Accessibility links

Бас дәрігер бала сатпақшы болды деген күдікпен ұсталды. Атырауда әр баланың өз бағасы бар


Облыстық перхзентхана. Атырау, 13 қаңтар 2009 ж.
Облыстық перхзентхана. Атырау, 13 қаңтар 2009 ж.

ІІД қызметкерлері Атырау облыстық перзентханасының бас дәрігері, қалалық мәслихат депутаты Жәнібек Кушалиевті 26 жасар әйелге тастанды шарананы 240 000 теңгеге, яғни 2000 АҚШ долларына сатпақ болған жерінде қолға түсірдік деп мәлімдеді.

Қала халқын дүр еткізген бұл оқиға осы жылдың 8 қаңтарында облыстық перзентхана бас дәрігерінің жұмыс орнында болған көрінеді. Жергілікті баспасөзде жарияланған мәліметтерге сүйенсек, саудаға түскен ер бала 27 желтоқсанда ғана дүниеге келген.
Айтылған ақпаратты растаған Ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің бастығы Асқар Темірғалиев әзірше тергеу жүргізіліп жатқанын, сондықтан әлі ешнәрсе айта алмайтынын мәлімдеді.
Қазірде ұсталған депутат-дәрігердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 133- бабының 2- тармағына сәйкес «жасы толмағандар саудасымен» айналысты деген айып тағылып, іс прокуратураға берілген көрінеді. Осыған орай енді бас дәрігер ең кем дегенде 7 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылмақ деседі заң қызметкерлері.
Бала сатты деп күдіктелген бас дәрігердің жұмыс кабинетінің есігі тергеу аяқталғанға дейін мөрленіп, жабық тұр. Атырау, 13 қаңтар 2009 ж.
Перзентханаға бас сұққанымызда бас дәрігердің есігін Ішкі істер департаментінің мөрлеп кеткенін көрдік. Жәнібек Кушалиевтің өзімен хабарласа алмағандықтан оның адвокаты Нұрлан Жолболовпен сөйлескен едік. Ол соттың тексеру аяқталғанша дәрігерді әзірге қамауға алмау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Өзінің тергеушінің қаулысында көрсетілген мәліметтермен келіспейтіндігін білдірген адвокат былай деді:
- Жәнібек Кушалиев тұтқынға өз кабинетінде алынбаған және қолына ешқандай ақша алған жоқ. Дәрігердің қолына алғаны оған алғыс ретінде ұсынылған бір шоқ гүл ғана.
Адвокат Н.Жолболовтың айтуынша, Ж.Кушалиев баласы жоқ әйелге көмектеспек ниетпен, туған анасы бас тартқан баланы жетімдер үйіне тапсырғанша отбасына бермек болған. Сондықтан тексеру органдарына анықталмаған айыптары үшін әлі талай сұрақтарға жауап беруге тура келеді деп есептейді қорғаушысы.
Соның арасынша интернет арқылы жергілікті баспасөз бетіне шыққан облыстық перзентхананың бас дәрігері Жәнібек Кушалиев бұл әрекетті «өзінің кәсіби және депутаттық істеріне байланысты жасалған арандату» деп мәлімдеді.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының емдеу-сауықтыру жұмыстары бойынша орынбасары Гүлзейнеп Дюсуповаға телефон шалғанымызда, ол өзінің ешнәрсе білмейтінін айтып ақталды. Ал тастанды балалар жайлы перзентханадан біліп алуға кеңес берді.
Бас дәрігердің орынбасары Асқар Кенжеғалиев болса бұл мәселеге байланысты ешқандай ақпарат бермейтінін айтты. Перзентханадағы тастанды балалар саны жайлы сұрағанымызда оны да айтудан бас тартты:
- Жыл сайын 7-8 мың бала дүниеге келеді, басқа ешнәрсе айта алмаймын, - деді ол.
Жалпы Атыраудағы сәбилер саудасы жайына келсек, мұндай ел арасындағы алып-қашпа әңгіме бұрыннан бар. Сөйтсе де не баланы сатып алғандар, не дерек көзін білетіндер әңгіменің бетін ашпаған соң бұл мәселе «бәленше айтыпты» деген өсек-аяңның көлеңкесінде қалып келе жатыр еді. Дегенмен ресми емес ақпарат көздері перзентханадағы әр сәбидің өз бағасы бар дегенді айтады.
Мәселен, ер балалар – 480 000 - 600 000 теңге немесе 4-5 мың $ болса, қыз балалар сәл арзан - 240 000 - 360 000 теңге (2000-3000 $) тұратын көрінеді. Мұндай жағдай аудандық перзентаханаларда да орын алған. Бірақ ондағы баға әлде қайда төмен деседі білетіндер.
Материалды дайындау барысында облыстық перзентханада болғанымызда жолыққан таныс әйелдің әңгімесінен де осыны есіттік. Аты-жөнін жарияламауды өтінген ол осыдан үш ай бұрын ер баланы асырап алғанын айтты.
- Қазақстандық бала асырап алушылар үшін Қазақстанның «Отбасы және неке туралы» заңының бала асырап алушылар туралы бөлімі көп қиындықтар тудырады. Мәселен, мен осы заңға сүйенетін болсам, жарты жылдан астам уақыт, яғни тастанды бала жетім деп саналғанша алты ай күтуім тиіс болар еді. Ал менің бала асырап алғым келетінін білетін перзентханада жұмыс істейтін таныс медбике қыз телефон шалып, бір жас қыздың дені сау ұл баласынан бас тартып отырғанын әрі бұл бала тіркеуге алынбағандықтан, дереу алып кету қажеттігін хабарлады. Мұны ести салысымен жүгіріп жеткен жолдасым екеуміз айналасы 15 минуттың ішінде ұлды болып шыға келдік. Әрине, жеңгетай болған медбике қызды ренжіткен жоқпыз, - деді ол.
Сонымен, дәрігердің ісі қаралу үстінде. Оның немен аяқталатыны сот шешімі шыққанда белгілі болады.
XS
SM
MD
LG