8-ШІ МЕН 7-ШІ ҚАБАТ АРАСЫНДАҒЫ АЖАЛ
Андрей Еськиннің кездейсоқ қазаға ұшырағаны жөніндегі суыт хабар қыркүйектің 1-і күні ғана ақпарат құралдарына мәлім болды. Ішкі істер мекемесі таратқан шағын ақпаратта 33 жастағы кәсіпқой боксшының тамыздың 29-ы күні жергілікті уақытпен түнгі сағат 11-де Ақтөбедегі өзі тұратын көпқабатты үйдің 8-ші қабатындағы пәтерінен құлап түсіп, мерт болғаны жөнінде айтылған.
Полицияның берген алдын ала деректері бойынша, Андрей Еськин өзінен төмен, 7-ші қабатта тұратын көршісінің балконына төсек жаймасын байлап түспекші болғанда, қолы тайып кетіп жерге құлаған. Оқиға орнына дәрігерлер келіп жеткенде боксшы жан тәсілім етіп үлгерген.
Ақтөбе қаласындағы Тургенев көшесіндегі коммуналдық үйдің 8-ші қабатындағы 3 бөлмелі пәтерді Андрей Еськин 2007 жылы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолынан алған еді. Бұл пәтерде ол әйелі және кәмелетке толмаған екі қызымен тұратын.
«БАЗУКА» БАҚТАЛАСЫН НОКАУТПЕН ЖЕҢЕТІН
1976 жылы сәуірдің 2-інде өмірге келген Андрей Еськин 12 жасынан бастап әуесқой бокспен шұғылданды. Әуесқойлар арасындағы жарыстарда 167 рет рингке шыққан Андрей соның 152-ін жеңіспен аяқтады. 97 жекпе-жекті нокаутпен ұтты.
1993-1994 жылдары Қазақстан жастар құрамасының, 1995-1999 жылдары ұлттық құраманың мүшесі болды.
Ал 1999 жылдан бастап кәсіпқой боксқа ауысқан Андрей Еськин рингте 21 кездесу өткізіп, оның 17-інде бақталасынан басым шықса, 11-де жекпе-жекте жеңіске нокаутпен жетті. Жұдырығының қуатты екендігін сан мәрте дәлелдеген боксшы «Базука» деген лақап атқа да ие болған-ды.
2005 жылы WBO ұйымының Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша интерқұрылық чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жекте танзаниялық боксшыны ұтып, жеңімпаз атанды. 2004 жылы кәсіпқой бокстан ТМД елдерінің чемпионы атағын иемденді.
Ақтөбеліктер Андрей Еськинді ақтық сапарға алдағы сенбі, қыркүйектің 5-і күні жергілікті уақытпен түскі сағат 12-де шығарып салады. Андрейдің өзімен бірге туған қарындасы да Ақтөбеде тұрады. Оны жерлеуге қазірде Германияда тұратын анасы мен ағасы да келмекші.