Accessibility links

ТШО зауытындағы апаттан соң жұмысшы қайтыс болды. Компаниядағылар оны ауаға тараған күкіртпен байланыстырмайды


«Теңізшевройл» зауытындағы күкірт сутегін өртейтін алау қондырғылары. Атырау облысы
«Теңізшевройл» зауытындағы күкірт сутегін өртейтін алау қондырғылары. Атырау облысы

Атырау облысы Жылыой ауданындағы Теңіз кеншінде болған апаттан соң жұмысшы қайтыс болды. «Теңізшевройл» компаниясындағылар марқұмның апатқа дейін дертке шалдыққанын айтады. Экологтар бұған қоршаған ортаның ластануы себеп деген пікірде.

ЭЛЕКТР ҚУАТЫНЫҢ ҮЗІЛУІНЕН ТЕҢІЗ ЗАУЫТЫ ҮШ РЕТ ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТТЫ

Азаттық тілшісіне куәгерлердің баяндауынша, маусымның 6-сы күні таңертеңгі 9 сағат 40 минут шамасында Теңіз зауытындағы нысандар апатты жағдайда электр қуатынан ажырап қалған. Соның салдарынан 5-ші тармақ пен кешенді-технологиялық желідегі газөңдеуші жекелеген қондырғылардың, сондай-ақ, шикі газ айдаушы нысандардың жұмысы тоқтаған.

Мамандардың айтуынша, электр қуатынан ажыраған мұндай жағдайда автоматты түрде зауыттың алауына ағылатын күкіртті сутек толық жанып үлгермейтіндіктен атмосфераға тарайды.

Куәгерлердің айтуынша, қауіпсіздік мақсатында бүкіл зауыт бойынша дабыл қағылып, зауыттың аумағында болған жұмысшылар құрамы жедел әкетілген. Қазақстанның мұнай өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорынның жұмысы, электр қуатының проблемасынан, өткен демалыс күндері үш мәрте тоқтатылды дейді куәгерлер.

«Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының баспасөз қызметі кешенді-технологиялық желідегі тоқ ақауынан жұмыс тоқтап қалған кезде жұмысшылар мен қондырғыларға қатысты осындай жағдайдағы ережеге сай шаралар атқарылғанын, көп ұзамай жұмыс ырғағы қайта қалпына келтіріліп, тоқ түйісуінің себептері анықтап-зерттеліп жатқандығын хабарлады.

Әйткенмен, жергілікті экологтар басқаша пікір айтады. Олар кәсіпорынды әкімшілік жауапқа тартпақ ниетте. Маусымның 6-сы мен 7-сі күндері зауыт жұмысының 3 рет тоқтауына электр қуатының үзілуі себеп болған деді Жайық-Каспий экология департаментінің инспекциясындағылар Азаттық тілшісіне.

Мысалы, маусымның 6-сында 9 сағат 41 минутта тоқ кернеуінің кемуінен Екінші Буын Зауытындағы және кешенді-технологиялық желідегі КТЛ 1, КТЛ 2, КТЛ 3 компрессорлар тоқтаған. Жексенбі күні 15 сағат 34 минутта РП-3.1 подстанциясындағы кернеудің төмендеуінен КТЛ 2 және КТЛ 3 компрессорларындағы қондырғылар тұрып қалған. Сол күні кешке, 22 сағат 24 минутта РП-3.2 подстанциясының ажырап қалуы салдарынан басқару пульті жұмыс істемей қалғандықтан, осындай жжағдайға арналған бағдарламаға сәйкес, бесінші тармақтағы У-200, 300, 700 қондырғыларындағы клапандар ашылып, содан кейін шикі және қышқыл газ Теңіз газөңдеуші зауытының алауына жанған.

Барлық жағдайда да технологиялық процестер қалпына келтірілген. Зардап шеккендердің жоқ екендігі хабарланып отыр.

Жайық-Каспий экология департаменті инспекциясының бастығы Құралай Шанкиева барлық үш жағдайда да ТШО компаниясы технологиялық процестің қай уақыттан бастап тоқтатылатыны туралы хабарлағанымен, оның қайтадан іске қосылғандығы туралы хабардар етпеген.

– Әдетте олар іске қосатын уақытты үнемі көрсетіп отыратын, ал бұл жолы, неліктен екені белгісіз, олай жасамады. Қазір біз хаттама толтыруға және содан кейін ТШО кәсіпорнын әкімшілік жауапқа тартуға қажетті қосымша ақпараттар сұрап ресми сауал жолдамақпыз, – деді осы жағдайға қатысты журналистерге түсініктеме берген Құралай Шанкиева.

«Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бөліміндегілер дәл уақыты мен күнін айтпастан, тек сенбі күні бір оқиға болған деген қысқа жауаппен шектелді. Және ауаға газ тараған жоқ деп мәлімдеп отыр.


«ТЕҢІЗДЕ ҚАРАПАЙЫМ ЖҰМЫШЫЛАР КӨЗ ЖҰМУДА»

Әйткенмен, куәгерлердің айтуныша, маусымның 6-сы күнгі Теңіздегі болған апаттан соң «Теңізшевройл» компаниясының бір жұмысшысы өзін жайсыз сезінген. Ол туралы Азаттық тілшісіне әңгімелеген «Теңізшевройлда» жұмыс істейтін тағы бір адам, әлгі жұмысшы асханадағы кешкі ауқат кезінде кенеттен ауырып, келесі күні қайтыс болғанын айтып берді.

– Ол есінен танып қалды, содан кейін оны Құлсарыдағы [Теңіз кеніші орналасқан Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы] аудандық ауруханаға алып кетті, – деді өз аты-жөнін атағысы келмеген оқиға куәгері.

«Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметінде өздеріне қарасты «ЮРСС» мердігерлік компаниясында 52 жастағы бір жұмысшының қайтыс болғанын растады, бірақ оның аты-жөнін айтпады. «Теңізшевройл» компаниясының үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің үйлестірушісі Светлана Қайырғалиева журналистерге берген түсініктемесінде, зауыттың жұмысы тоқтаған күні ауаға газдың тарағаны және жұмысшының қайтыс болуы – бұл екі оқиға бір-бірімен мүлдем байланысты емес деді.

– Зауыт маусымның 6-сы күні тоқтады, ал жұмысшы одан бір күн бұрын, маусымның 5-інде түскі ас кезінде өзін жайсыз сезінген. Қан қысымы көтеріліп кеткен оны аудандық ауруханаға жеткізген. Сонда маусымның 7-сінде ол адам қайтыс болған, – деді Светлана Қайырғалиева.

Бірақ, жұмысшының қайтыс болған уақытына қатысты Азаттық радиосы тілшісінің қолындағы ақпарат «Теңізшевройл» компаниясының ресми хабарынан өзгеше болып отыр.

Жылыой аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Клара Тағамбаеваның Азаттық тілшісіне көрсеткен науқастың дерті жөніндегі дәрігерлік қағазда, жұмысшының ауруханаға апат болған күні ес-түссіз жеткізілгені жазылған.

–Қан қысымының күрт көтерілуі салдарынан инсультқа шалдыққан науқас бізге маусымның 6-сы күні 23 сағат 40 минутта түсті. Келесі күні 14 сағат 40 минутта ол қайтыс болды. Марқұмның денесін патологоанатомиялық зерттеуден өткізген кезде оның қан қысымының көтерілуінен ми тамырларының жарылып кеткендігі анықталды, – деді Клара Тағамбаева Азаттық тілшісіне.

Дәрігерлердің айтуынша, марқұм болған жұмысшының қан қысымы бұрыннан құбылмалы болыпты.

«Ол өзі тұратын Махамбеттегі ауруханада дәрігерлік есепте тұрған», – дейді ауруханадағылар.

Сонымен бірге, дәрігерлер марқұмның ажалына зауыт тоқтаған кезде ауаға тараған улы заттардың қатысы болмауы да мүмкін деген болжам айтады.

Дегенмен де, Теңіз кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясы мен оның мердігерлік ұйымдарында жұмыс істейтіндердің кенеттен қайтыс болғаны жайында суыт хабарды жұртшылықтың естіп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Адамдар әдетте жұмыста, көбінесе ұйқыда жатқанда немесе вахталық жұмыстан оралған соң үйінде қайтыс болып жатады. Атырауда ондай оқиғаларды «вахташының ажалы» деп те атайды.

Мұндай деректерді жұртқа жаюды жөн көрмейтін «Теңізшевройл» компаниясының әкімшілігі оларды қоғамнан жасырып қалуға тырсады. Экологтар әлгіндей оқиғаларды аймақтағы тым мүшкіл экологиялық жағдаймен және «Теңізшевройл» зауыттарынан ауық-ауық ауаға бөлінетін күкірт сутектің салдарымен тікелей байланыстырады.
XS
SM
MD
LG