Accessibility links

Қоғам мұнай табыстары жайлы білгісі келеді


Синопек -Ақтөбе мұнай компаниясының Ақтөбе қаласындағы кеңсесі,қараша, 2008 жыл.
Синопек -Ақтөбе мұнай компаниясының Ақтөбе қаласындағы кеңсесі,қараша, 2008 жыл.

Өндіруші компаниялар қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту мәселесі әзірше сөз жүзінде қалып келеді. Шындығында шикізаттық сектордың жабық құрылым екені жұрттың бәріне мәлім. Осы ретте Ақтөбедегі «Арда» қоғамдық бірлестігі дөңгелек үстел талқылауын өткізуге тырысты.

Бірақ басқосуға Ақтөбедегі ірі мұнай алпауыты «СНПС-Ақтөбемұнайгаздан» бірде-бір адам келмеді. Жергілікті билік өкілдері де қарасын көрсетпеді.

Ұлыбританияның бұрынғы бас министрі Тони Блэрдің бастамасымен құрылған EITI коалициясы әлемдегі шикізат компанияларын мейлінше ашық жұмыс істеуге шақырады. 2004 жылдың маусымында Қазақстанда да үкіметтік емес ұйымдар EITI шеңберінде «Мұнай табыстары – қоғам бақылауына!» коалициясын құрды.
Шикізат компанияларының табысы, бюджетке төлеген қаржысы, салық түсімдері туралы шын ақпаратты жариялауға шақырған үкіметтік емес ұйымдардың талабы елде кедергілерге кездесуде.
Дегенмен, осы басқосу – Ақтөбедегі үкіметтік емес ұйымдардың мұнай табыстарына арнап өткізген тұңғыш жиыны. Жергілікті белсенділер басқосуға келген екі мұнай компаниясының өкілін сауалдардың астында қалдырды.
«Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС бас директорының көмекшісі Бауыржан Көбей жыл сайын өз компаниясының қаржылық есебі әуелі «ҚазМұнайгазға» жіберіліп, содан соң республикалық баспасөзде жарияланатындығын мәлімдеді. «Қазақойл-Ақтөбе» — «ҚазМұнайгаз» бен «Лукойлдың» еншілес кәсіпорны.
«Дәл осы «Қазақойл-Ақтөбеге» қарасты бір мекеменің 30 жұмысшысы өткен жылдың сәуір айынан бері еңбекақыларын ала алмай жүр, - дейді «Поколение М» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Елена Башкова. – Мекен-жайын өзгертіп, басқа жерге көшіп кеткендігіне қарамастан тауып алдық. Жұмысшыларды ертіп бастығына кірмекші болып едік, мұздай қаруланған күзетшілері жолатпады. Халық өкілдеріне бұлай сөйлеуге қақың жоқ дегенімізде, «қайда барсаң, онда бар» деп балағаттады».
Бауыржан Көбей ол жағдайдан хабарсыздығын жеткізді:
«Не болса да анықтап, жауабын береміз. Растығы анықталса, мұндай жағдайлар компания атына нұқсан келтіреді».
Мұнай компаниялары туралы негізгі мәліметтерді алуға мүмкіндік жоқ деген пікірде жұртшылық. Мәселен, Ақтөбеде шикізат секторында қанша компания жұмыс істейді, қызметкерлерінің саны қанша, олардың неше адамы шетелдік, қаншасы жергілікті, еңбекақы айырмашылықтары қандай? Мұнайды қандай бағамен, қай елдерге сатып жатыр? Одан түсетін таза пайда қанша? Осылар жөнінде жергілікті халыққа мүлдем ақпарат жетпейді.
«Аудан» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Гүлжан Төлемісова компаниялар жас мамандарды қабылдауға құлықсыз дейді. Мұнай-газ мамандықтары бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарын бітірген мамандарға жол жабық. Түрліше сылтаумен жолатқысы келмейді. Оларды тәжірибесіз десін, ал бірнеше жылдық еңбек стажы бар мықты мамандар да бос жүр емес пе?
Сондықтан да билік жылына соншама маманды жұмысқа аласың деп міндеттеу керек. Бұл – бір мәселе. Екіншіден, өндіріске жұмысшы мамандарды даярлайтын оқу орталықтары мен компаниялар арасында байланыс мүлдем жоқ деуге болады. Мемлекет тегін оқытқан жұмысшы мамандары орнын табуы керек. Бір жұмысшыны оқытуға мемлекеттің қаншама қаржысы кетеді, ақыр соңында компания келіп оған мұрнын шүйіреді. Шетелдік компанияны міндеттейтін заң, бақылайтын қырағы көз керек деді мұнайлы Темір ауданынан келген Гүлжан Төлемісова.
- Ұңғыда қазылып алынған мұнайдың бір баррелі – 16 цент деген рас па деп сұрады? - жергілікті журналистер «Алтес-Петролеум» компаниясының өкілінен.
«16 цент деген баға жоқ. Ұңғыдағы мұнайдың өзіндік құны – 16-25 доллар аралығында. Себебі, Ақтөбе мұнайын алу өте қиын, тереңнен шығады, әрі тұзды қабаттарды тесіп өту керек. Сондықтан да 16-25 доллардан есептей беріңіз. Қазіргі кезде мұнай бағасының 30 долларға түсіп кетуіне байланысты, біздің компания өндірісті тоқтатты. Жұмысшыларды қысқартып, ұзақ мерзімді демалысқа жіберіп жатырмыз. Себебі, қазіргі бағадан табыс табу мүмкін емес. Оның үстіне, соңғы кезде тексеру де көбейді. Мазамыз кетті»,- деп ағынан жарылды «Алтес-Петролеум» өкілі.
Шындығын айтқанда, «Алтес-Петролеум» жергілікті мұнай рыногындағы ахуалды анықтамайды, оның өндіріс көлемі өте аз. Ақтөбедегі мұнай климатын қалыптастыратын тек қана қытайлықтар үлесіндегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз».
Осылайша, әлемде шикізат саудасының құны құлдырап тұрған кезде, үкіметтік емес ұйымдар алпауыттарды бағындыру жолдарын талқылап, бір шешімге келе алмады.
XS
SM
MD
LG