Accessibility links

Қорғаныс министрлігі шенеуніктер шашқан қаржыны қатардағы қызметкерлерден өндіріп алмақ


Ақмола гарнизоны әскери сотының ғимараты, Астана, 9 желтоқсан, 2010 жыл.
Ақмола гарнизоны әскери сотының ғимараты, Астана, 9 желтоқсан, 2010 жыл.

Ақмола гарнизонының әскери соты Қазақстан қорғаныс министрлігінің 23 азаматтан 14 миллиард теңгеден астам қаржыны өндіріп алу туралы талабын қарауды бастады. Сот тыңдауында талапкердің өкілі іске татымайтын техниканың жұртшылыққа соңғы үлгідегі әскери қару-жарақ түрінде көрсетілгенін мойындады.


Қорғаныс министрлігі Ақмола гарнизонының әскери сотына бұрын сотталған Қажымұрат Маерманов, Еділ Жартынов пен Израиль азаматы Борис Шейнкманнан және 20 офицерден 14 миллиардтан астам теңгені (қазіргі бағам бойынша шамамен 95 миллион АҚШ долларынан астам – Азаттық.) өндіртіп беруді сұрап отыр. Қорғаныс министрлігі өкілінің сотта мәлімдеуіне қарағанда, дәл осындай сома қорғаныс қару-жарақ техникасы бойынша жасалған келісім барысында Израил жағына төленген. Ал кейіннен израилдық компаниялармен жасалған бұл келісімшарттар жарамсыз деп табылған болатын.

Тараптардың сөзін тыңдап болған Ақмола гарнизоны әскери сотының төрағасы Мағауия Елемесов сот шешімін желтоқсанның 13-і күні жариялайтынын хабарлады.

КІСІ БАСЫНА 600 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Бұл сотқа айыпкер ретінде тартылған 23 адамның үшеуі қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Олар – бұрын Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары болған Қажымұрат Маерманов, зымыранды қорғаныс және артиллерия қолбасшысының міндетін атқарған Еділ Жартынов, сонымен қатар Израиль азаматы Борис Шейнкманға биыл ақпанның 22-і күні үкім шыққаны туралы Азаттық кезінде хабарлаған.

Енді әскери министрлік түрмедегі үш тұтқын мен жиырма офицердің әрқайсысынан мемлекет қазынасына 600 миллион теңгеден (қазіргі бағаммен 4 миллион АҚШ долларынан астам – Азаттық.) өндіріп алмақшы.

– Олар өз еркілерімен төлеулеріне болар еді. Тиімсіз контрактіден мемлекетке 14 миллиард теңгеден артық шығын келтіріліп отыр. Бұл ақшаны сотқа жеткізбей төлеп тастауға мүмкіндіктері де бар еді. Ал бұлар болса мойындамай «кеткен ақша кетті» деп отыр ғой. Бірақ, қайткенмен мемлекет қазынасы болған соң қайтарылуы тиіс, – дейді Ақмола горнизоны әскери прокурорының аға көмекшісі Әсет Оспанов Азаттық тілшісіне.

Айыпкерлердің қорғаушылары мұндай талаптың орындала қоятынына күмән келтіреді.

– Қамауда отырған менің қорғауымдағы Израиль азаматы онсыз да зейнеткер жасында, абақтыдан шықса еліне кетіп қалады. Қажымұрат Маерманов та енді 11 жылда зейнеткерлік жасқа жақындап қалады. Бірақ оған әскери зейнетақы тағайындала қоюы екіталай. Бәрінен де мына жиырма офицерге обал болды, – дейді адвокат Мираш Игенбердинова Азаттық тілшісіне.

Соттағы жарыссөзде арызданушы тараптың өкілі Нүркен Әбу:

– Жауап берушілер әрбір офицер өз міндетін орындады, оларға қысым көрсетілгендіктен көздерімен көрмеген әлгі техникаларды қабылдап алғандары жөніндегі қағаздарға қол қойған деп отыр. Біз озық үлгідегі жоғары техника емес, металлолом болатын қалдықтарды алғанбыз. Офицерлер жоғары басшыларын хабардар етулері керек еді, алайда олар оны істемеген. Сондықтан мемлекет те, елдің қорғаныс саласы да осы жауапкерлердің кесірінен орасан шығынға батты, – деп мәлімдеді.


ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚАЛАЙ БАСТАЛЫП ЕДІ...

Еске салатын болсақ, Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі Даниал Ахметовтың бірінші орынбасары болған Қажымұрат Маерманов зымыранды қорғаныс және артиллерия қолбасшысының міндетін атқарған Еділ Жартынов, сонымен қатар Израиль азаматы Борис Шейнкман биыл ақпан айында сотталып кеткен болатын.

Маерманов пен Израиль азаматы Шейнкман 11 жылдан ал Жартынов жеті жылға жазаға кесілді. Оларға Израильден қару сатып алу кезінде жемқорлық әрекетке барып, қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылған. Бұл үш азаматпен бірге қазақстанның тағы жиырма офицері жауапқа тартылған.

Алайда, «жасаған істеріне өкініш білдіріп, тергеу ісіне көмектесті» деген желеумен жиырма офицерді қылмыстық қудалаудан босатқан болатын. Израильден қару сатып алуға жұмсалған 14 миллиард теңгеден артық ақшаны Қорғаныс министрлігі енді түрмеде отырған үш сотталғанмен қатар осы жиырма офицерден өтеп алмақ ниетті.

Бұрынғы қорғаныс вице-министрі Қажымұрат Маермановты 2009 жылы сәуірде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстаған. Сол кезде ҰҚК Қажымұрат Маерманов Қазақстанға «израилдік әскери кәсіпорнының мүддесін көздеп келген кәсіпкер Борис Шейнкманның ісі бойынша ұсталып, Израилмен 2006 жылы жасалған қару-жарақ келісіміне қатысты заң бұзушылықтарға байланысты қамауға алынды» деп хабарлаған еді.

Атап айтқанда, генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов реактивті қаруды сатып алу және артиллериялық жүйелерді жетілдіруге қатысты израилдік фирмалармен бірқатар келісім-шарт жасау кезінде өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталғаны айтылған.

Қылмыстық іс Қорғаныс министрлігінің 82 миллион доллар сомасындағы бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны жайлы Есеп комитетінің жасаған материалдары негізінде қозғалған болатын. Тергеу бұл келісімшарттар 2006 жылдан бастап қорғаныс министрінің орынбасары болған генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың тікелей жетекшілігімен жасалынған деген қорытынды шығарған.

ҰҚК ол келісімшарттар бойынша үш артиллериялық жүйені сатып алуға 190 миллион доллар жұмсалғанын айтады. Ал тергеушілер мұны әдейі қымбат бағамен көрсетілген деп санайды.

Сот отырысында адвокаттар кешенді сараптама жасау туралы ұсыныс жасады. Ақмола гарнизоны әскери сотының төрағасы Мағауия Елемесов адвокаттардың өтініші ескерілетінін мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG