Accessibility links

Талдықорғандық студенттердің ата-аналары балалары Қытайда секс-индустрияға пайдаланылды деп күдіктенеді


Студенттер мен олардың ата-аналары облыстық полицияның алдында жиналып, Қытайдағы жанжалды әңгімені талқылауда. Талдықорған, 25 наурыз 2009 ж.
Студенттер мен олардың ата-аналары облыстық полицияның алдында жиналып, Қытайдағы жанжалды әңгімені талқылауда. Талдықорған, 25 наурыз 2009 ж.

Жергілікті полицейлер куәгер ретінде шақырған соң, талдықорғандық он екі студент Қытайдағы оқуларын жедел тоқтатып, елге қайтып келді. Оған секс-индустрияға пайдаланылуы мүмкін деген екі студенттің ата-анасының полицияға арыздануы себеп болды.

Бірақ, студенттердің көпшілігі бұны ойдан шығарылған әңгіме деп есептейді. Мәселен, Руслан Жақыпов ол жақта өздерінде барлығы жақсы болғандығын айтады:

– Гуанчжоу қаласындағы Дай Сю Ши университетінде оқыдық. Мен өзім қытай тілін игердім. Біреулер аспазға немесе дизайнер мамандығына оқыды. Оқытушылар қытайлықтар. Жақсы оқыдық. Барлығы жақсы болды, тұрғын жағдайымыз да жақсы болатын. Бізді оқудан басқа ештеңеге мәжбүрлеген жоқ.

Алматы облыстық ішкі істер департаментінде әзірге оқиғаға заңдық тұрғыдан баға беруге даяр емес. Бірақ, студенттерді ешкім ұрлаған жоқ, оларды ата-аналары өз еріктерімен Қытайға оқуға жіберген деген Алматы облыстық ІІД баспасөз-қызметінің жетекшісі Көбей Нұрахмет жағдайды Азаттыққа былайша сипаттап берді:

– Әзірге сұрау, анықтау жүруде. Мен тергеу деп айтпаймын. Бұл істің қатысушылары мен куәлері түгел сұралып бітпейінше, қылмыстық іс қозғалатындығы туралы ештеңе айта алмаймыз. Сұрау салу біткен соң, куәгерлер сөздерін қорытындылап барып процесуалдық шешім қабылданады.

Балаларды Қытайға апаруды ұйымдастырған талдықорғандық кәсіпкер әйел Сәуле Жақсыкелдинова өзінің атына айтылған барлық айыптауларды жала деп есептейді. Оның ойынша, жанжалдың шығуына «Время» газетіндегі «Аспан асты елінің тұтқындары» атты мақала түрткі болған.

Сәуле Жақсыкелдинова, кәсіпкер. Талдықорған, 25 наурыз 2009 ж.
Мақалада Қытайдың беделді оқу орындарында білім алудың орнына қыздарға Камасутраның әліппесін үйретіп, ал ер балаларды сексуалдық бағытын өзгертуге мәжбүрлеген делінген. Сәуле Жақсыкелдинова өзінің іскерлік беделін сақтап қалу үшін күресуге даяр:

– Бұның барлығы жала. Ол жақта оқып жатқан балалар да, олардың ата-аналары да қазір осында. Біз шақыртқан соң олардың барлығы келді. Міне олардың барлығы – ата-аналары мен балалары менің қасымда тұр. Балалар бұндай іспен айналыспағандығы жөнінде куәлік берді.

Бірақ, жастары он алтыдан асқан балаларға ол жақта біраз қиындықтан өтуге тура келген. Олар біраз уақыт Қытай түрмесіне де отырып шыққан. Қытай заңы бойынша, 700 доллар шамасында айыппұл төленбейінше, олар елден шыға алмайды. Көптеген ата-аналар бұл мәселені шешу үшін қаржылық қиындықтарға тап болған.

Қытайдағы Қазақстан елшілігіндегілер бұндай оқиға бірінші рет емес дейді. Қазақстандықтардың Қытайға оқу немесе жұмыс істеу үшін келіп, заңсыз жағдайда қалатын кездерін елшіліктегілер жиі болады деп айтады. Елшіліктегілер елдегі жұртқа шет мемлекеттерге оқуға немесе жұмысқа шақырған жарнамаларға барынша мұқият болуға кеңес береді.

Қазақстан мен Қытай арасында құқықтық мәселелер бойынша тікелей келісімдер жоқ болғандықтан, полицейлер сұрауларын Сыртқы істер министрлігі арқылы жіберіп, дипломаттардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Сол себепті барлық жағдайларды анықтауға біраз уақыт кетеді.
XS
SM
MD
LG