Accessibility links

Айнұр мен Нұрмат ақындардың айтысы


Сахнада айтыскер ақындар Айнұр Тұрсынбаева және Нұрмат Мансұров. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Сахнада айтыскер ақындар Айнұр Тұрсынбаева және Нұрмат Мансұров. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Наурыз мерекесі күндері Алматыдағы студенттер сарайында «...Тіл кеспек жоқ!» деген тақырыппен өткен ақындар айтысындағы Айнұр Тұрсынбаева мен Нұрмат Мансұровтың өнер сайысын Азаттықтан тыңдаңыздар.

Айнұр Тұрсынбаева мен Нұрмат Мансұровтың айтысының толық аудиожазбасын мына жерден тыңдай аласыз.

Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында дүниеге келген Нұрмат Мансұровтың мамандығы заңгер. 2000 жылдан бері әртүрлі деңгейдегі айтыстарға қатысып келе жатқан Нұрмат бірнеше рет бас жүлдені жеңіп алған.

Айтыскер Бекарыс Шойбеков пен Мұхамеджан Тазабековті өзіне ұстаз тұтатын Нұрмат Мансұровтың өнерсүйер қауымның есінде қалған айтыстары ретінде «Ел басқарар ерің кім?» деген тақырыппен Астанада 2005 жылы Қазақстан президенті сайлауының алдында өткен жыр додасында Сара Тоқтамысовамен сөз сайысын және Қызылорда қаласының 80 жылдығына арналған айтыстағы көкшетаулық Арман Бердалинмен болған өнер сайысын атауға болады.
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева көптеген республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы ретінде жұртқа танымал.

Айтыс өнерінде жүргеніне 17 жыл болған Айнұр Тұрсынбаева жыр сайыстарында тапқырлығымен, уытты қалжыңдарымен және қоғамдағы өзекті мәселені қозғауымен көрерменін тәнті етіп келеді.

Бұл жолғы айтыс барысында Нұрмат Мансұров Айнұр Тұрсынбаеваға 8 наурыз - әйелдер мерекесі қарсаңында Қазақстан президентінің қабылдауында болғанын айта келіп:

«Сәт туып қалғаннан соң отты қызға,
Ақ сөйлеудің бір жолын таптыңыз ба?
Шетелдік компаниялар жаңаөзендік
Халықты басынғанын айтыңыз ба?

Шаңырақта тұратын шаруалардың
Билікке ашынғанын айттыңыз ба?
Қара суық қақтаған Семейіңнің
Жол таппай тосылғанын айттыңыз ба?

Жоқ әлде патшаменен бір шай ішіп,
Терлегенге мәз болып қайттыңыз ба?» - деп сауал тастады.

Өз кезегінде Айнұр қарсыласына берген жауабында, биылғы наурыз айында Алматы облысы, Қызылағаш аулында болған су тасқынын жырға қосты.

«Құдай-ау, қайдан табамыз Қызылағаштың ауылын,
Мәйітін қайдан іздейміз қапыда кеткен бауырым.
Бұйыртпады ғой жанашыр, әкімдердің де тәуірін,
Құрып кетсе екен көсемдер құрт жеп қойған бауырын».
XS
SM
MD
LG