Accessibility links

Балабақшада жарақат алған Тұрардың көзі көретін -көрмейтіні әзір белгісіз дейді дәрігерлер


Төрт жасар Тұрар ауруханада жатыр. Атырау, мамыр, 2009 жыл.
Төрт жасар Тұрар ауруханада жатыр. Атырау, мамыр, 2009 жыл.

Атыраудағы №6 «Гүлдер» балалар бақшасында келеңсіз оқиға орын алды. Орта топтағы балалар бірі бірінің көзін үшкір затпен шұқып алған. Облыстық көз ауруханасы дәрігерлері баланың көз жанарын аман сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.

– 12 мамыр күні жұмыста отырғанымда, балабақшадан тәрбиеші телефон шалып, баламның жарақаттанып қалғанын, дәрігерлік пунктке апара жатқанын хабарлады, – деп еске алады төрт жасар Тұрардың анасы Сауықхат Мақашева. – Келсем травматология бөліміндегілер балаға алғашқы жәрдем көрсетіп, көзіне таңғыш салып қойыпты. Содан соң олар көз ауруханасына жіберді. Мұнда балаға бірден операция жасалды. Дәрігерлер «баланың көзінің қарашығы үш жерден өткір затпен тесілген» деп түсіндірді.

Оқиға болған балабақша директоры Жұмагүл Бектабанованы бірнеше іздеп барғанымызда таба алмадық. Телефон арқылы да тікелей сөйлесіп, хабарласудың мүмкіндігі болмады. Бірақ ол жергілікті басылым журналистеріне бұл жайдың санаулы минуттарда болғанын айтқан.

«Тәрбиеші ойын алаңындағы басқа балаға сәл бұрылып кеткенде, балалардың бірінің саусағы Тұрардың көзіне тиіп кеткен. Баланың бақырған дауысын естіген тәрбиеші оның бетіндегі қанды көреді. Бірден балабақшадағы медбике жәрдем көрсетіп, травм пунктке жөнелтілді», - деп баяндапты балабақша директоры.

Директордың журналистерге айтқанына сүйенсек, зардап шеккен кішкентай Тұрар баратын орта топтың тәрбиешісі Айгүл Қапашева ұжымдағы мақтаулы мамандардың бірі көрінеді. Бұл оқиғаны «оқыс жағдай» ретінде бағалаған Жұмагүл Бектабанова балалар психологиясындағы агрессиялық ахуалға кінәні ата-аналардан іздейді.

«Ата-аналардың балаларына қарайтын уақыты жоқ. Ал олар кешке дейін теледидардан шетелдік мультфильмдерді көреді. Ондағы зәбір көрсететін кейіпкерлердің іс-әрекетін өз құрбыларына қолданады», - деп есептейді ол.

Баланың көз жанарын сақтап қалуға тырысып жатқан көз ауруханасының бас дәрігері Мұрат Құсайыновтың айтуынша, бала денсаулығы жайлы нақты тұжырым жасауға әлі ерте.

– Балаға «көздің жұмсақ қабатының жарақаттануы» деген диагноз қойылып, операция жасалды.Одан кейінгі емдеудің өзі 1 айға созылады. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Енді көздің қалпына келуіне кем дегенде 5-6 ай уақыт керек. Сондықтан бала көзінің алдағы уақытта көретінін немесе жанарынан айырылуы жайлы дәл қазір болжам айта алмаймыз. Ал жалпы кез келген көз жарақаты ауыр, күрделі деп бағаланады, - дейді бас дәрігер.

Бірақ баланың анасы Сауықхат Мақашева балабақшадағы тәрбиешілер айтып отырған «баланың тиіп кеткен саусағы» қалайша Тұрардың көзін үш жерден тесіп кеткеніне түсіне алмай отыр.

Қазір Тұрар облыстық ауруханада ем алуда. Анасы баланың операция кезінде жасалған наркоздан кейін бас ауруының басылмауын да уайымдап отыр. Әрі сол жарақаттан кейін қатты шошынған Тұрар түнде дұрыс ұйықтамайтын көрінеді. «Сау көзін де тарс жұмып, ашпайды» дейді шешесі Сауықхат Мақашева.

Ол баласының зардап шегуіне байланысты тәрбиеші Айгүл Қапашеваның үстінен арызданбақ ойы барын айтады:

«Баламыздың көзі аман қалса екен деп тілеп отырмыз. Расын айту керек, балабақшадағылар оның емін, дәрісін бәрін өздері төлеп жатыр. Ақылы палатада жатырмыз. Дегенмен алдағы уақытта бұл істе заңға жүгінуіміз керек шығар.Өйткені, ертең баланың көзі көрмей қалса балабақшадағылар біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, енді одан ары қарай көмектесуге қаржымыз жоқ деуі де мүмкін ғой».
Атыраудағы "Гүлдер" балабақшасы. мамыр, 2009 жыл.


Балабақшадағы басқа ата-аналар бұл тақырыпта әңгіме өрбітуден қашқақтады. Жергілікті басылымның интернет сайтындағы ата-аналар пікіріне сүйенсек, балалардың жарақат алуы №6 балабақшада жиі болып тұрады екен.

«Өткен айда ғана бір қыз баланың бетін балалар тістеп алған. Сондықтан баламызды балабақшаға өткізгенімізбен кешке дейін алаңдаумен отырамыз», – дейді өз аты-жөнін жасырған ата-ана.

Тағы бір ата-ана бұл балабақшадағы жағдайды «түрмемен бірдей» деп бағалапты. Олардың пайымдауынша, «өздері де балаларын бірнеше рет травматология бөлімшесіне сүйреуге мәжбүр болған. Себебі – жай құлап қалу емес, одан да салмақты жағдай көрінеді.Ал балабақшадағы талап өте қатал. Балаларымызға түрлі-түсті қарындаштар, бояулар апарып бергенімізбен сурет салмайды, қолданбайды».

Бұған дейін де Азаттық радиосында Атыраудағы №24 балабақшадағы тәрбиешінің балалармен дөрекі қарым-қатынасы жайлы ата-ана наразылығы жазылған еді.

Жалпы Атырауда балабақша бүгінде өте күрделі мәселе. Қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгілермен жұмыс тобының жетекшісі Гүлнар Тынышқызының сөзіне сүйенсек, бұрын Атырауда 56 балабақша болған екен. Содан қазір қалалық білім бөлімінің иелігінде қалғаны 27 ғана.

Қалған 29 балабақша жекешелендіру науқаны кезінде жекеменшікке өтіп кеткен. Қазір соны қайтару жұмысы жүргізілуде. Әзірге қайтарылған тек - 5 балабақша. Ал қалаға 30 балабақша керек.

Балабақшаға кезекте 13500 бала тұр. Дәл осы №6 балабақшада кейбір топтардағы бала саны 50-ге жетеді. Бала санына орай қосымша тәрбиеші қабылдауды бюджет көтермейді.
XS
SM
MD
LG