Accessibility links

Көпшілік қарсы болған химиялық кешен құрылысы басталып кетті


Хош исті көмірсутек кешенінің алғашқы тасын қою рәсімі. Атырау, 4 қыркүйек 2010 жыл.
Хош исті көмірсутек кешенінің алғашқы тасын қою рәсімі. Атырау, 4 қыркүйек 2010 жыл.

Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысының «алғашқы тасы» қаланды. Құны 1 миллиард доллардан астам жоба құрылысын Қытайдың «Sinopec Engineering» компаниясы салмақшы. Жергілікті тұрғындар осы зауытты қала аумағында салуға қарсы болған-ды.


«ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА БЕНЗИН ШЫҒАРАТЫН БОЛАМЫЗ»

Көпшіліктің қарсылығына қарамастан, Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) негізінде салынатын хош исті көмірсутектер кешенінің символикалық іргетасы қаланды. Енді нағыз құрылыс жұмысы да басталатын күн алыс еместігін айтқан АМӨЗ зауытының директоры Талғат Байтазиев «жоба хош иісті көмірсутектерді ғана емес, экологиялық таза бензиндер шығаруды да қамтамасыз ететіндігін» хабарлады.

- Хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысы жобасы бойынша қазіргі кезде барлық әзірлік жұмыстар аяқталған. Халықтың автомобильдерден шығатын пайдаланылған газ буымен бірге жұтып жүрген концерогенді заттары мұнай химиясының шикізаты ретінде бөлек алынады. Кешен жұмысын бастағанда жылына 133 мың тоннаға дейін бензол мен 496 мың тоннаға дейін параксилол алуға мүмкіндік береді, - дейді зауыт директоры.

Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мұнай өңдеу және маркетинг жөніндегі басқарма директоры Данияр Тиесовтың айтуынша, өндірілген параксилол республика территориясында сатылмайды. Оны темір жолдар арқылы Қытайға тасымалдау жағы қарастырылып қойылған.

Бұған қоса болашақ химиялық кешеннің экологиялық жағдайы жайлы баяндаған Данияр Тиесов аса қауіпті мұнай өнімдерінің қордаланып жиналмайтына да сенімді.

- Параксилол мен бензол жыл соңына дейін үлкен көлемде жиналып қалады деп қауіптенудің қажеті жоқ. Егер алынған өнімді 12 айға бөлсек 40 мың тоннадан келеді екен. Егер олардың арнаулы сиымдылықтарда герметикалық күйде сақталатынын ескерсек мазасызданатындай дәнеңе жоқ.. Параксилолды темір жол арқылы тасып жүрген біз алғашқы немесе соңғы компания емеспіз, - деді ол журналистермен болған бас қосуда.

Сонымен қатар Данияр Тиесов алынған бензол өнімінің ары қарай Атырау мұнай өңдеу зауытындағы газ химиялық кешенде өңделетінін де түсіндірді.

- Ай сайын 5-тен 10 мың тоннаға дейін бензол алмақпыз. Ертең газ химиялық кешен өз өндірісін іске қосқанда бұл өнімді сату қиындық тудырмайды, оны ішкі өндірісте қолданатын боламыз. Жалпы абсолютті цифрларға қадалудың қажеті жоқ, егер оны 12 айға , ары қарай 360 күнге бөлсеңіздер қалыпты штаттық жағдайды көресіздер, - деп жұбатты журналистерді Данияр Тиесов.

Қазір қытайлықтар модернизациялауды бастаудың дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған «Қазақстан даму банкі» акционерлік қоғамы «Атырау мұнай өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен арадағы биыл шілденің 30-ында қол қойылған келісімге сай 1 миллиард 63 миллион АҚШ доллары шамасындағы несие бөліп отыр. 13 жылға берілген бұл несиенің 85 пайызын қытайлық Эксимбанк ұсынса, 15 пайызы - Қазақстан Ұлттық қорының қаржысы.


«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» 30 ІРІ МҰНАЙ КОМПАНИЯЛАРЫ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛАДЫ»

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин зауыт басшылығы «Axens» компаниясының үздік технологиясы қоршаған ортаға зиян келтірмей бензол мен параксилол өндіруге болады деп сендіргенін көлденең тартты.

- Лас тастандылар рұқсат етілген шаманың 30 пайызынан аспайды. Бұл жақсы көрсеткіш, - деп түйіндеді хош исті көмірсутегі кешені
Солдан оңға: «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма директоры Данияр Тиесов, ұлттық компания президенті Қайыргелді Қабылдин және Атырау мұнай өңдеу зауыты ЖШС директоры Талғат Байтазиев. Атырау, 4 қыркүйек 2010 жыл.
жайлы ойын Қайыргелді Қабылдин.

Оның айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы директорлар кеңесі 2015 жылы дүние жүзіндегі ең ірі 30 мұнай компанияларының санына қосылу деген алдарына ауқымды міндет қойып отыр. Оған қол жеткізу үшін қазір қорларды арттыру жұмыстарын жүргізіліп жатыр деді ұлттық компания басшысы.

- Бүгінде «ҚазМұнайГаздың» қоры 800 миллион тонна мұнай болса, біз оны екі еселеп 1 миллард 600 миллион тоннаға дейін, ал жылдық мұнай өндіру көлемін 17 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз, - деді Қайыргелді Қабылдин.

Оның сөзінше, биыл «Түркменістан-Өзбекстан-Қазақстан» газ тасымалдау құбырының екінші кезеңі іске қосылмақ.

- Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздігімізді әрі оңтүстік аймақты газбен үздіксіз қамтамасыз етуге қол жеткізеді, - дейді Қайыргелді Қабылдин.

- Кедендік одаққа енудің «ҚазМұнайГаз» бен бензин бағасына тигізетін әсері қандай болмақ?

- Кедендік одақтың «ҚазМұнайГазға» тигізер әсері жайлы біреңе деуге ертерек. Қазірдің өзінде Қазақстандағы бензин бағасы Ресейге қарағанда төмен. Бұл бір жағынан ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекелестігін ұстап қалу мақсатында жасалған әрекет. Ресей жағында баға әлі тұрақтала қоймағанмен, Путин мырза соңғы кезде Ресейдегі бензин бағасының өте қымбат екенін айтып, оны арзандатуды ұсынып жүр. Бұл алдымен Ресейдегі бағаның рыноктағы мұнай бағасына тәуелдігінен де болып отыр, - деді «ҚазМұнайГаз» президенті.


ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР ТАЛАБЫ ЕСКЕРІЛМЕДІ

Былтыр желтоқсанда Атырау қаласы аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауыты негізінде хош иісті көмірсутектер кешенін салу жөніндегі жоба бірден қоғамдық бірлестіктер қарсылығына ұшыраған еді.

Бір топ қоғамдық ұйым белсенділері хош иісті көмірсутекер аймақ экологиясына орыны толмас шығын әкеледі деп наразылық танытқан
«Арлан» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Макс Боқаев хош иісті көмірсутегі кешені құрылысын қала ішінде салуға қарсы шарада тұр. Атырау, 10 сәуір 2010 жыл.
болатын.

Қала жұртшылығы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясынан кешен құрылысын облыс орталығынан аулаққа, 40 шақырым қашықтықтағы Қарабатан ауылында салынып жатқан Agip KСO компаниясының мұнай мен газ өңдеу зауыты қасына салуды ұсынған-ды. Тіпті мыңдаған атыраулықтар ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына наразылық хаттарын да жолдаған еді.

«Арлан» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Макс Боқаев бұған дейін хош иісті көмірсутегі құрылысын қала ішінде салмау жөніндегі қала тұрғындары мен үкіметтік емес ұйымдардың талабын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы менсінбеді деп санайды.

– Бұл хатқа Назарбаевтың әкімшілігінен келген хабарда «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГазға» жіберілгені айтылған еді. Алайда бұл компаниялардан «хош иісті көмірсутектер өндірісінен атыраулықтар денсаулығына зиян келмейді, біз заманауи технологияларды пайдаланып отырмыз» деген жауап алдық, – дейді Макс Боқаев.

Бұдан бөлек ол биыл 18 мамырда Атырауға сапармен келген Қазақстан Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевқа кешен құрылысына сараптама жасауға өтініш білдіргендерін айтады.

– Министр Сауат Мыңбаев бір хатында «тәуелсіз сараптама жасауға мүмкіндік берілсін» деп жазса, іле-шала оның орынбасары «сараптама бұрын жасалғандықтан, қайта сараптаудың қажеті жоқ» деп жазған екен. Министрдің қай жауабы дұрыс екенін ойланып жүргенде, міне, құрылыс та басталды. Енді оның қауіпсіздігін тілеуден басқа амал қалған жоқ, – дейді Макс Боқаев.

Ал «Каспий табиғаты» қоғамдық ұйымының жетекшісі Махамбет Хәкімов жаңа зауыттар мен цехтар құрылысына қарсы емес, бірақ қала ішінде салынбауы керек дейді.

– Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай өнімдерінің қауіпсіздігін алға тартады. Алайда қауіптісі өнім емес, оны өндіру процесі. Егер алда-жалда апат бола қалса, зауыттың күлі көкке ұшады. Ал зауыт – созылмалы резеңке емес қой, оның үстіне ондағы құралдардың бәрі әлдеқайда ескірген, – деді Махамбет Хәкімов.

Ол кезінде Атырау мұнай өңдеу зауыты бір топ қоғамдық ұйым өкілдерін хош иісті көмірсутектер шығаратын қытайлық зауыттардың жұмысымен таныстыру мақсатында Қытайға да апарғанын айтады.

– Бірақ Қытайдағы ескі зауыттар баяғыда темір-терсек үйіндісіне айналған. Өйткені оларға мұндай үнемдеу қажет емес. Біздің қомақты қаржы бөліп зауытты қаладан тыс жерге салсын деген талабымызды елеген ешкім болмады, – дейді эколог.
XS
SM
MD
LG