ЖҰМБАҚ ҚАЗА
Өткен жылы боранды түнде адасып, көрші Өзбекстаннан бір-ақ шыққан 30-ға жуық ақтөбелік жүргізушілердің арасында Татьяна Назарованың жалғыз ұлы – Иван да бар-тұғын.
Өзбекстанда ұсталып, бірнеше ай тергеуде болып, өзбек сотының үкімімен түрлі жаза алып Қазақстанға оралған ақтөбелік жүргізушілердің арасында Иван Назаров болмай шықты. Көп ұзамай 28 жасар жігіттің мәйіті көрші Өзбекстанның аумағынан табылғандығы белгілі болды.
Қазақстан азаматының өлі денесі көрші Өзбекстан елінің территориясында табылғандығына қарамастан, екі елдің де құқық қорғау органдары «айғақ жоқ» деген желеумен, қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан еді.
Марқұмның анасы Татьяна Назарова сараптама қорытындысын алға тартып, ұлының азапталып өлтірілгендігін айтады.
– Бірнеше мәрте арыз-шағым жазғаннан кейін, ұлымның мәйітіне эксгумация жасалды. Ақтөбенің сот-медициналық сараптама мамандарының қортындысы бойынша, дененің бірнеше сүйектері жоқ, нақтырақ айтқанда, оң жақ иық сүйегі мен тістері түгелімен жоқ, одан өзге сүйектері шытынаған. Осының барлығы ұлымды қинап, азаптап өлтіргендігінің белгісі, – дейді марқұмның анасы Татьяна Назарова.
САРАПТАМА ҚОРТЫНДЫСЫ
Өзбекстандық құқық органдары Иван Назаровтың денесін өзбек шекарасынан 5 шақырым жерде тауып алғанын айтады. Алайда, жас жігіттің туған-туыстары мен ұсталған ақтөбелік жүргізушілер бұл пікірге күмән келтіреді. Өзбекстан полицейлері оларды Нүкістегі тергеу абақтысына апармай тұрып шекарада бір күн ұстаған.
– Шекарада бізді дүңгіршекке қосымша күш келгенше бір күнге қамап қойды. Біздің арамызда екі орыс жігіті болған, бірі сол Иван еді. Ал одан кейін барлығымызды отырғызып, Ходжалиге алып барды, – дейді жүргізушілердің бірі Қанат Сағымбаев.
Жүргізушілер «Иван сәті түсіп қашып кеткен де болар» деп ойлаған. Ал, оның қайтыс болғандығын тек соттың шешімі жарияланғаннан кейін ғана естіген. Жүргізушілер Иванның өліміне өзбек құқық қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген күдігін жасырмайды.
Осы оқиғаға бір жыл өткеніне қарамастан, Татьяна Назарова жалғыз ұлының қалайша, қандай жағдайда қайтыс болғандығын анықтауды талап етуде. Оның пайымдауынша, бұл істе екі мемлекеттің құзырлы органдары құлықсыздық танытып отыр.
– Жүргізілген сараптама қортындысы негізінде қылмыстық іс ашып, анық-қанығына жетуге, тиісті адамдарды жауапқа тартуға болса да біздің құқық органдар мұны жылы жауып қоя салды. Меніңше, біздің үкімет менің ұлымның өлімі сияқты түкке тұрғысыз жайт үшін Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынасты құртқысы келмейді. Әйтпесе, неге Өзбекстанның құзырлы органдарын жауапқа тартып, істі ашпай отыр? Олардан қорқады ма? – дейді Татьяна Назарова.
ПОЛИЦИЯ ӨЛІМНІҢ СЕБЕБІН АНЫҚТАУ МҮМКІН ЕМЕС ДЕЙДІ
Ақтөбе облысының ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Алмат Иманғалиевтің айтуынша, сот-медициналық сараптама жасағанымен жас жігіттің неден қайтыс болғандығын анықтап бере алмаған.
– Жүргізілген сараптама қортындысы расында да мәйітте иық сүйегінің сынғандығын анықтаған, алайда мамандар ол өлімге себеп емес дейді. Өйткені, ондай сынық Иван Назаровтың қайтыс боларынан бірнеше ай бұрын болуы да мүмкін. Ал, қылмыстық істі жабудың себебіне келсек, расында да қылмыстық құрам жоқ. Өйткені, дәл сол сараптама қортындысы бойынша, мәйіттің шіріп кеткендігіне байланысты оның нақты неден көз жұмғандығын анықтау мүмкін болмады, – дейді Ақтөбелік полиция өкілі.
Өткен жылы Өзбекстан прокуратурасы ақтөбелік 27 жүргізушіге «өзге республикаға заңсыз өту», «ұрлық» және «кеден заңдылығын бұзу» деген айыптар тағып, әрқайсысына 11 мың доллар көлемінде айыппұл салып, 30 шақты ауыр жүк көліктерін тәркілеген болатын.