Алматы қаласының İшкі істер департаменті 29 жасар әйелдің жеңгетайлықпен айналысты, жасөспірімдерді жезөкшелікке тартты, сондай-ақ, жезөкшелер ұясын ашты деген күдікпен жауапқа тартылып, оның үстінен қылмыстық істің қозғалғандығы туралы ақпарат таратты. Алматы қалалық ІІД-нің хабарлауынша, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Баян есімді келіншектің екі бөлмелі пәтерінен жезөкшелікке тартылған 26 қыз табылыпты. Оның үшеуінің жасы әлі кәмелетке толмаған деді Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінің инспекторы Ақбота Әзірбекова сейсенбі күні Азаттық радиосына:
-26-сының барлығы да көршілес Өзбекстан республикасынан келген. Олар Алматы қаласындағы Тузов көшесіндегі екі пәтерде қоныстанған. Олардың Қазақстанға қалай келгені белгісіз, ешқайсысында құжаттар жоқ. Олар қазір аудандық ішкі істер басқармасында қамауда отыр.
Алматы ІІД-нің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері жеңгейтайлыққа байланысты 14 қылмыстық іс қозғалыпты. Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда жеңгетайлықпен айналысушы адамдардың көбеюімен қатар жезөкшелікпен айналысушы әйелдер саны да еселеніп өсе түсуде.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Сана-сезім» атты әйелдер құқықтық орталығының қызметкері Зульфия Усманованың айтуынша, мұндағы жезөкшелердің басым бөлігі Өзбекстаннан келеді:
- Көбісі бұл жерге өздерін не күтіп тұрғанын білместен ақша табу үшін келеді. Сондай-ақ, жоғары жалақылы жұмыс тауып беруді уәде еткен агенттіктер, таныстары арқылы келетіндері бар. Мұнда жеткізілген соң олар оңай жезөкшелер үйіне сатылып кетеді. Ал онан соң оларды жеңгетайлықпен айналысушы адамдар қолданады. Жақында ғана осындай жағдаймен жезөкшелер ұясында күштеп тұрғызылып жатқан 17 өзбек қызы анықталды. Әдетте, Черняевка шекарасындағы Жібек жолында трафиктік жағдайлар жиі болып тұрады.
Өзбекстандық саясаттанушы Ташбулат Юлдашев алдағы уақытта Өзбекстаннан Қазақстанға әлеуметтік мұқтаждық салдарынан келуші адамдар көбеюі мүмкін деп болжайды:
- Олар Өзбекстаннан тыс жерлерге күнкөріс қамымен баруға мәжбүр. Себебі, қазір Өзбекстанның экономикасы жақсы кезеңді басынан кешіріп отырған жоқ. Және де алдағы уақытта бұдан да кері кетуі мүмкін. Соның салдарынан өзге елдерге барушы адамдар саны артпақ.
Мамандардың айтуынша, Қазақстан әлі күнге дейін адам саудасының белсенді ордасы ретінде қалып отыр. Ал Қазақстан İшкі істер министрлігінің дерегінше, адам саудасына байланысты қылмыстың 80 пайызы жыныстық қанаушылықпен байланысты. Бұл аталған қылмыстың өсуі елдегі жұқпалы аурулардың, әсіресе, ВИЧ-инфекциясының таралуына әсері бар, дейді республикалық СПИД-орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Әбубәкірова:
- Шілде айында Қазақстанда ВИЧ-инфекциясын жұқтырушы адамдар саны 10601-ге жетсе, СПИД-пен ауыратын адамдар саны 703-ке жетті. Жалпы, ВИЧ-инфекциясының таралуына ең біріншіден, нашақорлық қауіп төндіретін болса, екіншіден, қоғамдағы жезөкшелік әсер етеді. Ең қауіптісі сол, екінші жағдайда ВИЧ-инфекциясы азаматтық қоғамға тарайды.
Маманның айтуы бойынша, қазіргі таңда науқас адамдардың 25-27 пайызы ВИЧ-инфекциясын жыныстық жолмен жұқтырған екен.