің «Хочу на Родину!» атты өлеңін де оқып берді.

Қуғындағы оппозиция көсемі Қажыгелдиннің айтуынша, осы үндеуін арнап жазған адамдарға бұл хатты жеткізуге «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов уәде берген. Партия төрағасы Әбілов бір жеті бұрын Қажыгелдинмен телефон арқылы осы турасында әңгімелескендігін Азаттық радиосына растады.

«АЗАТ» ПАРТИЯСЫ БИЛІКТІ ҚОЛДАУШЫЛАРМЕН БІРІГУГЕ ҚАРСЫ

Бірақ, «Азат» партиясының жетекшісі оппозицияның қуғындағы өкілінің ашық хаты жолданған 13 кісінің арасында биліктің саясатын жақтайтындардың да бар екендігіне риза емес.

– Біріншіден, тізім дұрыс емес. Әлихан Бәйменов пен Ғани Қасымов «оппозиция» емес қой. Олар «Назарбаевты қолдаймыз» деп талай мәрте ашық айтты. Ал, біз қолдамаймыз. Сондықтан, олар оппозиция емес. Олардың елге сіңірген ешқандай еңбегі жоқ, тек қана билікті қолдаймыз деп жүр. Екіншіден, біз ойланайық. Бірақ, біз өзіміз, бұған дейін де Серікболсын Әбділдин, Жармахан Тұяқбай және тағы басқаларымен бірнеше мәрте кездесіп, бірлесу мәселесін талқыладық. Сондықтан, біз дайынбыз. Тағы бір блок құрудың қажеті жоқ. Нағыз демократиялық күштер, оппозиция бір партияға топтасқан жағдайда ғана билік бізді тыңдайды, халық та бізге сенеді, – деді Болат Әбілов.

Қажыгелдиннің хаты Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымовқа әлі жетпепті. Генерал Қасымов, хаттың мәтінімен толық танысып шықпайынша, Қажыгелдиннің ұсыныстарына қатысты пікір білдіргісі келмейді.

– Әзірге ештеме ұғып отырған жоқпын. Көрерміз, алдымен хатпен танысып шығайық, – деді патриот Қасымов.

БӘЙМЕНОВ ҚАЖЫГЕЛДИННІҢ ҮНДЕУІНЕ ҚОСЫЛАДЫ

Ал, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов болса Қажыгелдиннің саяси партиялардың күш біріктіруіне қатысты ұсынысын қолдайды және де мұндай бірлестікке биліктегі озық ойлы күштер де тартылуы тиіс деп есептейді.

– Әкежан Қажыгелдиннің ұсынысы орынды. Ол тәжірибелі саясаткер ретінде, Қазақстанның мүддесі үшін, қазіргі күні барлығымыз да саяси күреске бір кісідей жұмылуымыз керектігін жақсы түсінеді. Біз де элитаның күш біріктіргенін қолдаймыз. Сондай-ақ, билікте отырғандардың ішінде де тиісті реформалардың жүзеге асуын қалайтын озық ойлы тұлғалар бар. Әрине, қазіргі дағдарыс кезі, артық сезімге беріліп, өткен проблемаларды қозғайтын уақыт емес. Дәл бүгінгі жағдайда елдің бүкіл интеллектуалдық әлеуеті дағдарыстан шығуға бағытталуы керек, – деді Әлихан Бәйменов.

Азаттық радиосы бұған дейін хабарлағанындай, қуғындағы оппозиция көсемі Әкежан Қажыгелдин сәуірдің 3-і күні Серікболсын Әбділдин, Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, Әлихан Бәйменов, Ғани Қасымов, Асылбек Қожахметов, Владимир Козлов, Айнұр Құрманов, Серік Медетбеков және өзге де тұлғалардың атына ашық хат жолдады.

Онда үндеу авторы саяси партияларға «Азаматтық одақ» атты жаңа бірлестікке бірігуді ұсынады. Сан қатпарлы үндеуінің соңында Қажыгелдин халықты биылғы жылғы мамырдың 1-і күні таңертеңгі сағат 10-да елде «жалпыұлттық ынтымақтастық акциясын» өткізуге шақырған.
XS
SM
MD
LG