Accessibility links

Шетелдік кәсіпорындар жұмысшылардың талабын орындай бастады, бірақ оларға орыс тілінде тест өткізіледі


Agіp KCO консорциумының мердігері Bonatti S.p.A компаниясының кеңсесі. Атырау, ақпан, 2009 ж.
Agіp KCO консорциумының мердігері Bonatti S.p.A компаниясының кеңсесі. Атырау, ақпан, 2009 ж.

Наурыздың 16-сынан бастап Қарабатандағы мұнай тазалау зауытының құрылысын салып жатқан Agіp KCO компаниясының 12 мердігерлік кәсіпорны вахталық тәсілге көшпек. Бұған желтоқсан-қаңтар айларындағы жұмысшылар ереуілі себеп болды.

– Вахта проблемасы шешілді, – деп мәлімдеді жұмыс орындарын және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Асқар Керімов Азаттық тілшісіне, – қазір Agіp KCO-ның 12 мердігерлік компаниялары 2500 адамды жұмысқа алуға дайын отыр. Бұл үшін Agіp-тен қосымша ақша бөлінді.

Өткен жылдың желтоқсан айынан бері Agіp-тің мердігерлері Bonatti S.p.A, SICHIM Company, IGS Sichim, ССС компанияларының екі мыңға тарта жұмысшылары наразылық ереуіліне шығып, жұмыс жағдайын жақсартуды, жалақыны көбейтуді және, ең бастысы, вахталық әдісті енгізуді талап еткен болатын. Олар егер өздерінің талаптары орындалмаса, 2006 жылғы "Теңізшевройл" компаниясындағы қанды көтерілісті қайталайтындықтарын айтып ескерту жасаған еді.

Болуы мүмкін әлеуметтік жарылыстан сескенген облыстық әкімшіліктің Agіp-пен ұзақ тартысынан кейін енді бұл мәселе шешімін тапқан сыңайлы.

– Алдымен вахталық тәсілге Bonatti S.p.A, ССС және Puni Lloyd компаниялары көшетін болды, – деп түсіндірді А.Керімов.

Ал вахта 28 күн болып белгіленіпті, содан соң жұмысшылар 14 күн демалатын болады.

Жұмыссыздар ереуілінің басты талабы болған жалақы көлемі де анықталды. А.Керімовтың айтуынша, ең төменгі жалақы енді 90 мың теңгеден (600 доллар) кем болмайтын көрінеді. Бірақ, бұл әзірге тек Bonatti компаниясында ғана шешілген проблема деген шенеунік, басқа компаниялармен өзара келісімшарттың әзірленіп жатқанын айтты.

«Осы келісімге сәйкес, барлық мердігерлік компаниялардағы ең төменгі жалақы мөлшері 90 мың теңгеге теңестірлетін болады», – деді ол.

Алайда Bonatti жұмысшылары мұны тек 50 пайыздық үстеме деп бағалап отыр. Олардың ойынша, дағдарыстағы қиындықтар мен инфляция деңгейі бұл жерде тағы есепке алынбаған.

Бұған дейін жергілікті Атырау облысы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті Bonatti және ССС компаниялары жұмысын ҚР Еңбек кодексін сақтамағаны үшін ақпанның 28-і мен наурыздың 3-і аралығында жұмыстарын тоқтатқан болатын.

Оған желтоқсандағы жұмысшылар наразылығы нәтижесінде жүргізілген зерттеулер олардың ай сайынғы істелуге тиісті 56 жұмыс сағатының орнына 68 сағат атқарғанын көрсеткені себеп болған. Тек 3-ші наурыз күні, екі компания басшылары артық жасалған жұмыс сағаттарының ҚР Еңбек заңына сәйкестендірілгенін нақтылайтын құжаттарын тапсырғаннан кейін барып, жұмыстарын қайта жалғастырған еді.

Қазірде Bonatti компаниясында – 530, ал ССС-де – 1100 қазақстандық еңбек етеді.

Асқар Керімовтың айтуынша, вахталық әдіс жаңа 7 мың жұмыс орынын ашуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс үш кезеңге бөлініп жүргізіледі және осы жылдың бірінші жарты жылдығында түгелдей аяқталып бітеді.

Осыған байланысты қаңтар айынан бері қайта-қайта жұмыссыздар жәрмеңкесі өткізіліп, вахта ауысымына кететіндерді алмастыратын жұмысшылар қабылдануда.

Жақында жергілікті билік «Болашақ» зауыты салынып жатқан Қарабатанның басында облыстың барлық аудандарынан келген жұмысшыларды жұмысқа қабылдау өткізді. Жалпы, Атырау облысы бойынша Мақат, Құрманғазы аудандарындағы жұмыссыздық деңгейі облыс бойынша алғанда өте жоғары, яғни 7 пайызды құрайды. Бұл аудандардағы отандық және маңайдағы шетелдік мұнай компанияларына олардың жұмысқа орналасуы екіталай.

Дегенмен, Agіp мердігерлері Bonatti мен Іскер компаниялары аудандардан ағылған жұмыссыздар арасынан 200 адамды іріктеп алды. Олардың басым көпшілігі бұл күнде аса зәру болып отырған бетоншы, арматурашы, дәнекерлеуші, изоляция жасаушылар, құбыр құрастырушылары болып отыр.

Алайда, жұмыс табудан үмітті болып келгендердің сөзіне сүйенсек, кейбір компаниялар талапты тым күшейтіп жіберген. Мәселен, Bonatti компаниясы әртүрлі саладағы жұмысшыларға дейін жазбаша тестілеуден өткізіпті.

– Темірді отта пісірудің жолдарын теориялық жағынан баяндау қаншалықты маңызды екенін білмедім әрі олар тестілеуді шылғи орысша жүргізді, кейбір сұрақтары маған түсініксіз болды. Сол себепті өзімді тәжірибелі дәнекерлеушімін деп санасам да, тестен өтпей қалуым мүмкін, – деп ренжіді осы іріктеуге қатысқандардың бірі.

Асқар Керімовтың сөзіне сүйенсек, Agіp осы мақсатта арнайы қаражат бөлгеннен кейін енді мердігерлер ол талапты орындауға міндетті.
XS
SM
MD
LG