Атырау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Рахмаджан Досановтың сөзіне сүйенсек, бұл браконьерлер туралы ақпарат осыдан екі апта бұрын теңіздің Қазақстанға тиесілі бөлігінде заңсыз балық аулап жүргенде қолға түскен дағыстандық алты азаматтан алынған екен.
– Оларды тергеу-тексеру барысында теңіз үстінде шекара бұзып, балық аулап жүргендер тек бұлар ғана емес, олардан басқа тағы 14 қайық пен екі өнеркәсіптік тасымалдау кемесі бар екендігі белгілі болды, – дейді полиция бастығы.
Артынша Атыраудағы су полициясы, балық қорғау қызметі мен прокуратура органдары бірлескен операцияны жүзеге асырған.
– Олар ауларын біздің территориямызға құрып, өздері шекараға кірмейтін су бөлігіне барып тұрды. Кейін балық толған ауларын жинап алу кезінде барлығы ұсталды. Үш байда қарсылықсыз берілгенімен, біреуі полиция қызметкерлеріне қарсы оқ атты, – дейді Рахмаджан Досанов.
Оның айтуынша, ұсталған байданы (қайық) тексеру барысында жарылғыш граната, 119 дана қарындары тілінген қызыл балық пен итбалықтар, екі пакет қара уылдырық, ау, навигациялық жабдықтар, спутник телефондары тәркіленген.
Атырау полициясы қолға түскен уылдырықтың салмағы мен Дағыстан азаматтарының аты-жөндері анықталып жатқанын айтады. Операция барысында су полициясы бастығының орынбасары суға құлап түскен екен. Мұны да тілге тиек еткен облыстық полиция
Ресейлік (Дағыстандық) браконьерлерден тәркіленген ау және заңсыз ауланған балықтар. Атырау, 31 қазан 2010 жыл.
бастығы бұл жағдайдың ескерусіз қалмайтынын айтты.– Дағыстан азаматтарының жеке бастарына қатысты мәліметтер анықтап жатырмыз. Қазір оларға «браконьерлік» және «полиция қызметкерінің өміріне қауіп төндіргені» жөнінде қылмыстық іс қозғау мәселелері қарастырылып жатыр, – деді Атырау облыстық ІІД бастығы Рахмаджан Досанов.
Су полициясы бұған дейін де қазанның 31-інде Каспий теңізінің Атырау облысының Исатай ауданы тұсынан дағыстандық алты азаматтың заңсыз балық аулап, қолға түскенін хабарлаған болатын.
Сол жолы да браконьерлер қайығынан 20 қызыл балық, ау, навигациялық құралдар табылғаны айтылған еді. Қазір ол азаматтардың да құжаттары болмағандықтан, аты-жөндері нақтыланғанша тергеу абақтысында қамауда отыр. «Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалады» дейді полиция бастығы.
Осыдан екі жыл бұрын Каспий теңізінде Атырау облысының Жанбай ауылының екі балықшысы браконьер оққа ұшқан еді. Оларға оқ жаудырған шекара қызметкерлерін қаза болған қазақстандық азаматтардың туған-туыстары сотқа берді.
Істі қараған Ақтау әскери гарнизонының соты 2009 жылы шілденің 2-сі күні, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің «Астана» кораблінің командирі Руслан Шүршеновты Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылында тұратын екі балықшының өліміне айыпты ретінде 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен еді. Алайда сол жылы тамыздың 4-інде Алматыдағы Қазақстан Республикасының әскери соты бұл шешімді жойып, Руслан Шүршеновтың ісінде қылмыс құрамы жоқ деп тауып, оны ақтап шығарды.