Accessibility links

Мен сені сағындым...


Дала қыраны.
Дала қыраны.
Әдеттегідей ерте тұрып, таңғы асымды да ішпестен оны іздеп автобус аялдамасына келдім. Кездестіріп қаламын ба деп үміттеніп, жан-жағыма қарағанмен оның қарасы да көзіме шалынбады. Неге көрінбей кетті екен ол?

Оны күтуден жалығып, алаңдаған көңілімді қалай басарымды білмей, темекі алып тұтатып, ащы түтінін қайта-қайта сордым. Жаңбыр сіркірей бастады. Сәлден соң аспан тесіліп кеткендей жауын құйып кетті.

Автобус күткен адамдардың бәрі нөсерден пана іздеген торғайдай аялдаманың астына тығылды. Ол жерден орын табылмай жаңбырдың астында қалдым. Қолшатырымды ұмытып кеткенімді қарашы. Үсті-басым малмандай су болды. Қолымды көтеріп едім, бірде-бір такси тоқтамай қойды. Бір уақытта ұзақ күткен автобус те келді-ау! Жұртпен бірге сығылысып автобусқа міндім.

Шамасы студенттер-ау деймін, сол жақ қапталымдағы орындарда бір-екі жас қыз бен екі-үш жігіт ыржың-ыржың күліп, әңгімелесіп отыр екен. Сол жастардың жанында таяғына сүйеніп тұрған бір шалға көзім түсті.

– Ей жастар, анау ақсақалға орын берсеңдерші, – дедім қарияны аяп кетіп.

Жастардың ешқайсысы менің өтінішіме құлақ аспады. Қайта жақтырмаған көздерімен алайып қарады да, әңгімелерін одан әрі жалғастырып отыра берді. Бір-екі жолаушы ғана бүгінгі жастардың ұяттан жұрдай екенін айтып, күңкілдеді. Бірақ жастар оған міз бақпады. Лық толы автобустың ішінен де мен оны кездестіре алмай, көңілім құлазыды.

Автобустан түскен кезімде жауын да сап тыйылды. Жазушылар одағына келдім. Осыдан жиырма жыл бұрын кейде мен оны осы арадан көріп қалатынмын. Бірақ бұл жерде де ол жоқ болып шықты. Мүмкін ол қайтыс болған шығар? Телефонын көтермейді, түні бойы көз ілмей, жүрегім жылап сағынып жазған эсселерім мен әңгімелеріме жауап бермейді.

Одақтың фойесінде С. есімді талантты жас ақын кездесіп қалды. Аман-саулық сұрасқаннан кейін:

– Аға, менің сізде бір өтінішім бар еді, – деді мұңвйып.

– Иә, айта бер, айналайын.

– Жұмыстан шығып қалып едім. Көңіл-күйім болмай тұр. Бардан бір елу грамм арақ алып бересіз бе?

– Жақсы.

Екеуміз аяңдап Одақтың жанындағы барға келдік. Түскі асқа қалдырған ақшама оған арақ әпердім. Елу грамды сіміріп алғаннан соң ол осы уақытқа шейін қырық мың теңге алып, оның отыз мыңына пәтер жалдап тұрғанын, әйелі мен шиеттей екі баласының үйінде аш отырғанын айтып, маған мұңын шақты. Сары уайымға салынып жазған өлеңін оқып берді.

Үнсіз тыңдадым. Әке-шешесі жоқ жетім жігіт еді. Жұмыстан шығарып жібергені обал болған екен. Сәлден соң ол:

– Аға, кімді іздеп жүргеніңізді білемін. Бірақ ол біздің бәрімізді тастап, баяғыда басқа елге кетіп қалған, – деді жанары жасаураған көзімен маған қарап.

Жүрегім зырқ ете қалды. Дәл осы ащы шындықты жасы әлі отызға да толмаған жас жігіттің аузынан естігім келмеп еді. Ұнжырғам түсіп, үйге әрең жеттім. Күні бойы нәр татпасам да тамақ ішуге тәбетім шаппады. Кешке тағы жаңбыр жауып, түні бойы терезем жылап шықты.

Мен оның дүние салғанына да, басқа елге кетіп қалғанына да сенгім келмей, түнде ұйықтай алмай, өзімді-өзім жұбатумен болдым. Кім білсін? Мүмкін ол бізге өкпелеп кетіп қалса да, күндердің-күнінде қайтып оралатын шығар. Тіпті, өліп қалса да әйтеуір бір күні тіріліп, жүрегімізді қайтадан жылытар.

Кетіп қалсаң тезірек келші, өліп қалсаң тезірек тірілші. Тек мәңгілікке жоғалмашы. Мен сені сағындым, АДАМГЕРШІЛІК.
XS
SM
MD
LG