Accessibility links

Қазақстан азаматы Иван Назаровтың Өзбекстанда қалай қаза болғаны жұмбақ күйінде қалып отыр


Иван Назаров (отбасылық альбомдағы суреті).
Иван Назаров (отбасылық альбомдағы суреті).

Төрт ай Нүкісте қамауда болған 27 ақтөбелікке қоса Иван Назаров есімді тағы бір Қазақстан азаматының болғаны, алайда оның өліп қалғаны туралы ақпарат жақында ғана бұқараға белгілі болды. Қамауда болғандар ресми Астана мен Тәшкент адам өлімін осы уақытқа дейін жасырып келген деген пікірде.

«ӨЗБЕК ЖАҒЫ ӨЗІНЕ КЕРЕКТІ ҚОЛХАТ СҰРАП, МӘЙІТТІ БЕРМЕЙ ОТЫР»

Ақтөбе облысындағы Алға кентінің тұрғыны Иван Назаровтың мәйітін алу үшін Нүкіске барған марқұмның туыстары ол жақта қиындыққа тап болды деп хабарлады шілденің 10-күні Азаттық радиосына Ақтөбедегі «Азат» партиясының жетекшісі Айдос Садықов:

«Бүгін маған Нүкістен Иванның анасы Татьяна Назаровамен телефонмен хабарласты. Ол тағы бір алыс туысын ертіп Нүкістен ұлының денесін алып келу үшін барған еді. Бірақ өзбек өкіметі олардан «Өзбекстан тарапына ешқандай өкпе-ренішіміз жоқ» деген қолхат беруді талап етіп жатқан көрінеді. Егер туыстары ондай қолхат жазып қалдыратын болса, онда Иванның өлімінің себеп-салдарын зерттеуге
Татьяна Назарова, Иван Назаровтың анасы. Сурет "Азат" партиясының Ақтөбе филиалының қорынан.
мүмкіндік болмайды. Екіншіден, марқұмның денесін жеткізу үшін отбасының алып барған ақшасы жетпей, тағы да шамамен 200 АҚШ доллары қажет болып жатыр екен».

Иван Назаровтың әйелі Валентина Кашенованың айтуынша, күйеуі биылғы жылы ақпанның 12-сінде Ақтөбеге жұмысқа кеткен. Кейін оның Өзбекстан шекарасында ұсталғанын естіген үй-іші Иванды осы уақытқа дейін басқалармен бірге түрмеде отырған шығар деп ойлап келіпті.

Күйеуінің марқұм болғаны туралы Валентина Кашеноваға 22 маусым күні жергілікті Алға аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері естіртіпті. Алайда оның қандай жағдайда және қай кезде көз жұмғандығы әлі күнге дейін ашып айтылмай отыр дейді марқұмның жесірі.

Иван Назаровтың өліміне қатысты шілденің 10-күні Азаттық радиосы Нүкісте қазақстандық азаматтардың үстінен жүргізілген соттың басы-қасында болған Қазақстанның Ташкендегі консулы Бабур Дәуренбекке хабарласқан еді. Алайда хатшы қыз «консул мырзаның бұл іске қатысты ешқандай ақпарат бере алмайтындығын» айтты.

Сол секілді, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де Қазақстан азаматы Иван Назаровтың қазасына қатысты жарытып ештеңе айтпады.

«Қазіргі таңда ол мәйіттің кім екендігін, оның қай елдің азаматы екендігі және ол қандай жағдайда көз жұмғандығы жайында тергеу ісі жүргізілуде. Тергеу ісі аяқталғанға дейін ешқандай ақпарат бере алмаймыз», – деді министрліктің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров Азаттыққа.

«ОЛАР КҮЙЕУІМНІҢ ҚАЗАСЫ ТУРАЛЫ ЕШКІМГЕ, ӘСІРЕСЕ БАСПАСӨЗГЕ АЙТПАУДЫ ТАПСЫРДЫ»


Валентина Кашенова күйеуі Иванның қайтыс болғаны туралы жария қылмау туралы ескерту алыпты.

«Маған Алға аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері күйеуімнің тек киімдерін әкеліп берді. Ресми адамдар бұл туралы көп ешкімге тіс жармауымды сұрады. «Әсіресе, БАҚ өкілдерінің құлағына тимесін» деп тапсырды», – дейді Валентина Кашенова.

Валентина Кашенова, Иван Назаровтың зайыбы. Сурет "Азат" партиясының Ақтөбедегі филиалының қорынан.
Ақтөбелік жүргізушілер Иван Назаровтың өлімі жайлы екі тарап та – қазақ және өзбек ресмилері о бастан білген деп пайымдайды. Алайда бұл сот процесі үнемі бұқаралық ақпарат құралдарының назарында болған соң қандай да бір даудың шығуынан қауіптенген екі жақтың ресмилері адам өлімі туралы деректі жасырып келген секілді деген күдік айтады Нүкісте қамауда отырып келген ақтөбеліктер мен оларды қорғаушы бастамашыл топ мүшелері.

Нүкісте тұтқында болғандардың туыстарының бастамашыл тобының жетекшісі Айдос Садықовтың сөзіне қарағанда, соңғы бірнеше айда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттардың бірқатары бұрмаланып бергеніне тұтқында болған ақтөбеліктер назалы екен.

«Билік өкілдері немесе мемлекеттік БАҚ тарапынан туған-туыстарын алдып шақыртып, өздеріне қажетті әрі ыңғайлы мәліметті айтуды сұраған кездер болды. Ал шынайы жағдайға бас қатырып жатқан билік жоқ. Мәселен, кеше ғана марқұм Иван Назаровтың отбасына қаржылай көмек береміз деп әкімшілік марқұмның анасы мен әйелін шақыртқан. Отбасы мүшелері келгенде оларға мемлекеттік баспасөзге «бізге әкімшілік көмектесіп жатыр» деген мазмұндағы сұхбат беруді сұраған. Наразы болған туыстары ақшадан бас тартты, артынан әкімшіліктен Иванның әйеліне 70 мың теңге мен анасына 40 мың теңгені берген екен», – деді Айдос Садықов.

Бір отбасының асыраушысы болған Иван Назаровтың артында үй шаруасындағы әйелі, шиеттей екі қызы мен зейнеткер анасы қалды.

СЕРІКТЕРІ ИВАН НАЗАРОВТЫ СОҢҒЫ 27-ШІ АҚПАНДА КӨРГЕН


Қарақалпақстанның бас қаласында төрт айдан астам уақыт абақтыда қамауда отырған қазақстандық азаматтар әу баста, ақпан айында өзбек шекарашыларының қолына түскенде, өздерімен бірге болған Иван Назаровтың өлгенін тек маусым айының соңында ғана білген.

Тұтқындағы жүргізушілердің айтуынша, 27-ші маусымда Нүкістің Жоғарғы сотында шешім шыққаннан кейін оларға өзбек құқық орындарының өкілдері ер адамның мәйітінің суретін көрсеткен.

Үстінде қалған киім қалдықтары мен дене бітіміне қарап, жүргізушілер өлген адам ақпан айында өздерімен бірге жолға шыққан Алға
Өзбек жағы мәйіттің Қазақстан шекарасынан бес шақырым жерден табылғанын айтқанымен, ақтөбелік жүргізушілер оның өлімі кездейсоқ болғанына күмәнданады.
қаласының тұрғыны Иван Назаров екенін таныған. Өзбек жағы мәйіттің Қазақстан шекарасынан бес шақырым жерден табылғанын айтқанымен, ақтөбелік жүргізушілер оның өлімі кездейсоқ болғанына күмәнданады.

Олардың айтуынша, ақпан айында ақтөбелік кәсіпкерлерге жалданған жұмысшылардың ұзын-саны 35 адам болған. Ақпанның 26-сында өзбек шекарашыларына тап келген кезде оның жетеуі қашып үлгерген. Ал шекарашылар ұстаған қалған 28 адамның арасында Иван Назаров та болған.

Иван Назаровпен бірге болған ақтөбеліктер оны соңғы рет ақпанның 27-сінде көріпті. Өзбекстан шекарашыларына қосымша күш келгенше бір тәулік бойы суық үйшік ішінде өзгелермен бірге Иван да қамауда отырған. Содан кейін ұсталғандар 3 күн жол жүріп, Ходжейли ауданы орталығының уақытша тергеу абақтысына жеткізіліп, онда тағы 17 күн жатқан. Бұдан соң олар Нүкіске жеткізілген.

Қамауда болған кезде ақтөбеліктер өзара ешқандай хабар алыса алмағандығын, сол себепті Иванның дәл қай кезде және қандай жағдайда көз жұмғандығынан бейхабар екендерін айтып отыр. Өз айтуларынша, абақтыда түрме әкімшілігі оларға әлімжеттік көрсеткен, кейбіреуінің ақшасын, жеке заттарына дейін алып қойған.

Биылғы жылы ақпан айында Өзбекстан шекарасында ұсталған қазақстандық 27 азамат Ақтөбеге шілденің 1-інде оралған болатын.

Төрт айдан астам уақыт Нүкіс абақтысында қамауда болған 27 азаматтың ісін қараған Қарақалпақ Республикасының Жоғарғы соты шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыпталған қазақстандықтардың барлығын босату жөнінде маусымның 24-інде шешім шығарды.

Өзбекстан прокуратурасы олардың барлығына «өзге республикаға заңсыз өту», «ұрлық» және «кеден заңдылығын бұзу» деген айыптар тағып, екеуін ұйымдастырушы ретінде 15 жылға, қалғандарын 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Алайда сот Қазақстан азаматтарының әрқайсысы 16 млн 840 мың өзбек сомын, яғни 11 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеп, олардың меншігіндегі КАМАЗ маркалы жүк көліктерін тәркілеу туралы шешім қабылдады.
XS
SM
MD
LG