Accessibility links

Бала сату көбейді


23 тамыз – халықаралық құл саудасы құрбандарын еске алу күні. Қазақстандық адам құқығын қорғаушылар елде бала сату, оларды жыныстық қызметке мәжбүрлеу күрт өскендігіне алаңдаушылық білдіруде.

Соңғы екі жылда адам саудасының құрбаны болған 53 адам Алматыдағы «Родник» әйелдер мен балаларды әлеуметтік-психологиялық жағынан сауықтыру орталығына көмек сұрап келген. Оның 12-сі - жастары кәмелетке толмаған балалар.
Қазір де адам сатушылардың қолына түсіп, жарым-жартылай аман шыққан 20 жасар жетім қыздың осы жерді паналап жатқандығын айтты «Родник» орталығының директоры Нина Балабаева. Оның сөзіне қарағанда, әлгі қызды құрбысымен бір таныстары жұмысқа орналастырамыз деген желеумен Қазақстанның солтүстік аймағынан Алматыға алып келіпті. Олармен ере келген жігіт «туысқанымыз» деп қыздарды бір үйге қалдырған. Ал «туысқаны» ертесінде бойжеткендердің әрқайсысын делдалдарға 25 мың теңгеден сатып жіберген.
Содан кейін оларды «жеңгетайлар» бір үйге қамап, күніне 1-5 адамға ақылы жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлегенін баяндады Нина Балабаева қыздың әңгімесіне сүйене отырып.
Адам құқығын қорғаушының айтуынша, қызды қорқытып-үркітіп ұстаған, зорлаған, арқасына ыстық су құйып, күйдірген.
- Бір күні түнгі сағат 3-те 20 жасар қыз өзі қамалып жатқан үйдің 5-ші қабатынан терезе арқылы қашып шықпақшы болғанда аяғы тайып, жерге құлап түскен. Көшеде қимылсыз жатқан қызды кездейсоқ адамдар көріп, жедел жәрдем шақырып, құтқарып қалды, - дейді ол.
Нина Балабаева: Қазақстан мен Орта Азияда кәмелетке толмағандарды сату күрт көбейді.
Бойжеткенге операция жасалып, ол бір жарым ай бойы ауруханада жатыпты. Кейін Қазақстандағы халықаралық адам құқығын қорғау бюросының араласуымен қыз осы орталыққа жеткізілген. Нина Балабаева алғаш орталыққа балдақпен келген қыздың қазір өз бетінше жүре бастағанын, бірақ әбден тағдыр тауқыметін тартқан қыздың бөтен адамдармен сөйлеспей, оқшау күй кешуде екендігін айтады:
- Мұндай оқиғалар Қазақстанда адам саудасы мәселесінің өзекті екендігін айғақтайды. Егер бұрын адамдарды сату үшін елден шығару көп болса, қазір елдің өз ішіндегі құлдық, көрші елдерден адамдарды осында әкеліп, сату белең алған», - дейді адам құқығын қорғаушы.
Соңғы төрт жылда Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігі 400-ге жуық адам саудасының құрбанына жәрдемдескен. Қазақстанда адам саудасы құрбандарының, соның ішінде балалар санының артуы алаңдатып отырғанын айтады Халықаралық көші-қон ұйымының үйлестірушісі Айна Шорманбаева:
- Қазақстанда, Орталық Азияда жасы кәмелетке толмағандарды сату күрт көбейді. Балаларды алдау, қорқыту, көндіру оңай емес пе?! Бізде 9-12 жаста жыныстық қызмет үшін сатылған балалар бар, - дейді халықаралық ұйым өкілі.
Әзірге балаларды қанау Қазақстанда ең бір зерттелмеген, жеткілікті назар салынбай келе жатқан сала екендігін Дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі, Әділет министрлігі жанындағы адам саудасы жөніндегі комитет мүшесі Зульфия Байсакова да айтып отыр. Ол мысал ретінде былтырғы жылы Алматы облысында жастары кәмелетке толмаған 7 қыз баланың сатылып, жезөкшелікке жегілгендігін тілге тиек етті.
- 2001 жылы Қазақстан елде адам саудасы бар екендігін мойындады. Содан кейін заңға өзгерістер енгізіп, дағдарыс орталықтарын құра бастады. Бірақ, қазір қылмыстық топтардың адам тасу, сату тәсілдері өзгеріп, әккілене бастаған. Ал Қазақстан болса, сол ескі деңгейде қалып қойды, - дейді Байсакова.
Оның айтуынша, құрбандарды уақытша паналататын баспана мәселесі де әлі шешілмеген. Қазақстандағы көші-қон саясаты сырттан елге тек жұмыс іздеп келеді деген бағытты ұстанып, бір жақты сипат алған.
- Қазақстан елдің өз ішіндегі адам саудасына назар салмайды. Адам саудасының, оның ішінде балалар саудасының бетін алу ойластырылмаған. Бізде мүлде ондай мәселе жоқ сияқты! - дейді Зульфия Байсакова.
Дегенмен, Алматы ішкі істер басқармасының мәліметтеріне қарағанда, соңғы жылдары адам саудасына қатысты қылмыстық істер көбірек ашыла бастаған. Мысалы, биылғы жылы Алматы қаласында адам саудасына қатысты жасалған 9 қылмыстың 7-і ашылып, оның 4-і сотқа жіберілген.
Алайда, адам саудасымен күресу, соның ішінде қылмыстық фактілерді ашудың күрделі екендігін алға тартады қалалық ішкі істер басқармасының аға инспекторы Арман Жусанбай:
- Кейін пайда болған бұл қылмыс түрімен күресуге қоғам әлі дайын емес сияқты. Екінші жағынан, біз де ескі тәсілмен күресеміз, оларды ұстаймыз, жәбірленушінің арызын аламыз. Соншама қағазбастылық пен уақыт алушылық салдарынан кейде жәбірленушінің өзі жалығып, арызын қайтарып алады. Бұл жерде заңда кемшіліктер бар сияқты. Адам саудасы орын алатын Колумбия, Латын Америкасы, Үндістандағы оқиғаларды саралап, тәжірибесін пайдаланып, заңға қайшы әрекеттерді тоқтату керек.
Адам саудасы - әлемде есірткі, қару-жарақ сатудан кейінгі кең тараған қылмыстық бизнес түрі.
XS
SM
MD
LG