Accessibility links

Мұнайшылар жалақысы өскенімен, қуғынға түскеніне налиды


"Ембімұнайгаз" жұмысшылары Азаттық тілшісіне шағым айтып келді. Атырау. 26 мамыр. 2010 жыл.
"Ембімұнайгаз" жұмысшылары Азаттық тілшісіне шағым айтып келді. Атырау. 26 мамыр. 2010 жыл.

"ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ жұмысшылары өздерінің жалақысы өскенін хабарлап отыр. Алайда оны өсіруге қатысты талап қойған мұнайшылардың басына қара бұлт үйріле бастады. Олар өздерінің осы үшін жапа шегіп жүргендерін айтып шағымданады.


ДҮҢГІРШЕК ЖӘНЕ МҰНАЙШЫЛАР ТАЛАБЫНА МЕНЕДЖЕРЛІК САРАПТАМА


Бір қызығы - "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" акционерлік қоғамының жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Дәулет Жұмаділ Азаттық тілшісімен болған әңгімеде жұмысшылардың талаптары баяндалған ешқандай арыз-шағымның әлі күнге дейін келіп түспегенін баяндады.

- Баспасөз бетінде бір хат туралы сөз қозғалады. Бірақ қайда сол хат? Мен ешқандай хат көргенім жоқ. Қашан және немен жіберілді, белгісіз. Бірақ бір жағымды жаңалық - жұмысшылардың жалақысы өзгереді және өседі. Жалақыны көтермелеу барысында талап етіліп отырған үстемелеу коэффициенттердің барлығы ескеріледі, тек нақты цифрды атай алмаймын, бәрі есептелу сатысында, - деді Дәулет Жұмаділ.

Оның айтуынша, "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" акционерлік қоғамының еңбек ақы төлеу қорының жалпы шығыстарының 41- 42 пайызы
Мұнайшылар Азаттық тілшісімен кездесіп отыр. Атырау, 26 мамыр. 2010 жыл.
еңбек ақыға жұмсалып отыр. Бұл - басқа компаниялармен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Бірақ осы шығындар белгілі межеден аспауы тиіс. Ал егер одан асып кетсе кез келген жоба экономикалық жағынан алғанда пайдасыз болады деп түсіндіреді ол.
«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшыларының талаптарын саралаған менеджер мынадай мысал келтірді:

- Мен бір дүңгіршек аштым делік. Ондағы бар сататыным - сақталу мерзімі өтіп кеткен 10 консерві. Ал сол 10 консерві ғана сатылатын дүңгіршекті күзету үшін тағы 10 адамды жұмысқа алсам қалай болады? Оларға төленетін жалақы, салық мәселесін қалай шешуге болады? Тиімді ме, тиімсіз бе?

Бұдан бөлек жұмысшылардың 2 маусымда компания басшылығы келіп кездесу жасамаса наразылық акцияларын ұйымдастыратыны жайлы ескертулеріне сәйкес Дәулет Жұмаділ «неге 2 маусым?» деп таң қалды.

- Неге маусымның 1-і немесе 3-і емес. Әлде маусымның 2-сі біреудің туған күні ме? Мәселені осы күнге тіреп, ерекше шарт қоюдың қажеті жоқ. Ал кәсіподақ жұмысына наразы болса, қазір аймақтарда кәсіподақ көсемдерін сайлау жүріп жатыр. Соған ат салысып, өздері сенетін беделді адамдарын сайлап алсын, - дейді Дәулет Жұмаділ.

Естеріңізге сала кетсек, мамырдың 14-і күні "Ембімұнайгаз" өндірістік филиалының «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз» және «Доссормұнайгаз» өндіруші басқармалары мұнайшыларының бірнеше өкілдері Атыраудағы үйлерінің бірінде өздері "баспасөз мәслихаты" деп атаған кездесу өткізген еді. Олар "ҚазМұнайГаз" БӨ" басшылығына хат жолдап, еңбек ақы төлеу жүйесін өзгертіп, 1,8 салалық коэффициенті енгізуді және 70 пайыз аймақтық коэффицентті сақтап қалуды талап еткендерін мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар Ембі мұнайшылары барлық мұнай-газ өндіру басқармаларында жұмыс уақыты мен тынығу уақыты үшін бірдей еңбекақы төлеуді де сұраған еді.

- Мұнайшылар қол қойған талап хат 26 мамырда өтетін "ҚазМұнайГаз" БӨ" акционерлік қоғамының директорлар кеңесі мәжілісінде талқылануы тиіс. Бұдан бөлек маусымның 2-сінде компания басшыларын Атырауға мұнайшылармен келісімге келуге шақырып отырмыз. Егер бұл ұсыныс қолдау таппаса, ереуіл жасауға мәжбүр екендіктерімізді де ескертпекпіз, - деген еді мұнайшылар.

«ХАТ КЕЛГЕН ЖОҚ ДЕГЕНІ - ЖӘЙ СЫЛТАУ ҒАНА»

Алайда мұнайшылардың сенімді өкілі ретінде олардың құқын қорғауға ат салысып жүрген «Арлан» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Макс Боқаев "ҚазМұнайГаз" БӨ" АҚ бас директоры Кенжебек Ибрашевтің атына бағытталған мұнайшылардың талап хаты мамырдың 14-і күні почта арқылы жіберілгенін айтады. Бұған қоса оның көшірмесін «Ембімұнайгаз» ӨФ директоры Ізтұрған Баймұхановың атына да жазып, өз аяғымызбен кеңсесіне апарып, қолма-қол тапсырдық дейді ол.

- Компанияның директорлар кеңесі өтетін күннің өзгеріп, мамырдың 25-і күніне белгіленгенін естіген соң "Қазпоштаның" ММС байланыс түрін қолданған едік. Бір бетіне 2000 теңге төлеп мамырдың 21-і күні кешкі сағат 17-лерде жібергенбіз. "Қазпоштамен" хабарласқанымызда біздің жіберген хатымызды мамырдың 23-і күні сағат 13.25-те Бұранғазиева деген қызметкердің қабылдап алғанын хабарлады. Сондықтан «ешқандай хат келген жоқ, көргеміз жоқ» дегені - жәй сылтау ғана, - деп мәлімдеді Макс Боқаев.

Сондай-ақ Макс Боқаев Жаңаөзендегі жұмысшылар ереуілін де соттың алдымен заңсыз деп танып, артынын сот шешімінің күшін жойғанын еске алады.

- Жаңаөзенде адамдар бейбіт түрде сөздерін өткізе алмаған соң осындай әрекетке барған жоқ па? Егер мұнайшылар талабына құлақ аспаса, ашық әңгімеге келмесе, біз де амал жоқ, сол әрекетті қайталауға мәжбүр боламыз, - дейді Макс Боқаев.

«ЕМБІМҰНАЙГАЗ» ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖӘНЕ ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІНІҢ ҮНДЕУІ»

Бұның арасында Азаттық тілшісіне арнайы келген бір топ «Ембімұнайгаз» ӨФ бұрынғы ардагер мұнайшылары мен бірқатар басқармалар кәсіподағы төрағалары мен жекелеген мұнайшылар Азаттық сайтында жарияланған материалға өз наразылықтартын білдірді. Олар Азаттық тілшісіне «Ембімұнайгаз» ӨФ қызметкерлерінің және еңбек ардагерлерінің үндеуі» деп аталатын хат әкеліп тапсырды. Онда «Ембіде маңдай терін төгіп, еңбек етіп жүрген мұнайшылардың шынайы жағдайына қара аспанды төндіріп, бұрмаланған ақпараттың жаппай елге таратылғаны бізге ауыр тиді» деп көрсетілген.

«Жылыоймұнайгазда» жұмыс істейтін Асылхан Мусин, Дүйсен Алмұратов, Қайыр Өтешовтер, «Жайықмұнайгазда» жұмыс істейтін Мұратбек Қасанов, Шаухат Жұмағазылар, «Доссормұнайгаз» кен орнында істейін Өтепберген Мұқаш, Мұфтолла Жүгінісовтер еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көңілі толмайтындарын айтып, наразылық білдірді. Бірақ олар жаңа төлем жүйесінің қыр-сырын, оның қандай мүмкіндіктерді ұсынатынын толық түсінбеген болуы керек, тым болмағанда «Ембімұнайгаз» жұмыскерлерінің 80 пайызға жуығы еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне неліктен келісіп отыр?» деген қарапайым сұраққа жауап іздемегендері қызық. Жалақының кепілдендірген бөлігін ұлғайтатын, өндірістік жоспар орындалмаған жағдайдың кесірін азайтатын жаңа жүйенің артықшылығы тайға таңба басқандай көрініп тұр. Демек, бұл жерде бір гәп бар секілді» деп жазылған әлгі «еңбек ұжымының атынан» келген хатта.

Бұдан әрі Ембі мұнайшылары өз компаниясына деген шексіз ризашылықтарын білдіреді.

«Қаржы дағдарысы орын алып тұрған кезеңде де бір де бір қызметкерді жұмыстан қысқартпаған компаниямыз бәрін дұрыс істеді - еңбекақы төлеу жүйесін Еңбек кодексіне сәйкес қайта құрды» делінген.

«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты Прорва кенішіндегі мұнай сорабы. Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
«Еңбекақы төлеу жүйесін жақсарту мәселесінде өздерін «тәуелсіз кәсіподақ көшбасшылары» деп айтып жүргендер емес, өзіміздің кәсіподақ ұйымдарымыз маңызды рөл атқарды. Заңды түрде сайланған кәсіподақ ұйымдарының жұмысына сын айтудан бұрын,бізге аудандық және салалық коэффициенттердің әрі қарай төлене беруі үшін қандай қыруар жұмыстар атқарылғанын біліп алғандары жөн еді. Бәрі өз ретімен келе жатыр, сондықтан барша ұжым атынан сөйлеудің, тұрақтылығымызға нұқсан келтірудің қажеті жоқ. Бәріміздің де отбасыларымыз бар, оларды асырап-бағуымыз қажет. Жұмыс беруші еңбегімізге жалақымызды беріп отыр, біз де аянбай тер төгіп, өндірістік жоспарды уақтылы орындап отыруға күш салатын боламыз» деп жазылған «еңбек ұжымы атынан» келген үндеу-хатта.
Бұда әрі осы хатта «Сонымен, осы шикіліктің бәрі қайдан шықты? Біздің ескіден келе жатқан мұнай кәсіпорнында бұрын-соңды болмаған «ереуілге шығамыз» деген қоқан-лоқыны қалай түсінуге болады? Тұрақсыздықтан пайда көріп қалатын, басқаның қазанынан ас ұрлауға дағдыланып қалған жылпостар біздің жігіттерді азғырып жүрген болу керек» деген күдік те айтылады.

«Ақтаулық Мұхтар Үмбетов деген бір пысық кезінде Жаңаөзенді қалай шулатса, қазір дәл солай өзін тәуелсіз кәсіподақ көсемі деп жариялап, көпшіліктің көңіліне қаяу түсіріп жүр. Мінеки, осындай үмбетовтер жоғарыдан түскен зымиян тапсырысты орындау үшін ақ тер, көк тер болып, наразылық акцияларының қарапайым мұнайшылар үшін, жалпы мұнай өндірісі үшін қандай қиындықтар алып келетінен мүлде есепке алмайды. Мұндай адамдар біздің қалыпты ортамызға килігіп, дүрліктіріп, кейіннен миығынан күліп жөндеріне кете барады. Біз болсақ осы жерде қаламыз, балаларымызды өсіреміз, ары қарай өмір сүреміз» деген олар ембілік мұнайшылардың жалақыға және кәсіподақ жұмысына сенімсіздік танытқан наразылықтарын біреудің әдейі ұйымдастырып жүргені деп санайтындықтарын баяндаған.

Сонымен бірге әлгі үндеу-хатта «Нұр Отанға» байланысты мұнайшылар наразылығы да қозғалыпты.

«Ал егер «Нұр Отан» партиясынан шыққыларыңыз келсе, ерік өздеріңізде, тек бұған бола шу шығарудың мүлде қажеі жоқ. Бірақ біліп қойыңыздар, біздің арамызда жетекші партия қатарынан шыққысы келмейтіндер саны аз емес. Ағайындар! Әр істен ұпай жинағысы келетін адамдардың заң жүзінде, диалог арқылы кәсіподақ ұйымары көмегімен шешуге болатынын өмір заңы талай дәлелдеді. Ешкімге тұнығымызды лайлатпаймыз, себебі сіздің де, біздің де болашағымыз тұрақтылыққа негізделген!» деп аяқталады үндеу-хат.

Хаттың соңына бірнеше мұнай саласындағы ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіподақ ұйымы төрағалары қол қойған.

КӘСІПОДАҚТЫҢ КҮДІКТІ ЖИНАЛЫСЫ ЖӘНЕ ТҮБІРТЕКПЕН ТҰҚЫРТУ

Сонымен қатар олар Азаттық тілшісіне бірнеше мұнай өндіру басқармаларында өткізілген еңбек ұжымы жиылыстарының хаттамаларын да көлденең тартып, әлгі баспасөз мәслихатын өткізуге қатысқан жұмысшылардың өз айтқандарынан бас тартып отырғандарын да мысал етті.

Соның бірі «Жайықмұнайгаз» өндіру басқармасы кәсіподағы төрағасы Самат Қабделов қол қойған мамырдың 24-і күні өткен жиналыстың хаттамасында осы басқарма операторы Мұфтолла Жүгінісовтың жұмысшылар атынан талап білдіргенін жоққа шығарғаны айтылған.
Кейінен бұл мәселе жергілікті баспасөзде жарық көрген соң Азаттық тілшісіне арнайы келген Мұфтолла Жүгінісов былай деді:

- Мамырдың 24-і күні ешқанай жиналыс болған жоқ. Мен ешқандай кәсіподақ жиылысына қатысқаным жоқ. Бірақ мамырдың 14-і күні өткен баспасөз жиынына сол күні жұмыста болғандықтан қатыса алмағанымды айтым. Олар тек менің осы сөзімді бұрмалап отыр. Бірақ мен жалақы мәселесін өзгертіп, коэффициенттерді төлеу, бірдей жұмыс сағатын енгізу туралы жұмысшылар атынан басшылықпен кездесуге баратын комисияның құрамында бармын, оны растаймын.

«Жайықмұнайгаз» басқармасының басқа мұнайшылары да ұжымдық үлкен жиылыстың мүлде болмағанын айтады. Ал мамырдың 26-сы күні өткен жиналысқа бәрімізді бірдей шақырған жоқ. Әрі ол жиылыстың хаттамасымен танысайық деп сұрағанымызда, бізге әлі дайын еместігін айтты. Сонда сізге қайдағы хаттаманы ұсынып жүр деді олар Азаттық тілшісіне.

-Біздің кәсіподағымыз болмаған жиналысты болды деп жалған ақпарат таратып отыр. Оған енді қалай сенуге болады? - дейді
Ембі мұнайшылары баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Атырау. 14 мамыр 2010 жыл
«Жайықмұнайгаз» басқармасы операторы Мұратбек Қасанов.

Мұратбектің айтуынша, оларды бүкіл ұжымның атынан сөйледі деп кіналап отыр.

- Ал талап қойып жазылған шағым хатқа 400-ге жуық адам қол қоған. Олар ұжым емес пе? - дейді ол.

Бұған қоса ол қолдарына алған соңғы ай жалақысынң түбіртегінде өздері жұмыс істейтін бөлімше атауының «белгісіз объект» деп жазылғанын көрсетті.

- Бұрын ақша туралы түбіртекке "Жаңаталап" кен орыны деп жазылатын еді. Енді "неизвесный объект" деп қойыпты. Бүкіл мұнайшылар "бұл не сұмдық? Енді біз НЛО-ға айналдық пе, әлде сатылып кеткендіктен белгісіз объект саналып отырық па?" деп шулап отыр. Бухгалтериядан сұрағанымызда "білмейміз" деп жауап берді, - дейді Мұратбек Қасанов.

- Егер жұмысшы тарапынан бір қателік кетсе, бірден сыйақысын кесіп шара қолданар еді. Ал түбіртектегі түсініксіз жазуға 15 күн өтсе де ешкім ештеңе айтар емес, - дейді мұнайшылар.

Бұдан бөлек бітімгершілік комиссияы құрамындағы басқа жұмысшылар да Азаттық тілшісіне өздерінің басшылық тарапынан қудалауға ұшырап отырғандарына шағымданады.

- Біз өз талаптарымызды жария еткеннен бастап ашық болмаса да, жасырын бақылау күшейді.Еңбек заңын бұзып қала ма деп үнемі сыртымыздан қалтықсыз қадағалап жүреді, - дейді "Жайықмұнайгаз" операторы Асхат Ищанғазиев.
XS
SM
MD
LG