Accessibility links

Мамандардың болжамынша, Қазақстанда жылына 100 мың бала қараусыз қалады екен


Алматыда қорым арасынан бүлдіршіннің мәйіті табылды, ол жоғалып кеткен 8 жасар Әсел Расулованың денесі болуы мүмкін деген болжам бар. Бейресми деректер бойынша, қараусыз жүрген жеткіншектер саны 100 мыңның үстінде. Ал жылына қанша балаға іздеу жарияланатыны белгісіз.

«Тамақ іздеуге шығып жоғалды»

Барша христиандар пасха мерекесін тойлауға кіріскен күні – сәуірдің 19-ында – Алматыдағы зираттар арасында 8 жасар Әсел (Әйсел) Расулова жоғалып кетті. Туған-туыстарының арызы бойынша құқық органдары оны іздеуге кірісті.

Арада 8 күн өткенде сол қорымнан кішкене қыз баланың мәйіті табылғандығы туралы ақпарат тарады. Бірақ, оған жүргізіліп жатқан сараптама қортындысы шықпайынша, ол мәйітті нақты Әселдің денесі деп айтуға болмайды дейді полиция өкілдері.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Әселдің отбасы 2007 жылы Грузиядан Алматыға көшіп келген. Жыл сайын Әсел бауырларымен бірге пасха мерекесінде зират басына келіп, пасха мерекесі күні зират басына қойылған тағамдарды жинайды екен.

Жоғалған қыздың құрбысы Оксананың айтуынша, биылғы пасхада күндізгі сағат 11-де олар Рысқұлов пен Бродский көшелерінің қиылысындағы зиратқа келген. Екеуінің жанында 14 жасар жеткіншек пен екі бала болыпты. Сол күні зиратты кезуге шыққан балалар арада біршама уақыт өткенде Әселдің із-түзсіз жоқ болып кеткенін бір-ақ білген.

«Тұрмысы нашар отбасыдан шыққан балалар Алматы сияқты үлкен қалаларды жағалайды»

Он төрт жасар Еламан Сиқымбаевтың отбасы Алматы облысы Сарқанд қаласында тұрады. Ішімдікке салынған ата-анасының ұрыс-керістерінен жалыққан бала, жанына өзінің інісін ертіп, үйінен безіп Алматыға келгенін айтады.

Үлкен қалада Еламан күнделікті автокөлік жуып, содан түскен ақшаға інісі екеуі күн көріп жүр екен. «Күнделікті табатыным бауырым екеуімізге жетеді», дейді ол.

Мектеп оқушыларының көктемгі демалысы кезінде, Алматының білім беру департаменті мен заң орындары қала бойынша бірлесіп өткізген арнайы «Демалыс» шарасы кезінде кәмелетке толмаған 35 баламен бірге Еламан да інісі екеуі оқшаулау орталығына жеткізілді.

Мамандардың сөзіне қарағанда, орталыққа әкелінгендердің арасында төрт бала бұған дейін із-түзсіз жоғалып кеткендер санатында болыпты. Ал тағы он бес бала Қазақстанға жақын шетелдерден келген жеткіншектер екен.

«Тұрмысы нашар отбасынан шыққан немесе ата-анасы ішкілік пен нашақорлыққа салынып кеткен балалар Алматы сияқты үлкен қалаларды жағалайды», дейді мамандар.

Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығының мамандары Еламанның ата-анасы тұратын ауылдың әкімдігіне хат жолдаған. Егер ондағылар баланың әке-шешесі түзеледі, балаларын баға алады десе олар ауылына қайтарылмақ. Ал, мінездеме дұрыс болмаса Еламан мен інісі балалар үйіне өткізілмек.

Із-түзсіз жоғалып кеткен балалардың есебі жүргізілмейді

Бұл проблеманы білетін мамандар, қазіргі таңда Қазақстанда осы әлеуметтік күрделі мәселені шешудің тиімді жолы жоқ екендігін айтады. Қараусыз қалған жеткіншектерді анықтаған соң оларды жіберетін екі-ақ жер бар: балаларды не ата-анасына қайтарады немесе балалар үйіне жібереді.

Бүгінде Қазақстанның барлық қалаларында, соның ішінде Алматыда, тағдыры әлгіндей балалардың құқық бұзуы дағдылы жағдайға айналған. Жеткіншектер арасындағы қылмыстың алдын алу және қараусыз жүрген балаларды анықтау мақсатында арнайы шаралар екі айда бір жүргізілетінін айтады Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Айгүл Шөпшекбаева:

– Әдетте, қараусыз жүрген балалардың көп шоғырланатын жерлері белгілі: вокзалдар, базарлар, жертөлелер мен шатырлардың асты, оларды көбінесе сол жерден табамыз, – дейді маман.

Оның айтуынша, көшеде жүрген жерінен полицияның назарына ілінген жеткіншектер алдымен кәмелетке толмағандарды Алматыдағы уақытша оқшаулау және қайта бейімдеу орталығына жеткізіледі. Жыл сайын ол жерге шамамен 200 мыңдай бүлдіршін жіберілетін көрінеді.

Олардың арасында Қазақстанның әр аймағынан келген балалармен қатар, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келгендер де бар.

Қазақстандық мамандар келтірген бейресми деректер бойынша, жыл сайын елде 100 мың бала қараусыздық салдарынан кезбе-қаңғыбастыққа салынады екен. Алайда, бұл туралы ресми статистика жүргізілмейді.

«Қараусыз қалған жеткіншектердің проблемасы елдегі әлеуметтік проблемалармен тығыз байланысты. Қазіргі кезде отбасын асырау үшін нәпақа табумен жүрген ата-аналар көбінесе балаларының қайда, не істеп жүргендіктерінен хабарсыз. Ал қараусыз өзімен-өзі қалған бала әдетте жаман әрекетке бейім болады», - дейді Қазақстандағы адам құқы жөніндегі бюроның ақпараттық-білім орталығының басшысы Роза Ақылбекова.

Маманның пікірінше, балалардың құқын шектеу мен оларды қатаң қадағалау да тиімді нәтиже әкелмейді.

«Бұл мәселені жан-жақты шешу керек. Ондай балалар санын азайту үшін елдегі әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, тіпті қарапайым қала тұрғындары болсын, қараусыз жүрген балаларға бей-жәй қарамай, оның отбасына оралуына атсалысуы керек», - дейді Роза Ақылбекова.

Қазақстанда бала саны 5 миллионнан асса, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны 46 мыңнан асады. Бұл ресми деректер, ал бейресми деректер бойынша республикада тек қараусыз қалған жеткіншектер саны 100 мыңнан асып жығылады екен. Мамандар осы әлеуметтік проблеманы шешудің тиімді жүйесінің болмауы қараусыз балалардың көбеюіне апарып соғады дейді.

XS
SM
MD
LG