«БІЗДІ ЖАЛАҚЫДАН КЕМСІТЕДІ»
Қашаған кенішінің айналасындағы әңгіме саяси жағынан шешілгенімен, әлеуметтік проблемалар әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Жалақыдағы айырмашылық, жұмыс жағдайының нашарлығы, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы сияқты проблемалар әлі де жұмысшылар наразылығының өзегі болып қалуда.
Атыраудың іргесіндегі Қарабатан елді мекенінде Agip KKO «Болашақ» зауыты жобасының құрылысын салып жатқан мердігерлердің бірі
Қарабатандағы Agip KKO, Бонатти, Sichim мердігер компанияларының жұмысшылары. Атырау облысы, 20 желтоқсан 2008 жыл.
– Sichim S.p.A фирмасының 100-ден астам жұмысшысы, Атырау облыстық прокуроры мен еңбек департаментіне жазған ашық хатында, әлі күнге дейін жалақы төлеуде теңсіздіктер барына шағымданған.Олар жалақыны 60 пайызға өсіріп, әлеуметтік теңсіздікті шешуді талап етіп отыр.
– Кейбір жұмысшыларға сағатына 560 теңгеден төленеді, ал біздің еңбегіміз, белгісіз себептермен, сағатына 350 теңгеге ғана бағаланып отыр. Ал коммуналдық төлемдердің, азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының ай сайын артуы салдарынан тапқан еңбегіміз келесі жалақымызға жетпейді, – деп атап көрсетеді жұмысшылар ашық хатта.
Қазіргі уақытта 1 АҚШ доллары 150 теңгенің шамасында.
«БҰЛ ОНДАЙ СҰРАҚ ҚОЯТЫН ЖЕР ЕМЕС»
Жұмысшылар сондай-ақ «Болашақ» зауытының құрылысын салу барысында еңбек қауіпсіздігінің сақталмайтындығын да айтады. Бұл жайында Азаттық тілшісіне айтып берген жұмысшылар, кәсіпорыннан жұмыстан шығып қалудан сескенгендіктен, өз аты-жөндерін көрсетпеуді өтінді.
– Біріміз аргон пісірушілермен улы газды бірге жұтып жүрсек, басқамыз қысты күндері қауіпті гидросынақта этиленгликоль химиялық сұйықтығын кешіп жүріп жұмыс жасаймыз. Осыдан-ақ біздегі жұмыс жағдайын бағалауға болатын болар. Жұмыс қауіпсіздігі жайлы
Атырау облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті кеңсесінің кірер есігі. Атырау, 6 ақпан 2010 жыл.
әдеттегі жиындарда осы мәселелер қозғалса «бұл ондай сұрақ қоятын жер емес» деп аузымызды жауып, әлгіндей сұрақ қойғандардың аты-жөнін компания басшылары жеке кітапшасына түртіп алады, – дейді жұмысшылар.Жұмысшылар өздерінің кәсіби шеберліктері жағынан кез-келген шетелдік мамандардан қалыспайтынына сенімді. Олар бұған дейін де Sichim S.p.A фирмасы арқылы «Теңізшевройл» компаниясының екінші буын зауытының құрылысын салуға қатысқан. Кейін бұл жоба аяқталған соң қайта сынақ тапсырып «Болашақ зауытының құрылысына келген.
– Былтырғы мамыр айында жоба менеджері болған Джузеппе Роддели мырза жергілікті кадрларға баса мән беретінін, жұмысын жақсы жасағандарға бонус бөлінетіні жайлы айтқан еді. Содан бері шетелдіктердің қатары азайғанымен, енді мысырлық жұмысшылар көптеп келе бастады. Олардың арасында изометриялық сызбалардың исі мұрнына да бармайтын формэн, супервайзерлер жеткілікті, – дейді жұмысшылар.
Осы мәселе бойынша түсініктеме алмақ болған Азаттық тілшісіне Sichim S.p.A фирмасының қызметке қабылдау жөніндегі үйлестірушісі Марина Жұмағалиева жұмысшылардың наразылығына байланысты комиссия тексеру жүргізіп жатқандықтан әзірге ешқандай түсініктеме бере алмайтындықтарын айтты.
ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ АРЫЗЫН КІМ ҚАРАЙДЫ?
Атырау облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Руслан Әдиетов болса, «бұл
Руслан Әдиетов, Атырау облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы. Атырау, 6 ақпан 2010 жыл.
арыздың бізге түк қатысы жоқ» деп, оның анық-қанығын еңбек департаменті зерттеуі тиіс деген желеу айтып, басқаға сілтеді.Ал Атырау облысы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бастығы Темір Есетбаев «еңбек құқы мәселесіне қатысты жағын арнаулы комиссия тексеріп жатқандықтан, дәл қазір нақты жауап бере алмайтындығын» айтып, шығарып салды.
Әйткенмен, Темір Есетбаев жұмысшылардың сынақтан өте алмауының себебін қайта дайындайтын оқу орталықтарының сапасымен байланыстырды.
«Соңғы кезде не дұрыс базасы, не маман мұғалімдері жоқ оқу орталықтары көбейіп кетті. Оның сапасына тексеру жасап жатқан ешкім жоқ», – дейді шенеунік.
«ЖОЛ КАРТАСЫ» МЕН «ҚОЛ КАРТАСЫ»
Сонымен қатар қазақстандық жұмысшылар былтырдан бері жүзеге асырылып жатқан «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына да сын айтты. Мәселен, осы бағдарлама бойынша Sichim S.p.A фирмасына жұмысқа орналасуға келген бір топ жұмысшыларға 3-4 күн бойы құбырларды жабдықтатып, артынан олардың жұмысын «жарамсыз» деп бағалап, жұмысқа қабылдамаған екен. Алайда, біраз уақыттан соң, әлгі «жарамсыз жабдықталған» деген құбырларды зауыт құрылысына пайдаланған, дейді жұмысышылар.
– Кейіннен сол жұмысшылардың бірқатары жұмысқа қайта қабылданғанымен, олардың алатын жалақысы бізден де төмен – сағатына 120 теңге ғана, – дейді жұмысшылар.
Атырау қаласының маңындағы Геолог поселкесінің тұрғыны Бәсір Дауылбаев «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес қайта даярлау курсынан өткендердің бірі.
Жоғары білімді мұнайшы мамандығы бар Бәсір Дауылбаев өзінің бір жылдан бері жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтады. Ол жұмысшылардың шағымындағы айтылған жайттарды растады.
Былтыр еңбек биржасына барған Бәсір Дауылбаевқа «Жол картасы» бағдарламасы бойынша басқа мамандық игеруді ұсыныпты. Өз айтуынша, ол «құбыр құрастырушысы» мамандығына екі ай оқып, «өте жақсы» деген диплом алып шығыпты.
Одан соң Бәсір Дауылбаевқа Sichim S.p.A фирмасына жолдама берілген екен. Бірақ компанияның кеңсесіне барған Бәсірге ондағылар жұмысқа қабылдау туралы нұсқау болмағандығын айтқан.
– Сынақтан сүрінбей өттім. Жұмысқа аламыз, хабарласамыз деген. Содан бері күтумен келемін. Мен сияқты ондаған жұмысшылар жүр. Оларды оқытып, жұмысқа жібереді, ал барған жерімізде бізді жұмысқа қабылдамайды. Осы бір шырғалаңнан шыға алар емеспіз, – дейді ол.
Осылайша жұмыс іздеп әуре-сарсаңға түскен Бәсір Дауылбаев жұмысқа орналастыруды бизнеске айналдырған делдалдарға да кез болғанын айтады.
Бірде оған телефон шалған біреу: «егер жұмысқа орналасқың келсе, 70 мың теңге төле (шамамен 480 доллар) сені бірден орналастырады» деп ақыл берген көрінеді.
– Мен одан бас тарттым. Не үшін пара беруім керек? Ал, егер содан кейін бір айдан соң мені жұмыстан шығарып тастаса ше? – дейді ол.
Жұмыс іздей жүріп еңбек базарындағы ахуалды өзінше байыптаған Бәсір Дауылбаевтың айтуынша, қазіргі кезде Атырауда жұмысқа орналастыру да ақша табудың бір жолына айналған.
– Әр жұмыс орнының өз құны бар. Делдалдарға ақша берсең болды – мәселең шешіліп жатыр. Мысалы, қазір теңіздегі Қашаған кенішіне жұмысқа қабылдау жүріп жатыр, оның құнын білетіндер 1000 доллар деп отыр. Сондықтан бұл «жол картасы» емес, «қол картасы» болды, – деп налиды жоғары білімді жұмыссыз Бәсір Дауылбаев.
Бірақ «жол картасының» облыстағы басты жауапкері Руслан Әдиетовтың айтары басқа.
Ол былтыр 13400 адам қайта даярлықтан өтіп, олардың 5400-ге жуығы жұмысқа орналасқандығын, ал биыл 6000 адам қайта даярлау курстарында оқымақ деген цифрларды тізіп шықты. Қанша адамның жұмысқа орналасқанын жергілікті еңбек мекемелері хабарлап тұрады дейді шенеунік.
БҰҒАН ДЕЙІНГІ НАРАЗЫЛЫҚТЫ ПОЛИЦИЯ БАСЫП ТАСТАДЫ
2008 жылы желтоқсанда «Болашақ» зауытының құрылысын салып жатқан Agip KСO-ның басқа да мердігерлері Bonatti S.p.A, IGS Sichim, ССС, РSS компанияларының жұмысшылары бірнеше рет наразылық акциясына шыққан еді.
Олар вахталық әдіс енгізіп, жалақыны көтеруді, жұмыс жағдайын түзеуді талап еткен болатын. Сол жолы жұмысшылар наразылығын басу үшін қалалық полицияның бүкіл жеке құрамы мен жол полициясы, сондай-ақ, полицияның арнайы тобы тартылған болатын.
Солүстік-Каспий жобасы бойынша Батыс Ескенеде салынып жатқан «Болашақ» зауытының құрылысы 2005 жылы басталған.
Бұл жобаның жалпы құны 4 млрд доллар деп есептелген. Оның құрылысы 2010 жылы аяқталуы тиіс.