Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Солтүстік Трува кенішіндегі кәсіпорындардың бірінде қыркүйектің 17-сі күні қытай және қазақ жұмысшылары арасында жаппай төбелес болып, салдарынан бірнеше адам жарақат алған. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-қызметі хабарлады.
«Қыркүйектің 17-і күні Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Солтүстік Трува кенішінде «Ареол Құрылыс» және «М-Техсервис» компанияларында істейтін қытай және қазақ жұмысшылары сөзге келісіп қалған. Нәтижесінде Қазақстанның үш азаматы соққыға жығылған. Осыны көрген кәсіпорын күзетшілері, төбелесті болдырмас үшін қызметтік қару қолданып, ескерту ретінде аспанға оқ атқан. Қазіргі таңда Байғанин аудандық ішкі істер бөлімі бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 257-ші бабы («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Алмат Иманғалиев дүйсенбі күні.
Жараланған қытай жұмысшылары қыркүйектің 18-і, сенбі күні Ақтөбе облыстық ауруханасына жеткізілген.
Облыстық аурухананың бас дәрігері Сәубет Келімбердиев дүйсенбі күні Азаттық радиосына берген түсініктемесінде, қарауындағы емдеу мекемесіне жеткізілген алты қытай азаматының денсаулық жағдайынан хабардар етті.
– Сенбі күні алтауын алып келді, төртеуі нейрохирургия бөлімінде жатыр, оларға «миы шайқалған» деген диагноз қойылды. Екеуіне оқ тиіп жараланған: біреуінің аяғына, екіншісінің қолына тиген. Олардың барлығы да Қытай елінің азаматтары, бәрінің денсаулық жағдайы қазір қанағаттанарлық, ешқандай қауіп жоқ, – деді Сәубет Келімбердиев.
Ауруханада қытай жұмысшылары жатқан бөлменің есігін күзетіп тұрған арнайы қызмет өкілдері шетелдіктерге кездесіп, хал-жағдайын білмек болған журналистердің жолын бөгеп, жібермеуге тырысты. Тек облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері араласқан соң ғана тілшілер қытай азаматтары жатқан бөлмеге кіруге мүмкіндік алды.
Бірақ қытайлар өз ана тілінен өзге тілде сөйлемейтіндіктен олардан төбелес жайлы толық ақпарат алудың сәті түспеді.
Ауруханада жатқан алты қытайдың бірі - қырық алты жастағы Хуан Хун Фу Азаттық тілшісіне тұла бойындағы соққы іздерін көрсетті, маңдай тұсындағы жарақатты дәрігерлер тігіп қойыпты. Шетелдік азамат өзін темір сойылмен ұрғанын Азаттық тілшісіне ымдап жеткізді.
Солтүстік Трува мұнай-газ кен орынын қазақ-қытай бірлескен «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы игеріп жатыр. Дүйсенбі күні Азаттық тілшісі телефон арқылы сөйлескен осы компанияның баспасөз-қызметінің өкілі, жұмысшылар төбелесі туралы алғаш рет естіп тұрғанын айтып, компания басшысының атына жазбаша ресми сауал-хат болмайынша қандай да бір түсінік беруден бас тартты.