ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУ
Жаңажол кенішінде өткен ереуілге қатысқан он адам маусымның 18-і күні Мұғалжар аудандық сотына тартылды. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы әкімшілігі оларды тәртіпсіздік ұйымдастырды деп кінәлап, сотқа берген еді. Қытай компаниясы мұнайшылардың ереуілі заңсыз өтті дейді.
– Біз бұл ереуілді арандату деп санаймыз. Осының барлығын біреулер ұйымдастырған, – деді Азаттық тілшісіне «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы бас директорының орынбасары Рахметолла Мүсіркегенов.
Сот алдына жауап беруге мұнайшылардың «Наразылық» тәуелсіз кәсіподағының үш жетекшісі шақырту алды. Үшеуі де осы кәсіпорынға қарасты көлік мекемесінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Олармен бірге сотқа тартылған тағы бірнеше жұмысшыны кәсіпорын әкімшілігі өзгелерді ереуілге шығуға үгіттеген деп айыптады.
Бұлардың барлығы да жұмыстан шығарылуы мүмкін дейді қытай компаниясындағылар. Бұдан өзге, ереуілге шыққандар талап еткеніндей, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы мамандандырылған көлік мекемесінің директорын жұмыстан босатқан. Тек ол ғана емес, тағы бірнеше жетекші қызметкерді жұмыстан босату мәселесі қаралып жатыр дейді компания басшылығы. Олардың арасында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы бас директорының бір орынбасары мен мамандандырылған көлік мекемесінің бас инженері де бар.
СЕС КӨРСЕТУ
Ақтөбе облысындағы Жаңажол кенішінде мұнайшылар ереуілі маусымның 16-ы күні өткен болатын. Сол күннің ертесінде, ереуілшілерге қолдау ретінде, осы компания игеріп жатқан Кеңқияқ кенішіндегі мұнайшылар да жұмысқа шықпады. Қос кеніш жұмысшыларының талабы біреу – еңбекақыны көбейтіп, кейбір жетекшілерді жұмыстан босату. Ереуілге барлығы 400-ден астам адам қатысты.
Ереуілшілерге Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов пен аудандық прокуратура өкілдері келді. Жұмысшылардың айтуынша, олар жиналғандарды тарауға үндеп, егер айтқанға көнбесеңдер шара қолданылатын болады деп ескерткен.
Бұдан өзге, ереуілшілермен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ізбақ Өмірзақов, облыстық ішкі істер департаменті бастығы Патрис Нокин және облыстық прокуратура өкілдері кездесіп, әңгімелескен.
Маусымның 17-сі күні Жаңажол мен Кеңқияқ мұнайшылары жұмысқа шықты. Компания басшылығы жұмысшылардың еңбекақысын маусым айында 15 пайызға, қазан айында 20 пайызға көбейтуге уәде берген.
Бірақ, қытайлық инвесторлар еңбекақы мөлшерін ереуілшілер талап еткендей 200 мың теңгеге (шамамен 1400 АҚШ доллары) көбейтуге «мүмкіндік те, басы артық ақша да жоқ» екендігін мәлімдеген.
«Ақтөбемұнайгаз» компаниясы акцияларының бақылаушы пакеті 1996 жылы Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясына берілді. Қазір «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» жылына 6 миллион тоннадан астам мұнай өндіреді, компанияда 8 мың адам жұмыс істейді.